Көп болса, көңіл тыныш көйлек-моншақ,
Сен қайдан еске түстің, бойжеткен шақ?
Ауылдың аңғал мінез, аппақ қызын,
Отырмын өзім – жерде, ой – көкте, аңсап.
Сол бір шақ – көңіліме көрік еді,
Еске алсам, естеліктер төгіледі.
Кеш түссе, аула жаққа алаңдаймыз,
Қызы бар үйдің иті көп үреді…
Аяз да бөгет емес онда үскірік,
Ұрланып шықсаң үйден, сол – күштілік.
Жеңгеге жаутаң-жаутаң қарайлаймыз,
Желіксе, Жел де ысқырып, Ол да ысқырып.
Қазіргі кездің осы киносы не?
Біз онда сұранамыз би кешіне.
Қоймайды жастық кезең жыламасқа,
Қоймайды бойжеткен шақ сүймесіңе…
Біз онда талай ғашық хаттарды алдық,
Хат күтіп, тұрды жігіт қақпамды аңдып.
Ең мөлдір сезімі үшін ғаламдағы,
Отырмын қазір сол бір шақты арман ғып.
Ай аунап, аңғал сәттер алшақ қалды,
Есімде біз билеген ән сақталды.
Адамның бар өмірі, одан кейін
Өтеуді-ау, сағынумен сол шақтарды.
Сол бір шақ – көңіліме көрік еді,
Кеш батса, кәрі төбет көп үреді…
«Сағындым – деді сіңлім – жастық шақты»
Сағыныш жайында Ол не біледі?..
Жадыра Байбұланова