Home Қоғам Енді тату-тәтті отбаслылар көбейе түседі…

Енді тату-тәтті отбаслылар көбейе түседі…

123

Өйткені, 2025-жылдың сәуір айынан қарашасына дейін тынбай ақпараттандыру жұмысымен айналысқан, тұрақты медиа платформа құрған “Татулық.KZ” әлеуметтік жобасының атқарған қыруар жұмысын айтпаса болмайды.

Соңғы жылдары Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қызу талқыланып келеді. Мәселені шешудің алғашқы қадамы-оның бар екенін мойындау және оның ауқымын түсіну.

Отбасындағы жанжалдың кесірінен ана мен бала өміріне қауіп төнген жағдайлар жиі кездесуде. Бұл жөнінде ақпарат құралдарынан естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан да бұл мәселеге қоғам алаңдаулы. Әлеуметтік желіні ашсақ, отбасындағы ұрыс-керістің кесірінен жағымсыз жайтқа тап болғандар көбейіп кетті. Отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Осыған орай,   әйелдер мен балалардың тұрмыстағы зорлық-зомбылығына қарсы елімізде нақты шаралар қолға алына бастады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында халықты барынша ақпараттандырып, кең ауқымды жұмыс жасаған “СЕРПІН” әлеуметтік даму ұлттық қоры құрған “Татулық” жобасының жұмысымен танысып қайттық.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің гранты және Қоғамдық саясат және ақпараттандыру орталығының (ҚҚБО) қолдауының арқасында Tatulyq.KZ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тұрақты медиа платформа құрып, зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік тақырыбына миллондаған аудиторияны тарта алды.

Жоба сарапшыларды, журналистерді, блогерлерді және мемлекеттік қызметкерлерді біріктіріп, ашық қоғамдық диалогқа ықпал етті. Ақпараттық және білім беру ресурстары ретінде бейнематериалдар, подкасттар, оқу форматтары, аналитикалық басылымдар жасалып, пайдаланылды.

Бірінші жылы грант аясында сайт, әлеуметтік желілер арқылы 5 326 113 млн астам пайдаланушы және серіктестік платформалар қамтылған.  Жоба аясында 15 бақытты отбасы тарихы жарияланған. Студенттер мен жастарға арналған 4 офлайн-тренинг (Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда) өткізілді. “Қауіпсіздік өзіңнен басталады” деген үш вебинар ұйымдастырылған.

Сондай-ақ,  «Әлемді өзгертетін әйелдер» тақырыбында 7 подкаст түсірілген. Жас отбасыларға арналған «Тату отбасым» онлайн-мектебінің 7 шығарылымы, «Ер болу жауапкершілік» жобасы аясындағы 4 сұхбат жарияланған. ҚР ІІМ-мен бірлесе отырып, 2 әлеуметтік ролик дайындалды және т.б. ауқымды шаралар жүзге асырылған.

Профилактикалық науқандар мен білім беру бағдарламалары қоғамның назарын осы мәселеге аударуда және қол жетімді қолдау ресурстары туралы ақпарат беруде шешуші рөл атқарады.

Тұрмыстық зорлық – зомбылықтың алдын алу-бұл бүкіл қоғамның күш-жігерін қажет ететін көп қырлы процесс. Бұл жәбірленушілерге көмек көрсету ғана емес, сонымен бірге оның дамуының алғашқы кезеңдерінде зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жағдай жасау. Мемлекеттің, қоғамның және жеке азаматтардың бірлескен күш-жігері ғана барлығына қауіпсіз және әділ орта құра алады.

“Татулық.KZ” әлеуметтік жобасына сәттілік тілеп, олардың бастамасы қоғамға өте қажет екенін айтқымыз келеді. Алдағы уақытта, жанжал, ұрыс-керіс, зомбылықты көп насихаттамау үшін, керісінше бақытты жанұялардың тарихын мен қызықты оқиғаларын көбірек көрсетсе деген ұсынысымыз бар.

 

Назиа БЕСПАЕВА

Алдыңғы жазба«Ақша үшін әнші атанбадым»
Келесі жазбаПрезидент мемлекеттік органдардың «жол карталарына» наразылығын білдірді