Home Саясат Бұл сапар өзге сапарлардан өзгерек!

Бұл сапар өзге сапарлардан өзгерек!

72

Қазақстан президенті Қасым – Жомарт  Тоқаевтың АҚШ –қа  сапары  бұрынғы  сапарлардан  өзгерек  болды. Үлкен келісімдерге  қол жеткізілді. Екі ел арасындағы  жаңа  бір  кезеңдерге жол  ашылды.  Нақтылайтын  болсақ, Тоқаев Ақ  үйдің  шақыруымен «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне арнайы   барған  еді. Рас,  соңғы  жылдары  Орталық  Азия елдерімен өркениетті алпауыт мемлекеттер екі  жақты кездесуді жиі  ұйымдастыра  бастаған.  Оған  себеп,  аймақта  жатқан  елдердің Шығыспен  Батысты,  Солтүстік  пен  Оңтүстікті  жалғайтын дәліздік орны  һәм  өте ірі кен  көздерінің  мекені, 80 миллионнан  астам  адам  ресурысы бар өңір екендігі кімді  де  болса  қызықтырса керек. Әлбетте,  бұл,  бір  ел  үшін  саяси,  ендігі  бір ел  үшін  экономикалық тұрғыдан байланыс  орнатуға керек  аймақ. Ал, АҚШ-тың  Орталық  Азия елдеріне  деген  қызығушылығы саяси  және экономикалық мақсаттан  туындап  отырғаны  белгілі. Енді Тоқаевтың  АҚШ  сапарына келетін  болсақ,  бұл  сапардың  экономикалық  бағыты  басым  болды.  Кездесу  аясында   авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар секілді бағыттарды қамьитын 17 миллиард  доллар  болатын келісімдерге қол қойылды. Ақ  үйдегі  тарихи кездесуде:

– Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді, – деді Қасым –Жомарт  Тоқаев АҚШ  президенті Дональд Трампқа  алғыс айтып. Сондай – ақ, Тоқаев:

– Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі – деп екі  елдің  даму сатыларындағы ұлы  мақсаттарында  тілге  тиек ете кетті.

Тағы бір айта кететін  жайт,  Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Онда Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне (Авраам) қосылуы әңгімелесудің арқауы болды.  Әлбетте, Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі екені  белгілі. Жалпы  екі  ел  президенттінің  кездесуі барысында екіжақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды. Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет  басшысының  АҚШ –қа  сапары  өте жоғарғы деңгейде  өтті.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ

«Байтақ»  жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаТеңізшевройлдағы Лукойл үлесі
Келесі жазбаГазеттер банкрот болу алдында тұр!