Home Басты жазба Мұнай, ақша және Каспий: Қашаған дауы кімге керек?

Мұнай, ақша және Каспий: Қашаған дауы кімге керек?

17

Соңғы  кезде  Қашағанға  байланысты  дау  белең  алып  барады. Не  үшін?  Енді  осы мәселеге  келейік. Шындығында, Қашағанның үстіндегі дау жай ғана 2,3 триллион теңгенің дауы емес. Бұл — Қазақстанның өз жеріндегі табиғи байлыққа кімнің қожайын екенін, мемлекеттің өз заңын халықаралық инвестор алдында қаншалықты қорғай алатынын және мұнайдың ақшасы мен экологиялық жауапкершіліктің қайсысы басым екенін көрсететін үлкен сынақ.

Бір қарағанда бәрі түсінікті: Қазақстан экологиялық талаптар бұзылды деп есептейді, ұлттық соттар бұл ұстанымды қолдады, мемлекет NCOC-тан 2,3 триллион теңге, шамамен 5 миллиард доллар айыппұл өндірмек. Ал Қашаған операторы мұнымен келіспей, халықаралық арбитражға жүгінді. Арбитраж әзірге айыппұлдың заңдылығы жөнінде соңғы шешім шығарған жоқ, бірақ даудың соңына дейін Қазақстанға ақшаны мәжбүрлеп өндіріп алуға уақытша шектеу қойды.

Сөйтіп, Қашаған екі құқықтық кеңістіктің арасында қалды: бір жағында — Қазақстан сотының шешімі, екінші жағында — халықаралық арбитраж. Ал ортасында миллиардтаған доллар мен Каспийдің экологиялық тағдыры тұр.

Даудың өзегі — күкірт. Қашаған мұнайының құрамында күкіртсутек көп болғандықтан, оны өңдеу кезінде айтарлықтай көлемде күкірт пайда болады. NCOC оны тауарлық өнім деп санайды. Қазақстан тарапының уәжі басқа: өнім болған күннің өзінде оны белгіленген экологиялық лимиттен артық көлемде сақтауға болмайды.

Қазақстанның мәліметінше, оператордың күкірт сақтау көлемі белгіленген 730 мың тонналық лимиттен асып кеткен. Тексерулерде 1 миллион тоннадан 1,7 миллион тоннаға дейінгі көлемдер көрсетілген. Осыған байланысты 2023 жылы Экология министрлігі NCOC-қа 2,3 триллион теңге талап қойды. Қазақстан соттары кейін бұл талапты заңды деп таныды.

NCOC болса, барлық қажетті рұқсаттар болғанын және күкіртпен жұмыс істеу Қазақстан заңдары мен халықаралық талаптарға сәйкес жүргізілгенін алға тартады. Яғни бұл жерде бір тарап «заң бұзылды» десе, екінші тарап «біз заңды сақтадық» дейді. Соңғы нүктені халықаралық арбитраж қоюы мүмкін.

Бірақ мәселенің ең маңызды жері осыдан кейін басталады. Қазақстан «инвестор келген екен» деп өз заңын қолданудан бас тарта алмайды. Егер экологиялық талап бұзылса, компанияның аты мен көлеміне қарамастан жауап беруі тиіс. Shell болсын, ExxonMobil болсын, Eni болсын, TotalEnergies болсын — миллиардтаған инвестиция табиғатты қорғау талаптарынан босатпайды.

Алайда мемлекеттің жауапкершілігі де бар. 2,3 триллион теңге — аз ақша емес. Сондықтан қоғам «айыппұл салынды» деген ақпаратпен ғана шектелмеуі керек. Бұл сома қалай есептелді? Қандай нақты залал келді? Қандай норма бұзылды? Неліктен дәл осы мөлшер белгіленді? Мемлекет осы сұрақтардың бәріне түсінікті әрі ашық жауап беруге міндетті.

Өйткені экология — бюджетке ақша түсіретін касса емес. Табиғатты қорғау дегеніміз — компаниядан мүмкін болғанынша көп ақша өндіріп алу емес, заң бұзушылықтың алдын алу және қоршаған ортаны сақтау.

Сондықтан бұл дауда Қазақстанның ұстанымы да анық болуы керек: біз инвесторға қарсы емеспіз, біз заңсыздыққа қарсымыз. Ал инвестордың да ұстанымы сондай болуы тиіс: біз Қазақстанға қарсы емеспіз, біз негізсіз талапқа қарсымыз.

Қашаған дауының тағы бір қабаты бар. Қазақстан мен консорциум арасында тек экологиялық айыппұлға қатысты емес, жобаның шығындары, құрылыс жұмыстарының қымбаттауы, кешігулер мен өндіріс көлеміне байланысты ірі арбитраждық талаптар жүріп жатыр. Кей деректерде Қазақстанның жалпы талаптары 160 миллиард долларға дейін жететіні айтылады. Бұл — ресми түрде толық расталған өндіріп алу сомасы емес, сондықтан оны Қазақстан міндетті түрде алады деп қабылдауға болмайды. Бірақ мұндай көлемнің өзі жобада ондаған жыл бойы қордаланған проблемалардың ауқымын көрсетеді.

Қашаған Қазақстанға керек. Елге мұнай өндірісі, экспорттық табыс, бюджет кірісі және жаңа инвестиция қажет. Сондықтан бұл даудың кесірінен жобаның тоқтап қалуы ешкімге тиімді емес. Бірақ «инвестиция керек» деген сөз «инвесторға бәріне рұқсат» дегенді білдірмеуі тиіс.

Керісінше, мықты инвестициялық климат дегеніміз — мемлекет инвестордан қорқатын орта емес, мемлекет пен инвестор заң алдында бірдей жауап беретін орта. Инвестор ереженің тұрақты болғанын қалайды. Мемлекет заңның орындалғанын қалайды. Екеуінің арасында әділдік болмаса, ертең жаңа дау шығады.

«Жер дауы — ел дауы» дейді қазақ. Бүгін оған «жер асты байлығы — ұрпақ алдындағы аманат» дегенді қосатын уақыт келді.  Сондықтан  кез-келген  мәселеде сырттан  келген  инвесторды  Қазақстанның  заңдарына  бағындырған жөн -ау.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ» Жасылдар  партиясының  төрағасы

 

Алдыңғы жазбаЕскерткіш көп, бірақ оларда жан жоқ!