Home Қоғам Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес

Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес

120

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес екенін айтты.

«Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау.

Таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдедім. Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, барлық ұсыныс Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтар мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді, деді Президент.

«Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады.

Әйтсе де Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ», – деді Президент.

Алдыңғы жазбаТоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Келесі жазба«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады: талаптары мен шарттары қандай