Home Қоғам Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады

77
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады. Сөйтіп осынау жаңа орденмен тұңғыш марапатталған адам Түркия президенті болды.
– Әзірет Сұлтан түркілік рух пен ислам өркениетін үйлестіре білді. Оның мәдени мұрасы Ұлы далада ғана емес, Анадолы жерінде де өшпес із қалдырды. Түркі әлеміне ортақ көптеген ғұламалар Әзірет Сұлтанның ізбасары саналады. Осы тұста әйгілі Юнус Эмрені ерекше атап өткеніміз жөн. Тұғырлы тұлғаның туындыларынан Ясауи ілімінің ықпалын анық көруге болады. Осындай үндестік қазақтың бас ақыны – хакім Абайдың шығармаларынан да байқалады. Түптеп келгенде, ұлы ғұламаның ғибратты жолы ұлтқа бағдар, ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Мен Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістанға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухына құран бағыштадым. Сол сапарымда мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапатты Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айттым. Соған сәйкес тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жоғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны. Бір сөзбен, бұл – Әзірет Сұлтанның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат. Жалпы, біз өз елімізде Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын жүйелі түрде және кең ауқымда зерттеу жұмысын белсенді түрде жүргіземіз, – депті Қасым-Жомарт Тоқаев. Өте әдемі ілтипат болды. Енді түрік медиасы біразға апаратын шығар.
Меніңше бүгін Ердоғанға көрсетілген құрмет Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара сенімді тіптен күшейтеді. Кейбір мәселелерге қатысты іштей келіспей қалатындай тұстар байқалатын. Түріктер қосалқы күш- медиа арқылы ара-тұра месседж жолдайтын. Бірақ ресми Астана өз позициясының дұрыс екеніне түріктердің көзін жеткізген сияқты. Әңгіме Солтүстік Кипрге қатысты дүние ғой. Біраз бұрын Орталық Азия+ ЕО саммитінде біз БҰҰ ның сонау сексенінші жылдары қабылдаған бірер қарарына қосылатынымызды айтқанбыз. Соған Анкара жақ тіке болмаса да, медиа арқылы базына айтқан еді. Сондай сәл ыңғайсыз жағдайлардың кірбіңі де бүгін жуылып-шайылып кетті-ау шамасы.

Amangeldi Qurmetuly (ФБ  парақшасынан)

Алдыңғы жазбаЕРДОҒАН: МҰНЫ ҰМЫТПАЙМЫЗ!
Келесі жазбаТоқаев пен Мирзиёев Түркістандағы жаңа мешітті ашты