Home Әлем АҚШ сенаты Украинаға әскери көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады

АҚШ сенаты Украинаға әскери көмек беру туралы заң жобасын мақұлдады

60

АҚШ конгресінің жоғарғы палатасы 23 сәуірде кешке Украинаға әскери көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдады. Құжат Украинамен қатар Израиль, Тайваньға да қаржылай көмектесуді көздейді. Заң жобасына сәйкес, 95,3 млрд доллар қаражаттың шамамен 61 миллиарды Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украинаға қару-жарақ және өзге де көмек түрінде берілмек.

Заң жобасын 79 конгресмен қолдады, 18-і қарсы болды. Құжат президент Джо Байденге қол қоюға жіберілді.

«Әлемдегі одақтастарымыз кейінгі алты айда конгресті бақылап, Америка күш біріктіріп, осы сәттің маңыздылығын мойындай ала ма деген сұрақ жетегінде болды. Бүгін сенат «иә» деп жауап берді» деді сенатта басым көпшілік болып отырған демократтардың жетекшісі Чак Шумер.

Сейсенбі күні сенаттың шешімі белгілі болғаннан кейін президент Джо Байден заң жобасы түскеннен кейін бірден қол қоятынын мәлімдеді.

«Демократия, еркіндік, озбырлық пен езгіге табанды түрде қарсы шығамыз» деді Джо Байден.

Заң жобасы аясында 60,8 млрд доллар – Украинаға, 26,4 млрд – Израиль мен Газаға гуманитарлық көмекке, 8,1 млрд Тайвань мен Американың Тынық мұхиты аймағындағы одақтастарына бөлінеді. Республикашылдардың талаптарына орай, көмек пакетіндегі 10 млрд доллар Украинаға несие ретінде беріледі, ол 2026 жылы президенттің арнайы шешімімен кешірілуі ықтимал.

Алдыңғы жазба«Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау мерзімі белгіленді
Келесі жазбаБҚО-да 15 мыңға жуық саяжай учаскесі суға кетті