Home Жаңалықтар «Жұрттың Ыбырайы-Ыбырай, біздің Ыбырай-сұмырай»

«Жұрттың Ыбырайы-Ыбырай, біздің Ыбырай-сұмырай»

88

«Әртістің емі-рөл ойнау»-демекші, еліміздегі Президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттардың парқына, сиқына қарап «е, жеткен жеріміз осы екен ғой»деп еңсең түсіп, жүрегің қан жылайды. Ел тағдыры, халық тағдыры таразыға түсетін доданы «комедиялық сахнаға» айналдырып жібергеніміз қандай өкінішті. Баяғыда студент кезімізде көңіліміз толмаған құрдастарымызға «Жұрттың Ыбырайы-Ыбырай, біздің Ыбырай-сұмырай» деп қалжыңның сұр жебесімен атып жіберуші едік. Қазір, тура соның кебі келіп тұрғаны-ай. Өйткені, «Жұрттың сайлауы-сайлау, біздің сайлау-қу далаға мал айдау» секілді көрінеді маған.
Біз қазақ халқы ежелден ұлы додаларға шапқанда ұшқан құстан озатын, қайраты мен төзімділігі алқынбай жететін, аузымен тас шайнап, құм бүркетін хас тұлпарларын, қайсар, батыр, ел қамын жеген ұлтшыл, намысшыл, қайраткер ұлдарын салмаушы ма еді? Мәстек, жабыларды аламанға қосқанды қай атадан көріп едік?
Шынымды айтайын, Президенттікке кандидаттарды тіркеу біткенге дейін Қ.Тоқаевпен тең дәрежеде иық тіресетін бір тұлғаны көре алмай көңілім құлазыды. «Байтал мінсең құлын жоқтың кебін келтіріп» бір әйел шықты зығырданды қайнатып. Жалпы, осы «Ақ жол», «Ауыл», «КПК» партиялары жат десең жататын, тұр десең тұратын, бір орынға қойып кетсең сол жерден қозғалмайтын, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен жансыз ойыншық екендерін халық білмейді деп ойлайды ғой деймін. Халық сендердің қай жеріңмен дем алатындарыңа дейін хабардар екенін айтып өткім келеді.
Не керек, ең соңында Әміржан Қосанов қосылғанда ғана бір үміт оты оянды. Қ. Тоқаевтай тұлғамен тең дәрежеде күресе алатын Әміржан ғана екенін ішкі түйсігім қабылдады. Тек, бір өкініштісі халықтың қамын ойлаған бір азамат шығып еді оны жерден алып,жерге салып қаралаушы жандайшаптар қаптап кетті.
«Қариясы жоқ елдің жастары болар диуана» демекші, өткенде аузы дуалы ел ақсақалдар шығып пікірлерін ортаға салып бәтуалы сөз айтқанда жүрегім жібіп қалып еді. Отыз жыл үндемей келген ақсақалдарымыздың да ар-намысы оянайын деген-ау деп кәдімгідей қуандым. Сонымен олар не деді?
Ж. Тұяқбай: «Оппозициялық күштердің ішінде ел басқаруға шамасы келетін тәжірибелі азаматтар көп еді. Өткен 15 жылдың ішінде биліктің саясатының арқасында көбісі жойылып, құртылып, қудаланып бітті. Демократиялық күштердің ішінен осы жарайды-ау деген азаматты табу оңай нәрсе емес, ме шынымды айтайын» деп ағынан жарылса, абзал ақсақалымыз Қабдеш Жұмаділов : «Нұрсұлтан Әбішұлы өз өкілеттігін тоқтатты» дегенде жөн болған екен деп едім. Назарбаев «отыз жыл ел басқардым»деді. Алайда бұл отыз жылмен аяқталатын түрі жоқ, арғы жағында ауы мен бауы шұбалып жатыр» десе, қадірменді қариямыз Д.Исабеков: «Біз дамыған елу елдің қатарына кірдік дейміз. Осы сиқымызбен бе? Аш-жалаңаш ағайын көп қазір. Келесі Президент ешкімге жалтақтамайтын, батыл, халықтың қамын ойлайтын, қазақ тіліне жаны ашитын адам болса екен деймін». Осылай деп басы жақсы басталған шаруаның арты сиырқұйымшақтанып кетті. Қарияларымыз жалт етті де жоқ болды.
Құдайым-ау, іздегенге сұраған деген. Көктен тілегендеріңді жерден берді ғой. Мына, Әміржандай ұлдарыңды қорғап, қолдап неге аталық сөз айтпайсыңдар қазыналы қарттарым-ау. Әлде, Абай шал айтқан:
Ант ішкен, күнде берген жаны құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын»-кері ме? Даналықтың алтын кілті Сіздер ғой. Баба жолын жалғап келе жатқан қария деген елдің басы болу, елге төрелік ету емес пе? Қазіргідей келешегіміз бұлыңғыр.
Билікте тың ойы жоқ, жаңа белеске бастар қабілеті жоқ, өтірікті судай сапыратындардан халық шаршады.Сондықтан елге елдің тұтқасын ұстайтын жаңа тұлға керек. Әміржанды қолдау арқылы осы сеңді бұза аламыз. Әлде, тұлпарымыз-жабы, сұңқарымыз-жапалақ, ісіміз-шала, тіліміз-шұбар, еліміз азып, жеріміз тозып осылай кете береміз бе?
Иә, ел тілегі қабыл болса Әміржан өтер. Оның бәрі бір Алланың қолында. Бірақ, «Көженің қоюы түбінде болатынын» ұмытпайық. Алтын құрсақ қазақ әйелдері елге көсем болар бір ұл туатын шығар. Туады әлі. Менікі, әйтуір Н.Назарбаев айтқан: «Нағыз патриот өз елін мақтайтын емес, нағыз патриот кемшіліктерді байқап, оларды түзетуге ықпалдасатындар» дегеннің кері ғой.

 Бейбіт Оспан

 

Алдыңғы жазбаҚайсысы НҰРЛЫ ЖОЛДАН бата алады?! Қайсысы 9-маусымда аталады?!
Келесі жазбаАлматыда манипулятор үш әйелді жаншып кетті