Жерұйық….. «Жерұйық» дегенде біріншіден, қазақ халқының тарихында Асан қайғының философиясымен тығыз байланысты құтты мекен ойға оралады. Себебі, Асан қайғы жел маясына мініп халқына Жерұйық іздейді. Танымал мәдениеттанушы ғалым, профессор Ақтолқын Құлсариева «Тәуелсіз Қазақстан идеясы – Жерұйық Қазақстан» атты мақаласында: «Жерұйықты желмаямен іздеген арманшыл Асан қайғыдай өз еліне малға шүйгін жері бар, жанға жайлы елі бар «Құтты қоныс» іздеу – әлем халықтарының дүниетанымында жақсы өмірді күткен арман-аңсардан туған рухани интенция» – дейді. Яғни, «Жерұйық» ғалымның пікірінше, халқы тәуелсіздік құндылығын ұлықтаған құтты қоныс.
Міне, осындай құтты қонысты Қазақстаннан тапқан, қиын қыстау қилы кезеңді бастан өткерген көптеген халықтардың тағдыры жайлы «Жерұйық» атты 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған аудандық іс шара Алматы қаласы №11 жалпы білім беретін мектепте кең көлемде аталып өтті.
Іс шараға Қазақстан халқы Ассамблеясынан қонақтар: күрд диаспорасының өкілі Балаев М, корей қауымдастығының жастар қанатының жетекшісі Ли мырза келді. Қонақтарға мектеп басшысы Агыбаева С.А, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Кенжебек Г. Е, Абубакирова Р.М. ұйымдастыруымен көркем-музыкалық қойылым көрсетілді.
Қонақтарды халқымыздың дәстүрі бойынша ақ бауырсақпен күтіп алған ұлттық киімдегі оқушылар, күй күмбірлеткен мектеп оркестрі мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жүргізушілер шараның басталуын хабарлаған сәттен көрермендер сонау тарихи оқиғалар қойнауына сүңгіді. Алыстан арқыраған пойыз даусы жақындай келе қазақ даласына қиырдан арып-ашып жеткен неміс, кәріс, шешен, күрд, түрік, ингуш, қырым татарлары т.б. халықтарды бір үзім нанын қолына ұстап күтіп алған қазақ халқы өкілдерінің рөлін сомдаған мектебіміздің оқушылары мен ұстаздарын көрді. Шынайы, беріліп ойнаған оқушылар сол кезеңді жүрекпен сезінген тебіреністерін жеткізуге тырысты.
Әрбір сынып өздеріне бөлініп берілген ұлттар мен ұлыстардың сол кезден бастап қасиетті қазақ жерін «Отаным» деп қабылдағанын, қазіргі тәуелсіз Қазақстан жерінде өсіп-өркендеп отырғаны үшін мемлекет құрушы қазақ халқына алғыстарын тамылжыған ән-күй, көңілді билерімен білдірді.
Мерекелік шара оқушылар мен ата-аналардың белсенді көмегі арқылы ұйымдастырылды. Бұл шара қазақстандық патриотизмді, Тәуелсіздік, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, отбасын сүю сияқты ұлттық құндылықтарды оқушылар бойына сіңіру жолындағы мектебімізде іске асып жатқан оң шешімдердің бірі болды деп толық сеніммен айтуға болады. Ендеше, өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігі бір арнаға тоғысқан Қазақстан халықтарының бірлігі мен ынтымағы жасай берсін!
Алматы қаласы №11 ж.б.б.м. қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі Абубакирова Луиза Абзалқызы