Қызылорда облысына арнайы барған сапарымда, партиямыздың облыстық атқарушы хатшысы Айболат Серікбаевпен мазмұнды кездесу өткіздім. Айболат – жер саласының қыр-сырын терең меңгерген кәсіби маман. Осы бағытта жоғары білім алып, он бес жылдан астам уақыт республикалық және облыстық деңгейде еңбек еткен тәжірибелі азамат. Сондықтан жер мәселесіне қатысты пікірінің салмағы да, жауапкершілігі де ерекше сезіледі.
Екі сағатқа жуық әңгімемізде жер қатынастары саласындағы қордаланған мәселелерді кеңінен талқыладық. Әңгіме барысында бір нәрсеге тағы бір мәрте көз жеткіздім: жер мәселесі – тек экономика немесе құқық саласының ғана емес, елдің болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе. Қазақ «Жер – ырыстың кіндігі» дейді. Осы сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр.
Бүгінде мемлекеттік жердің базалық ставкалары әлі күнге дейін 1999 жылғы деңгейде қалып отыр. Осы уақыт ішінде инфляция бірнеше есе өсті, нарық өзгерді, экономиканың талаптары жаңарды. Бірақ жерді пайдаланудың базалық құны сол күйінде қалды. Мұндай сәйкессіздік мемлекеттік бюджетке түсетін кірістің азаюына ықпал етіп отырғаны анық. Бұл мәселені уақыттың өзі күн тәртібіне шығарып отыр. Сондықтан оны жан-жақты зерделеп, қажет болса заңнамалық деңгейде қайта қарау – бүгінгі күннің талабы.
Тағы бір назар аудартқан мәселе – жер комиссияларының құрамы. Қазіргі таңда олардың құрамында жер пайдаланушылар мен кәсіпкерлер жеткілікті болғанымен, жерді қорғау, топырақтың құнарлылығын сақтау, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету бағытында кәсіби әрі тәуелсіз пікір айта алатын мамандардың үлесі аз. Ал жер тағдырына қатысты шешімдер қабылданғанда экономикалық мүдде мен экологиялық жауапкершілік қатар жүруі керек. Бірі ескеріліп, екіншісі назардан тыс қалса, оның зардабын ертеңгі ұрпақ тартуы мүмкін.
Сондықтан «Байтақ» партиясы әр өңірдегі жер комиссияларының құрамына өз өкілдерінің қатысу мүмкіндігін қарастыруы қажет деп санаймыз. Бұл – қандай да бір мүддені қорғау емес, қоғамдық бақылауды күшейтіп, жердің тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымды қалыптастырудың бір жолы.
Қазақта «Жер дауы – ел дауы» деген сөз бар. Бұл бекер айтылмаған. Жер – жай ғана экономикалық ресурс емес, ол – мемлекетіміздің стратегиялық байлығы, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі және келешек ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыз. Сондықтан жерді тиімді пайдалану ғана емес, оны қорғау, құнарын сақтау және әділ басқару – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жерге деген жауапкершілік – елге деген жауапкершілік екені белгілі.Осыны ұмытпайық, ағайын!
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































