Home Қоғам Ресейдің қаруынан бас тартқан Орталық Азия. Қазақстанның таңдауы дұрыс па?

Ресейдің қаруынан бас тартқан Орталық Азия. Қазақстанның таңдауы дұрыс па?

12

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

«Жау жоқ деме, жар астында» дейді қазақ. Ғасырлар бұрын айтылған осы сөздің мәні бүгін бұрынғыдан да тереңдей түсті. Қазіргі әлемде қауіп тек шекарадағы әскерден ғана келмейді. Дрон, кибершабуыл, қанатты зымыран, жасанды интеллект – мұның бәрі мемлекет қауіпсіздігі туралы түсінікті түбегейлі өзгертті. Сондықтан қорғаныс саласындағы кез келген шешім – жай ғана әскери емес, ұлттық қауіпсіздікке қатысты стратегиялық таңдау.

Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның әскери техникасы туралы сөз қозғасаңыз, әңгіменің басы да, соңы да Ресейге тірелетін. Әскердегі ұшақтың да, танктің де, әуе қорғанысының да, артиллерияның да негізгі бөлігі кеңестік мұра немесе Ресейде шығарылған техника болатын. Бұл қалыпты құбылыс еді. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алған кезде Кеңес Одағынан қалған әскери инфрақұрылым түгелдей дерлік ресейлік стандартқа негізделді. Қосалқы бөлшек те, жөндеу де, оқ-дәрі де Ресейден келетін. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан армиясының «тілі» де, «техникалық әліпбиі» де ресейлік жүйеге бейімделген еді.

Бірақ соңғы бірнеше жылда жағдай өзгере бастады. Қазақстан Түркиямен қорғаныс саласындағы әріптестікті күшейтті. Қытаймен байланыс артты. Франциямен әскери-техникалық келіссөздер жиілей түсті. Еуропалық компаниялармен ынтымақтастық көбейді. Осындай үрдіс Өзбекстанда да байқалады. Түрікменстан әскери техникасын жаңартуда Ресейге ғана иек артпайтын болды. Қырғызстан Түркияның ұшқышсыз аппараттарын сатып алды.

Кейбіреулер мұны Ресей қаруының әлсіздігімен түсіндіреді. Меніңше, бұл шындықтың бір ғана бөлігі. Негізгі себеп мүлде басқа.

Украинадағы соғыс әлемдегі әскери саясаттың ережесін өзгертті. Ресей өз армиясын қарумен қамтамасыз етуге бар күшін жұмылдырды. Мыңдаған танк, бронетехника, артиллериялық жүйе, зымыран кешені мен дрон майданға жөнелтілді. Мұндай жағдайда экспорт бұрынғы деңгейде қала алмайды. Оның үстіне Батыстың санкциялары ресейлік әскери өндірістің көптеген саласына ауыр соққы болды. Әсіресе микроэлектроника мен жоғары технологиялық бөлшектердің тапшылығы өндіріс қарқынына әсер етті.

Соның нәтижесінде Ресейдің әлемдік қару нарығындағы ықпалы айтарлықтай төмендеді. Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының мәліметінше, Ресейдің қару экспорты соңғы бес жылда алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 64 пайызға қысқарған. Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл әлемнің Ресейден біртіндеп алыстай бастағанының белгісі.

Алайда Қазақстанның таңдауын тек Ресейдің әлсіреуімен байланыстыру дұрыс емес.

Бүгінде әскери қауіпсіздік экономикадағы әртараптандыру сияқты қағидаға сүйенеді. Бір ғана мемлекетке тәуелді армия – тәуелсіз армия емес. Егер барлық ұшақтың қозғалтқышын бір мемлекет жөндесе, барлық танктің қосалқы бөлшегі бір елден келсе, барлық зымыранның техникалық қызметін жалғыз мемлекет көрсетсе, онда кез келген саяси немесе экономикалық дағдарыс кезінде армияның мүмкіндігі күрт төмендейді.

Украинадағы соғыс дәл осыны көрсетті. Бүгінде ешбір мемлекет барлық жұмыртқасын бір себетке салғысы келмейді.

Түркия осы мүмкіндікті өте тиімді пайдаланды. Осыдан жиырма жыл бұрын Түркия әлемдегі ең ірі қару импорттаушылардың бірі болатын. Қазір жағдай керісінше. Bayraktar TB2, Akıncı, ANKA секілді ұшқышсыз аппараттар ондаған мемлекетке экспортталып жатыр. Roketsan жасаған зымырандар, Aselsan өндірген электроника, Otokar мен BMC шығарған броньды техникалар халықаралық нарықта сұранысқа ие. Қазақстан үшін Түркияның тағы бір артықшылығы бар. Түрік техникасы НАТО стандарттарына жақын болғанымен, бағасы Батыстың өнімдеріне қарағанда әлдеқайда қолжетімді. Оның үстіне Түркия көптеген мемлекеттер сияқты технологияны бірлесіп өндіруге де дайын екенін көрсетіп келеді. Бұл Қазақстан үшін жай ғана сатып алушы емес, өндіруші болуға мүмкіндік береді.

Қытайдың да әскери өнеркәсібі соңғы он бес жылда таңғаларлық қарқынмен дамыды. Бұрын әлем Қытайдың қаруына күмәнмен қарайтын. Қазір жағдай басқаша. Қытай әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, баллистикалық зымырандарды, ұшқышсыз аппараттарды, әскери кемелерді және бронетехниканы ондаған мемлекетке экспорттайды. Бағасы салыстырмалы түрде арзан, жеткізу мерзімі қысқа, ал саяси талаптары аз.

Еуропа да Қазақстан үшін маңызды бағытқа айналып келеді. Әсіресе Франция соңғы жылдары Орталық Азия елдерімен әскери байланысын күшейтуге ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл жерде мәселе тек қару сатуда емес. Радиолокация, спутниктік бақылау, әскери авиация және байланыс жүйелері сияқты жоғары технологиялық бағыттар маңыздырақ.

Ал Қазақстан армиясының өзі қандай деңгейде?

Әділ бағалау керек. Қазақстан Қарулы күштері Орталық Азиядағы ең қуатты армиялардың бірі саналады. Әскер саны шамамен 70 мыңнан асады. Бұған Ұлттық ұлан мен басқа да күштік құрылымдарды қоссақ, әлеует бұдан да жоғары.Бірақ қазіргі армияның негізгі қаруы әлі күнге дейін кеңестік мектепке сүйенеді.

Танк паркінің негізі – Т-72. Әскери авиацияның өзегі – Су-30СМ, Су-27, МиГ-31. Әуе қорғанысының маңызды бөлігі – С-300 жүйелері. Бронетехниканың басым бөлігі кеңестік үлгілердің жаңартылған нұсқалары. Бұл техникалардың бәрі бір күнде ескіріп қалған жоқ. Керісінше, дұрыс жаңғыртылса, әлі де ұзақ қызмет ете алады. Бірақ қазіргі соғыстың сипаты түбегейлі өзгерді.

Украинадағы майдан көптеген әскери академияларда ондаған жыл бойы оқытылған түсініктерді өзгертті. Қазір соғыстың тағдырын миллиондаған доллар тұратын танк емес, бағасы бірнеше мың долларлық FPV-дрон шешіп жатқан жағдайлар аз емес. Бір ғана дрон ондаған миллион долларлық техниканы жоя алады. Қазақстан осы сабақтан қорытынды шығаруы керек. Бірінші міндет – әуе қорғанысын күшейту.

Қазіргі қауіп тек ұшақтан келмейді. Қауіп дроннан, қанатты зымыраннан, баллистикалық ракетадан, тіпті жасанды интеллектпен басқарылатын жүйелерден туындайды. Сондықтан Қазақстанға көпқабатты әуе қорғанысы қажет. Екінші міндет – ұшқышсыз авиация. Тек Bayraktar сатып алу мәселені шешпейді. Қазақстан өзінің барлау дрондарын, соққы беретін дрондарын, FPV-дрондарын және олардың қозғалтқыштарын өз ішінде шығара алатын деңгейге жетуі тиіс. Үшінші міндет – радиоэлектрондық күрес. Украинадағы соғыс тағы бір нәрсені көрсетті. Көп жағдайда қарсыластың байланысын өшіру, GPS жүйесін тұншықтыру немесе дронның басқаруын бұзу танк ротасын жоюдан әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Төртінші міндет – спутниктік барлау. Кім ақпаратты бірінші алады, сол жеңеді. Бүгінгі соғыс – ең алдымен ақпарат соғысы. Бесінші міндет – дәлдігі жоғары қарулар. Қазақстан тек қорғанатын мемлекет болмауы керек. Кез келген ықтимал қарсылас Қазақстанның қажет болған жағдайда бірнеше жүз шақырым жердегі әскери нысанды дәл соққымен жоя алатынын білуі тиіс. Бұл соғысқа шақыру емес. Бұл – тежеу саясаты. Алтыншы және ең маңызды мәселе – өз әскери өнеркәсібіміз.

Біз қанша жерден Түркиядан немесе Қытайдан техника сатып алғанымызбен, егер ертең соғыс басталып кетсе, бәрібір қосалқы бөлшекке, оқ-дәріге, жөндеуге тәуелді болып қаламыз.

Шынайы тәуелсіздік – өз зауытыңның болуы.

Өз инженеріңнің болуы.

Өз дроныңның болуы.

Өз оқ-дәріңнің болуы.

Өз электроникаңның болуы.

Міне, дәл осы бағыт Қазақстан үшін шешуші болуы керек.

Бүгінде әлемнің барлық орта державалары осы жолмен келе жатыр. Түркия жиырма жыл бұрын дәл осындай стратегияны таңдады. Оңтүстік Корея бірнеше онжылдық бұрын осы бағытпен жүрді. Израиль қауіпсіздігін өз технологиясына сүйене отырып құрды.

Қазақстан да дәл осы жолды таңдаса, ұтылмайды. Сондықтан бүгінгі әскери саясатты Ресейден қашу деп бағалау қате. Бұл – геосаясаттың жаңа талабы. Бұл – қауіпсіздікті сақтандыру. Бұл – тәуелсіздіктің әскери өлшемі. Қазақстан Ресеймен әскери байланысын толық үзбейді. Өйткені ондаған жыл бойы қалыптасқан инфрақұрылымды бір күнде ауыстыру мүмкін емес. Бірақ Қазақстан енді ешқашан бір ғана мемлекетке сүйеніп қалғысы келмейді. Өйткені XXI ғасырдағы ең үлкен сабақтың бірі – қауіпсіздік дегеніміз қарудың көптігі емес, таңдау еркіндігінің көптігі. Егер ертең Қазақстан өзінің дронын өзі шығарып, өз радарын өзі жасап, өз байланыс жүйесін өзі өндіретін күнге жетсе, онда нағыз әскери тәуелсіздік туралы айтуға болады. Қару сатып алу – уақытша шешім. Ал қару жасау – мемлекет құрудың ең жоғарғы деңгейі. Қазақстанның алдағы онжылдықтағы басты мақсаты дәл осы болуы тиіс.

Алдыңғы жазбаЖер тағдыры – ел тағдыры