Home Қоғам Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан күдікті ұсталды

Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан күдікті ұсталды

159

Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлерімен облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдардың бірінен, «жедел жәрдем » жүргізушісіне бұзақылық әрекетпен қасақана зиян келтірген 36 жастағы күдікті ұсталды,-деп хабарлады санаулы сағат бұрын облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Ол қазіргі кезде уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жексенбіде облыс орталығындағы жедел жәрдем қызметінің бригадасы түн ортасында науқас балаға шақыртумен барған. Көлікте отырған жүргізушіні сол маңдағы үйдің бірінен шыққан жігіт: «машинаны әрірек қоймадың» деп балағаттап соққыға жығады. Ал, орасан зор соққының салдарынан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісінің миы шайқалып, мұрын сүйектері сынып, бет-ауызы мен сүйектерінен жарақат алды. Болған жәйтті сол мезетте жедел жәрдемдегі фельдшерлердің бірі смартфонға түсіп үлгерген. Күн құрғатпай, оқиға әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің талқысына түсті.
Кейін мәлім болғандай, күдікті Шымкент қаласының тұрғыны Нұрболат Дәкебаев деген азамат болып шықты. Алайда шатақ шығарған жігіт сол күні-ақ, шаhардан қарасын батырып үлгерген.
Бүгін түсауа полицейлердің құрығына түскен сотқар енді өз әрекетіне заң алдында жауап береді. Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмысты істі тергеу қатаң бақылауға алынды.
Айтбала Сүлейменқызы Қарағанды облысы

Алдыңғы жазбаӨлеңнің отын жағып жылытармын…
Келесі жазбаҚазақстан халқының саны жарияланды