(2019 ЖЫЛ – ЖАСТАР ЖЫЛЫ)
Алдыңғы постта дарынды адамдардың біздің елдің негізгі капиталы екенін жаздым. Ал сол дарындылар жастардың арасынан шығады емес пе? Мысалы, сіз бір тал шыбық отырғызарда топырағы құнарлы жер тауып, уақытылы әрі ұқыпты оған қарап жүрсеңіз, әдемі болып өсіп, жайқалып, ең аяғы тәтті жеміс-жидек беретіні сөзсіз. Сол сияқты жастарға да дұрыс жолды нұсқап, өсіп-жетілулеріне мүмкіндік жасасақ, кейіннен талантты да қоғамға мол пайдасы тиер жастарды тәрбиелеп шыға аламыз.
Өмірде барлығымызға да мотивация керек, бірақ өмірлік жолды бастап кетуге минималды старт болмаса, өте қиын болады. Сондықтан бастапқыда мектеп қабырғасында балаларға ең қажет деген білімді игерткізіп, бойларына сіңдіріп, өмірді еш қиынсыз сүруге икемдеуіміз қажет. Нақтырақ айтқанда, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға, кәсіпкерлік қабілетке үйрету, жақсы көретін бағытын анықтауға көмектесіп, өз ісін бастап кетуге сенімділігін жетілдіру керек. Кәмілетке толған жастарға міндетті түрде жер бөліп, пайызсыз қаражат беруін сұраймыз! Сонымен қатар, сол жерге қандай кәсіп ашуға болатын үйретіп, қаржыны басқару білімін оқытып, бизнес-кейстермен қамтамасыз ету міндетін мемлекет өз мойнына алуы қажет. Артынша өндірген тауарының сатылуына мемлекет қолдау көрсетсе игі болар еді.
Не айтсақ та, бүгінгі жастарға қолдау қажет. Тек той-думан, әр түрлі конференциялар өткізіп қана шектелуге болмайды. Әсіресе бүгінде орынсыз күлдірту мен мағынасы жоқ әндер жастарды тек азғырады. Жастар – біздің болашағымыз. Мемлекеттің күшті болуы тек осы жастарға байланысты.
Шыны керек, біздің елде жастардың жағдайы мүшкіл. Ешкім оларды ойлап та жатқан жоқ. Жабайы капиталистік түсінік пен әділетсіздік жастарымызды сенімінен айырады, осылайша елге құнды дарындылар шетелге кетіп қалады.
Жас кезімде менің бір бизнесімді тартып алған болатын. Сол кезде мен бәріне ренжіп, өкпем қара қазандай болып, қолды бір-ақ сілтеп, шетелге кетіп қалғанмын. Америкада өзімді сынап, жаңа белестерді бағындыра бастағанда жанұялық жағдайыммен елге қайтып келген едім. Сол кезде әділетсіздікке толы мемлекетте өмір сүретінімді түсіндім. Одан кейін де қанша рет бастаған істерімді тартып алды. Ең қызығы: оларға қарсы тұрар заң әлі де жоқ. Тер төгіп, еңбек еткен адам әр уақытта тірлігінің жемісін көреді, ал сол маңдай термен тапқан ризықты шенеуліктер үнемі тартып алып отырса, жағдай қалай болғаны?
Жастар үшін де бұл – қиын жағдай. Мен өзім осындай келеңсіздіктерді басымнан өткердім, қиыншылықтың да дәмін таттым. Бұл бір ғана рет емес, сан мәрте рет қайталанып отырды. Қазір міне, орта жасқа келіп, балапандардың әкесі атанып отырған жайым бар. Ендігі кезекте менің басымнан өткен заңсыз әрекеттермен және шенеуніктердің опасыздығымен жастар бетпе-бет келмесе екен деген арман-тілегім бар. Біз ол үшін күресуге дайынбыз, сақадай саймыз. Экологиялық альянстың бүгінгі негізгі мақсаттарының бірі – жастарға қолдау көрсету, мүмкіндіктер жасау, жол ашып беру. Осы бағытта біріншіден кәмілетке толған жастарға жер мен пайызсыз қаражат беру қажеттігін жіті түсініп, осыны билік басындағыларға естіртсек дейміз. Себебі, жастар – біздің ертеңіміз.
Кешегі бүлдіршіндер – бүгінгі жастар, болашақта олар мемлекеттің капиталына айлануы қажет, ағайын.
Азаматхан Амиртай
Экологический альянс «Байтақ болашақ»
TazaEl.KZ