Қостанайда шыршаны заңсыз кескен тұрғындар қолға түсті деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Жыл сайын 1-31 желтоқсан аралығында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескені үшін салынатын айыппұл көлемі 15 есе өсіп отырады.
Осыған қарамастан шыршаны алып кетіп жатқандардың қатары азаятын түрі жоқ сыңайлы.
Жақында полиция қызметкерлері заңсыз шырша кескен Қостанай облысының төрт азаматын ұстаған. 21 желтоқсан күні тәртіп сақшылары Пресногорьковка ауылынан бір шақырым жердегі Первомай орман шаруашылығында Песчанка ауылының екі тұрғынын және Киров ауылының азаматын құрықтаған екен.
Ал 22 желтоқсанда кешкі уақытта Қостанай қалалық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне орман күзетшісі хабарласып, Садовый кентінің маңындағы орман шетінен ағаш тиелген арбаны байқағанын айтыпты. Артынша полиция қызметкерлері төрт қарағай ағашын алып бара жатқан Садовый кентінің тұрғынын қолға түсіріпті.
Қазір аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.