ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірге» науқаны басталғанын мәлімдей отырып, 13 мамырдан 7 маусымға дейін қазақстандықтардан елдегі маңызды проблемалар туралы айтуын сұрады. Әгәрәки сайлауда жеңіске жетсе, ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын, нақты ұсыныстардың қажетке жаратылатынын ескертті. Менің ше бұл өте орынды әңгіме. Қазіргі биліктің, Үкіметтің жасап жатқан жұмысын халық таразылап , көңілі толайтын жайттарға сын айтып, кем-кетігін көрсетіп келеді. Өкінішке орай құлақ асып, тыңдап жатқан Өкімет жоқ.
Біз яғни «Байтақ-Болашақ» экоальянста бірнеше мәрте Үкіметке Қазақстанның жаңа экономикалық стратегиясын жасап ұсынған едік. Әзірге ол жақтан жауап алған жоқпыз. Бірақ белгілі идеяларымыз іске асып жатқанын көріп отырмыз. Рақметі болмасада, ең бастысы ұсыныстарымыздың іске асқаны бізге керек. Дегенмен Тоқаевтың қазақстандықтардан елдің басты проблемаларын атауды сұрауы, үзіле бастаған үмітімізді қайта жалғағандай болды. Осы орайда «Байтақ- Болашақ» экоальянсы Тоқаевтың айтқандарын құп алып, 7 маусымға дейін ел экономикасы, қаржы саласы, ішкі-сыртқы саясат, халықтың әлауқаты жөнінде өз ұсыныстарымызды ортаға салмақпыз. Өйткені көштен қалмайық, отыз дамыған елдің қатарына қосылайық десек, бұл салалардың бәріне жаңа көзқараспен қарап, реформалар жүргізу керек.
Алдымен тілге тиек еткелі отырған мәселе, ол «мемлекет ішіндегі мемлекет» атанған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» . Бұл қор еліміздегі мұнай мен газ, электр энергетикасы, металлургия, инфрақұрылым және химия өнеркәсібі т.б салалардың басын біріктіре отырып, ел экономикасына серпін беруі тиіс еді. Бұған қол жеткізе алдық па? Қайдам? Бүгінні есеппен қордың активі 80 миллиард доллардың көлемінде. Ал қарызы 25-30 миллиард доллардың ар жақ, бер жағы. Нақтылай түсетін болсақ, осы қорға кіретін «Қазақстан темір жолы» 5 миллиард, «Қаз мұнай-газ» 14 миллиард доллар, ал қалған компаниялар 1-2 миллиард доллардан қарыз. Демек қор соншалықты қарқынды жұмыс істеп тұр деп айту мүмкін емес. Олай болса, «Самұрық-Қазынаға» белгілі деңгейде қайта құрылымдау қажет. Мәселен, әлемдік деңгейдегі жапонның «Тойота», америкалық «Дженерал электрик» компаниялары осыдан жиырма-отыз жыл бұрын пайдасы жоқ, тек шығын әкелетін қосалқы салаларын сығып, алып тастады.
Былайша айтқанда трансформациялады, тиімділігін арттырды. Соның арқасында компанияда тек пайда әкелетін салалар қалып, ірі жетістіктерге қол жеткізді. Бізгеде яғни «Самұрық-Қазынаға» пайда әкелмейтін салаларды қысқарта отырып, қайта-құрылымдау өте қажет. Ең бір пайда әкеледі деген, «Қазақстан темір жолы», «Қаз мұнай –газ» компанияларының өзі белшеден қарызға батып отырғанда, көз жұма қарауға болмайды. «Самұрық-Қазынада» осыдан біраз жыл бұрын қолға алынып, қайта-құрылымдау жүре бастап еді, өкініштісі, қордың төрағасы өзгергелі бері, яғни қазіргі басшылық тұсында бұл үдеріс тоқтап қалды. Керісінше қорды жекешелендіру мәселесі қолға алынып жатыр. Бұл қорды тығырықтан шығаратын жол ма? Қайдам?
Егерде Тоқаев билігі қажет деп табатын болса, біз «Байтақ-Болашақ» ЭкоАльянс «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына» байланысты нақты сараптама ұсынысымызды ұсынар едік. Онда қордың тиімділігін артыру, жаңа стратегия, пайдалы салар жөнінде нақты жобалар бар.
Азаматхан Амиртай, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянстың төрағасы