АҚШ билігін қолына алған Дональд Трамптың әрбір жасаған мәлімдемесі әлемдік экономикаға өзіндік әсер тигізіп жатқаны белгілі. Құнды қазағаздар индексі, валюта құны, мұнай-газ бағасы бір көтеріліп, бір түсіп ойнап тұр. Әсіресе, «Ресей –Украина соғысын тоқтату үшін, міндетті түрде мұнайдың бағасын құлату керек. Сонда ғана бағасы жоғары мұнайдан мллиардтаған пайда көріп, соғыс өртін үдетіп отырған Ресей сабасына түспек» деген Трамптың бір ауыз лепесі мұнайдан тиын сауып, бәз бірі жыртығын жамап, қайсы бірі мұртын майлап отырған мемлекеттер үшін депрессиялық жағдай туғызғаны белгілі.
Рас, қаншама Батыстың салған санкциясында отырса да, мұнай сатудан ырғын пайда көріп, оны тек соғысқа арнап отырған Ресей үшін көмірсутегі отынының бағасы құлуы үлкен соққы. Амалсыз АҚШ-тың айтқанына көніп, Украинамен бейбіт келіссөзді бастауы бек мүмкін. Басқа жол жоқ. Мұнай бағасын «көзір» ретінде ұстанған Трамптың ұлықтау салтанатынан кейін бірден Сауд Арабия ханзадасы Мұхаммед ибн Салман Әл Саудқа телефон шалуы тектен тек емес. Өйткені бұл ел әлемде мұнай қоры (268 миллиард баррелей) және оны өндіру жағынан да Венесуэладан (303 млрд. баррелей) кейінгі орында тұрған мемлекет. Мұнай өндіретін елдер ұйымында (ОПЕК) жетекші рөл атқарады. Ақ үй басшысын Сауд ханзадасы қолдайтын болса, онда мұнай бағасы көп ұзамай құлдырамақ. Демек, бұдан мұнайлы елдер зардап шегері анық. Соның ішінде Ресей бар. Бюджеттің 60-65 пайызын мұнаймен жауып отырған Қапзақстанғада үлкен қатер болмақ. Себебі аталмыш екі елдің бюджетінде мұнай бағамы 70 доллар деп белгіленген. Егерде қара алтынның әлемдік бағасы 30-40 долларға дейін төмендесе, нағыз экономикалық апатты жағдай орын алмақ. Мәселе мынада, Ресейде 1 баррел мұнай өндірудің құны 45-55 доллар айналасында. Венесуэлада 37-40 доллар, Әзірбайжанда 45 доллар, ал, Қазақстанда 45-50 доллар көлемінде. Сауд Арабиясына келетін болсақ, 1 баррел мұнай өндіру бар жоғы 9-10 доллардың көлемінде. Ал, АҚШ – та 35-45 $. Бірақ АҚШ-тың экономикасы мұнайдан түсетін бағаға тіреліп тұрған жоқ. Осыны ұмытпау керек. Егерде мұнай бағасы 100 долларға дейін құлдырасада Сауд Арабиясы мыңқ етпейді. Пайда бар. Өзгеде мұнай өндіретін араб елдерінде мұнай өндірудің бағасы (баррелге шаққанда) 15-20 доллардан аспайды. Сонда ұтылатын кім болмақ? Ресей мен Қазақстан һәм Әзірбайжан. Сәл тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Рейган АҚШ президенті болып тұрған 80-ші жылдары КСРО-ны құлату үшін мұнай бағасын Сауд Арабиясымен бірлесе отырып 10 долларға дейін төмендетіп, «мызғымас» Кеңес одағынның түбіне жеткен болатын. Дональд Трамп Ресейді тұсаулау үшін сол Рейганның ісін жалғастыруды жөн санап отырған сияқты. Әгәрәки, Трамптың жоспары жүзеге асатын болса, Ресей тұрмақ, мұнайға тәуелді Қазақстанға үлкен соққы болмақ. Бұл жөнінде келесі жазбамызда талдап жазамыз. Дегенмен, Украинадағы соғысты тоқтату үшін Путинмен Трамп әлемдік жағдайды тым ушықтырмай, яғни өзгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай бір келісімге келгені жөн болар еді. Әйтпесе «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегендей, алпауыт мемлекеттердің текетіресі әлжуаз елдерге тиері анық.
dodanews.kz