Home Жаңалықтар Тарихи телесериал – әрі мәдениет, әрі тарих, әрі тіл, әрі тәрбие

Тарихи телесериал – әрі мәдениет, әрі тарих, әрі тіл, әрі тәрбие

40

Ұлы даланың тамаша дәстүрін дәріптеу не үшін керек? Өкінішке қарай тарих оқулығы қанша тамаша жазылса да қарақұрым оқырманға жетпейді. Оның үстіне кітап оқымайтын заманға тап келдік. Не істеу керек? Қарақұрым оқырман бүгінде экран алдында отыр. Дені жастар. Ендеше, тарих сол экран арқылы қарақұрым көрерменнің тура алдынан шығуы шарт емес пе?! Өзге жол жоқ. Бұл бүгінгі дамыған елдер қолға алған тәсіл. Идеологиялық тәсіл. Олар тарихты қағаз бетінен алып экранға көшіріп жатыр. Әсіресе, телеэкранға. Телесериалдарға айналдырып жатыр. Яғни виртуалды тарихты қолдан жасап жатыр. Сол арқылы адамзаттың тарих санасын қалыптастырып жатыр.Әркім өз тарихын көтеріп жатыр. Әркім экранда өз тарихын әспеттеп жатыр. Мұндай жағдайда оқулыққа сеніп бейғам отырғандар былай қалары анық. Оқулық құрғақ деректерді ғана үйіп-төгіп беруі мүмкін. Бірақ кино өнеріндей тарихи оқиғаны бүкіл болмысымен көрерменнің көз алдында тірілте алмайды ғой!! Кино өнеріндей сезімді қозғап біресе күлдіріп, біресе жылатып бейне бір сол бір дүрбелең оқиғаның ішіне кіріп кеткендей, тарихи тұлғалардың жанында жүргендей жан дүниеңді астан-кестен етпейді ғой!!! Сондықтан да бүгінде экранды қай ел жаулап алса, әлем алдында сол елдің тарихы бар да, қалғаныныкі жоқ болып көрінеді, қалың көпшілік санасында. Бұдан былай экран алдында отырған әлем үшін сериалдарда көрінген тарих қана тарих болып, экранда көрінбеген тарих тарих болмай қала беретін түрі бар. Бұл мезгіл тудырған феномен. Бұ нені көрсетеді? Миллиондаған, миллиардтаған көрермен санасы үшін әлемде алапат күрес жүріп жатқанын көрсетеді. Сол мәдени-идеологиялық күреске төтеп бере алмаған Кеңес Одағы атты алпауыт көз алдымызда күйреп түсті емес пе? Сондықтан да бүгінгі ұран – «ел боламын десең, экраныңды түзе!» Сондықтан да тарихымыз телесериалдарға көшіп бүгінде балмұздақ жеп экран алдында отырған ұрпақтың алдынан шығуы керек. Тамаша түсірілген тарихи телесериал – әрі мәдениет, әрі тарих, әрі тіл, әрі тәрбие. Патриоттық тамаша мектеп. Аудиториясы ең ауқымды мектеп. Ал бізде оқиғалы көркем сериалдарға сұранып тұрған тақырыптар аз ба? Жетіп артылады. Тіптен тарихи тақырыптың мұрты бұзылмай жатыр деуге болады. Ақиқатын айтсақ, алтын көмбенің үстінде отырмыз. Оны игере алмай жатсақ кінә өзімізден. Әйтпесе әлемді тітіреткен Алтын орда тарихы кімнен кем?! 3 ғасыр ұдай Ұлы дала әлем ортасы болды емес пе?! Төрткүл дүниенің кіндігі болды емес пе?! Еуропа, Ресей, Араб, Парсы, Үнді, Қытай яғни күллі әлем құбыласы 3 ғасыр ұдай Ұлы дала болды емес пе?! Мұндай тарих Америкада болса Голливуд бүгінде оның неше бір нұсқасын жасап, жарқыратып, жалаулатып, жалпақ дүниені шарла, жырғап жүрер еді! Көшпелілер тарихын көкке көтерер еді!!! Бізге  де  соны  жасау керек.Өйткені тарихымыз соған лайық.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы

 

Алдыңғы жазбаНеге біз шындықты айтқанда міндетті түрде Президент пен үкіметті сынауымыз керек?
Келесі жазбаАҚШ-та тұтқынға алу кезінде төрт адам қаза тапты – БАҚ – Жаһан