Home Жаңалықтар СЫРТҚЫ ҚАРЫЗДЫ АЗАЙТУ ҮШІН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМСІЗ ЖОБАЛАРДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК…

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗДЫ АЗАЙТУ ҮШІН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМСІЗ ЖОБАЛАРДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК…

39

ЕРТЕҢГІ ҰРПАҚ ҮШІН ӨЗІМІЗДІ СЫНАП, СӨГІП, ҚАТЕЛІКТЕРІМІЗДІ ТҮЗЕТУІМІЗ ҚАЖЕТ

Жер асты байлықтарының арқасында
бүгінгі күні Қазақстан Орта Азия мемлекетерінің ішінде көшбасшы болып отыр. Еліміз xалықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінбей, өзі жеке-дара донорлық мемлекетке айналды. Керісінше көршілес Орта Азия мемлекеттеріне қаржылай көмек беретін жағдайы да бар. Бірақ бұны тек жерасты қазба байлықтарының, негізінен, мұнайдың арқасында деуге толық негіз бар.

Ертелі-кеш елімізде мұнай таусылады, оның үстіне қазірдің өзінде бағасы күннен-күнге құлдырап келеді. Сол кезде жағдайымыз не болмақ? Елдегі экономиканың жағдайы осылай жалғаса беретін болса, біз көп ұзамай барымыздан айрылуымыз мүмкін. Өйткені сыртқы қарыз күн санап өсіп келеді, нақтырақ айтқанда, бүгінде оның мөлшері 165 миллиард долларға дейін жетті.

Кезінде пайданы ең көп берген темір жол саласы 4,5 миллиард долларға қарыз болып қалды, сонымен қатар, биылғы жылды олар 25 миллиард теңге көлеміндегі шығынмен аяқтап жатыр екен. Оған қоса, еліміз еш экономикалық пайдасы жоқ, болашағынан үміт күттірмейтін жобаларды, Самрұқ-Қазына, Бәйтерек, Қазагро xолдинг секілді ұйымдарды миллиардтаған доллармен қаржыландырып отыр. Айта берсек, шегіне жетпеспіз. Осындай ел үшін тиімсіз жобалар саны толастар емес, өте қымбат жобаларға тез арада моратория жасауымыз керек. Мысалы солардың біреуі – Астана ЛРТ жобасы. Оны 1,9 миллиард доллармен қаржыландырып отырған. Ауқымды қаражатты талап ететін Көкжайлау шаңғы курорт жобасы да ел үшін аса қажет емес. Осындай өзге де қымбат әрі тиімсіз экономикалық жобаларды тоқтату керек.

Ал көрші Өзбекстан елі экономикалық пайдасы бар жобаларды аз қаражатпен жүзеге асырып жатыр. Сыртқы қарыздары да жоқтың қасы. Халық саны 33 миллионнан асты. Бұдан біз олардың ішкі нарығы еңбек-күшпен де, тиімді жобалармен де бай-қуатты болып келе жатқанын байқаймыз. Осылай жалғаса берсе, Орта Азиядағы көшбасшылықты Ташкент алуы мүмкін. Иә, бұл – ащы шындық.

Ағайын, өзімізді қазірден бастап ертеңгі ұрпақ жақсы өмір сүруі үшін сынап, сөгіп, қателіктерімізді түзетуіміз қажет. Экономикалық критика жасаудан қорқудың еш қажеті жоқ. Бірінші орынға экономиканы қойған екенбіз, ендеше экономикамызды дұрыстауға барынша күш салуымыз керек. Ол үшін, біріншіден ашықтық керек, екіншіден әділетті жүйе қалыптастырып, дарынды тұлғаларды қорғап қалуымыз қажет!!!

Азаматхан Амиртай

Алдыңғы жазбаҚазақстанның бірнеше облысында тұман, жел және көктайғақ болады – Ел жаңалықтары
Келесі жазбаТал-теректе бір сыр бар…