Жыл өткен сайын тұщы су мәселесі әлем бойынша қат болып бара жатыр. Тіпті аты жер жарған аузы дуалы сарапшылардың өзі «алдағы уақытта болуы мүмкін соғыстар мұнаймен газ емес, су үшін болады» деген болжам жасауда.
Жаһандағы 146 мемлекет 263 трансшекаралық өзендердің суын пайдаланатынын ескерсек, бұл болжамдардың өзегінде шындық жатқаны анық. Дәл мұндай жағдай Орталық Азия елдерінде де бар. Кезіндегі өзбек президенті Ислам ака Каримов «кіндік Азияда жатқан бес ел (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан) суға бола текетіресіп қалуы әбден мүмкін» дегенді айтқан-тұғын. Бұл сөзде жан бар. Тәңіртаудан аққан су жолдарын қырғызбен тәжіктің жолдан байлап алуы, су қоймаларын салуы, төменде жатқан өзбек, қазақ, түркіменнің жағдайын ойламауы, Каримов айтқан сөздің түбі ақиқатқа айналып келе жатқанын көрсетеді. Тіпті ауғандардың Әмударияны жолдан байлап алып, өз жеріне канал арқылы ағыза бастауы, су үшін үлкен бір қақтығыстың шеті қылтия бастағанын аңғартқандай. Әрине мұның бәрі жақсылықтың нышаны емес. Енді өз жерімізге ойысатын болсақ, су мәселесі бізде де өте қат, үлкен проблемаға айналып келе жатыр. Ауыз сумен егістік суғаратын судың жетіспеушілігі жылдан жылға ең өзекті мәселе болып, күн тақырыбынан түспеуде. Өкініштісі, біз бұл мәселені шешу үшін, жер асты суларын дұрыс пайдалана алмай, тек трансшекаралық өзендерге тәуелді болып отырған елміз. Бұл су шаруашылығымен айналысатын мамандардың біліксіздігімен білімсіздігенен шығар. Тіпті бұл жерде су туралы заңның болмауыда белгілі бір деңгейде әсері берген болар. Осының бәрін безбеннен өткізіп, сараптай келе «Байтақ» жасылдар партиясы талай рет елімізге Су министрлігі қажет екенін және жаңа Су кодексі керек екенін талай айтты. Жазды. Болмаған соң, Президентке жеткізді. Соның арқасында, президенттің жарлығымен Су және Ирригация министрлігі құрылды. Қазір Су кодексі парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Қашан даяр болады. Әзірге белгісіз. Бір қызығы осы Су кодексін Мәжілістің агро өндіріс комитеті қарап жатыр екен. Біздің ше, бұл дұрыс емес. Өйткені агро өндіріс саласы суды пайдаланушы болып саналады. Керісінше бұл мәселені депутат Еділ Жаңбыршин басқаратын Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті · қарауға тиіс еді. Өйткені суды үнемдеу, су қорларын сақтау, экологиялық тиімділігін қорғау бәрі осы комитеттің жұмысы емес пе? Осы жерде неге Экология комитеті су мәселесін «біз қарауымыз керек» деп бастама көтеріп, қолға алмады? Неге енжарлық көрсетті? Әлде «бәледен машайық да қашыптының» кебін келтіріп отыр ма? Түсініксіз. Өйткені Су кодексі еліміздегі қалыптасып отырған су мәселесін жөнге келтіретін бірден бір тетік деуге болады. Сондықтан оған ат үсті қарауға, салғырттық тантытуға болмайды. Ауа мен Су тіршіліктің негізгі көзі дейтін болсақ, еліміз үшін аса маңызды саланы майшаммен қарағандай қарайтын, экологтардың қолына беру керек.
Азаматхан Әміртай «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы