Сауд Арабиясының ACWA Power компаниясы Жетісу облысында күші 1 ГВт болатын жел электр станциясын салмақ. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының энергетика министрі Абдулазиз бен Салман әл-Саудты қабылдағанда айтылды. Ақордадағы кездесуге қатысқан ACWA Power компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайян жобаны таныстырып шыққан.
Ақорданың жазуынша, кездесуден соң екі ел осы жобаны жүзеге асыру бойынша үкіметаралық келісімге қол қойған. Сондай-ақ екі ел жасыл энергетика саласында да бірге жұмыс істеуге келіскен.
Бұл – Қазақстанның Араб түбегі елдерімен жасасқан екінші келісім-шарты. 14 ақпанда президент Тоқаев Катарға іссапарға барғанда қазақстандық QazaqGaz бен катарлық UCC Holding компаниясы Қашағанда газ өңдеу зауытын салу бойынша келісімге келген.