Тарифтік тартыстың тоқтайтын түрі жоқ. Нөмір бірінші экономика АҚШ пен нөмір екінші экономика Қытай күн сайын бір-біріне тарифтерді көтеруде. Кеше АҚШ Қытайға салынған тарифті 145 пайыз етті, бүгін Қытай АҚШ тауарларына тарифті 125 пайыз етті. Компаниялар тауардың бағасын өзгертіп үлгере алмай жатыр. Қарбалас.
Бұл күллі әлемге әсер етеді. Трамп Қытайдан басқа елдерге салынған баж салығын 90 күнге тоқтатты. Бұл түбегейлі шешім болмаса да, «келіссөзге дайынбыз» деген ым-ишарасы болса керек. Дегенмен сауда соғысы көптеген елге зардабын тигізеді. Тіпті әлемдік рецессияға әкелуі мүмкін.
Бұл туралы бүгін президент Шымкентке барғанда өз пікірін білдірді: «Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр», – дейді ол. Дұрыс айтады. Әлемдік сауда жүйесі, сауда қатынасы қазір тектоникалық өзгерістерге ұшырап жатыр.
Мысалы ЕО мен Қытай тарифтік соғыста позицияларын жақындатуы мүмкін. Яғни ЕО елдері Қытай тауарларына тариф салмай, Қытай ЕО тауарларына тариф салмайды. Бәлкім тариф болатын шығар, бірақ тым жоғары емес дегендей. Ондай сәтте Қытай мен ЕО-ның тауарларын бір-біріне ағылады дейді сарапшылар. Президент бүгін былай деді: «Қазақстан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын сауда жолдарының тоғысында тұр. Бұл – біздің географиялық ерекшелігіміз ғана емес, тарихи тағдырымыз деуге болады. Демек біз еліміздің маңдайына жазылған осы стратегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек». Яғни, тарифтік соғысқа байланысты Қытай мен ЕО-ның байланысы артса, өзара тауар тасымалы да артады. Бұл Қазақстанды логистикалық тұрғыдан маңызды ете түседі. Бұл бір жағынан мүмкіндік. Транскаспий бағытының да тынысы ашыла түсер еді. Қытай тауарын екі жолмен, теңіз және құрлық арқылы тасымалдайды. Теңізге басымдық береді, алайда Еуропаға тауар жеткізу үшін біз арқылы өтетін жолды да барынша пайдалануда. Енді соның үлесі артатын сияқты.
Трамп әзірге тарифтерді 90 күнге паузаға қойып, барлығына ортақ минималды 10 пайыз тарифті қалдырды. Бұл санатқа Қытай кірмейді. 90 күннен кейін Трамптың тарифтері қайтып келуі мүмкін. Бәлкім кей елдер осы 90 күннің ішінде АҚШ-пен келісіп, тарифтерін азайтатын шығар. Алайда кей елдер үшін сол жоғары тарифтер қалуы ықтимал. Қалай болса да «тарифтер соғысы» әлемді өзгертеді. Әлемдік экономикада тектоникалық өзгерістер болуы ықтимал.
Бір мысал келтірейінші. Бангладеш АҚШ-қа 8,4 млрд долларға киім-кешек сатады екен. Бірақ АҚШ оларға жоғары тариф енгізді. Киім-кешек стратегиялық тауарға жатпағандықтан, оларға бұл тариф жүре береді. 8,4 млрд доллардың өнімін бірнеше млн адам жасайды. Енді тарифтік соғыста Бангладеште көптеген жеңіл кәсіпорындар жабылып қалуы мүмкін. Өйткені олардың тауарына онсыз да Азияда бәсекелестер көп. 180 млнға жуық халқы бар ел үшін бұл нағыз катастрофа. Соңында наразылық күшейіп, толқулар болып, қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін. Бұл бір ғана мысал. Осындай көптеген елдер бар.
Бізге салған тарифі 27 пайыз. Ол біз АҚШ-қа саудалайтын тауардың 90 пайызынан астамына жүрмейді. Өйткені біз АҚШ үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттық тауарларды сатамыз. Бірақ бәрібір де тарифтік тартыс бізге де әсер етеді. Осылайша Трамп ұзақ жылдар бойы қалыптасқан геосаяси, геоэкономикалық әлемдік жүйені өзгертіп жатыр.