Ресейлік Даниил Медведев АҚШ-тың Теннистен ашық чемпионатының финалында испаниялық Рафаэль Надальден жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Жарыс Нью-Йорктегі Ұлттық теннис орталығының «хард» жабындысы төселген корттарында өтті. Турнирде бесінші нөмірмен ойын көрсеткен 23 жастағы ресейлік спортшы Надальден 5:7, 3:6, 7:5, 6:4, 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Спортшылар бір-бірімен екінші рет кездесті. 11 тамыз күні Медведев Надальмен Монреальдегі турнирдің финалында қарсыласып, 3:6, 0:6 есебімен жеңіліп қалған еді. Кәсіби теннисшілер қауымдастығында екінші орында тұрған 33 жастағы Надаль US Open чемпионатында төрт мәрте жеңіске жетті. Сондай-ақ, Roland Garros чемпионатында он екі мәрте, «Уимболданда» екі мәрте және Australian Open-де бір мәрте жеңіске жеткен. Осылайша Надаль Үлкен шлем турнирлерінің 19 мәрте жеңімпазы атанған. Испаниялық теннисші дәл осы көрсеткішпен екінші орынға орналасты. Бірінші орында жиырма мәрте үздік атанған швейцариялық Роджер Федерер тұр. АҚШ-тың ашық чемпионаты Үлкен шлем турнирінің маусымында төртінші әрі қорытынды жарыс болып табылады. Биыл жүлде қоры $57 млн құрады. Надаль жеңісі үшін $3,85 млн, Медведев $1,9 млн алды. Сенбі күні әйелдер финалында 19 жастағы канадалық Бьянка Андрееску америкалық Серена Уильямсты артқа тастады. 2018 жылы ерлер арасындағы жеке турнирде сербиялық Новак Джокович жеңімпаз атанды.
. inform.kz