Соңғы кезде мені Мемелкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған саясатын қолдағаным үшін, «жағымпаз, биліктен дәм етіп жүр» деп кекетіп-мұқататындар көбейді. Әрине ешкімнің аузына қақпақ қоя алмайсың. Әркім өз деңгейінде ойлайды, сонысын жазады. Бір байқағаным көп адам өмірге «қара көзілдірік» киіп қарап, қоғамда болып жатқан игі тірліктерге дұрыс баға бермейді. Бұл енді дұрыс емес. Мен неге президенттің ұстанымдарын қолдаймын? Оған себеп бар. Осы жылдың наурыз айының 19 жұлдызы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиын ашып, онда өз өкілеттігін тоқтатып орнын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беретінін айтты. Бұл өте дұрыс қадам болды деп ойлаймын. Өзге емес, орнына Тоқаевты тастап бара жатқанына бүкіл зиялы қауым қуанды. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлының саясатта былғанбаған таза адам екенін зиялы қауым жақсы білетін. Ол сайлауға дейінгі өтпелі қысқа уақыт ішінде халық үшін біраз оңды тіріктекр жасап үлгерді. Оның бәрін бұл жерде тізбелеп жату артық шығар. Ал кешегі сайлауда жеңіске жетіп, ұлықтау жиынында сөйлеген сөзінде алдымен халықтың тұрмысын жақсартуға күш салатынын айтты. Сондай-ақ ішкі-сыртқы саясатты ондап әрі жетілдіруге, саяси реформалар жасауға ұмтылатынын, сонымен қатар экология мәселесіне үлкен көңіл бөлетінін, жаңа экология кодексін жасау керек екені күн тәртібінде тұрғанын тілге тиек етті. Халықтың әл-ауқатын көтеремін, экологиясын түзеймін деп отырған басшыны неге қолдамасқа? Бұл айып па, әлде жағымпаздық па? Керісінше ел болып, елдің жағдайын қолдан келгенше түзеймін деген адамға қолдау керек. Мәселе біреулердің айтақтауымен көшеге шығып, елдің шырқын бұзу емес. Менің ше, өзге емес, Тоқаевтың билікке келуі халыққа тиімді. Тәжірибесі мол, білікті басшы. Диктаторлық, тирандық қасиеттен ада. Алдағы уақтты халықтың ыңғайына қарай саясат жасайтыны белгілі. Кеше ғана ол Euronews-ке берген эксклюзив сұхбатында Қазақстанда тұрғындарға шеруге шығуға рұқсат беретін заң қабылданатынын айтты. Сондай-ақ ол елде саяси өзгеріске қалай қол жеткізуге болатынын Еуроодақ мүшелерімен кеңескенін мәлім етті. «Саяси мақсатым – жастарды билікке тарту, мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге көмектесу. Шеру жасаған қозғалыстардың өкілдерін келіссөз жүргізуге дөңгелек үстелге шақырамыз, мәселелер көшеде тәртіпсіздік пен аласапыран атмосферада емес, осылай шешіледі», – деді сұхбатында. Бұдан артық не керек? Демек Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға болады. Ол жағымпаздыққа жатпайды. Әрине елде бірден үлкен жаңалықтар болады, шұғыл өзгерістерге бет бұрамыз деу қателік болар еді. Өткен қателіктерді жоя отырып, оңды өзгерістерге жәйімен жететінімізге бек сенімдімін. Сондықтан Мемлекет басшысын қолдаймын!
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы