Қазір Алмания жерінде футболдан Еуропа чемпионаты өтіп жатыр. Төрткіл дүниедегі футбол жанкүйерлерінің көзі теледидардан тікелей жүріп жатқан сол біріншілікке үңілген. Рас, футбол жанкүйері де, көрермені де көп спорттық ойын. Кейбір деректерге қарағанда әлем халықтарының 3 миллиардан астамы футбол жанкүйері болып табылады екен.
Жарайды делік. Ал, біздегі футболдың жайкүйі қандай? Неге әлі , не әлемдік, не Еуропа біріншіліген қатыса алмай жүрміз? Жұрттың баласы тепкен допты қазақтың қарадомалағы тебе алмай ма? Кешелі бері жұрт испандық 16 жастағы Ламин Ямальдың Франция қақпасына соққан голын айтып жатыр. Тіпті 60 жылдан кейін Пелені қайталады деседі. Ұлы футболшы Пеле 17 жасында жартылай финалда гол соққан еді. Рас, Ламин Ямаль алдағы уақытта футболдың жарық жұлдызына айналары хақ. Қызғанбаймыз. Сәттілік тілейміз. Осы орайда, бізден неге осы Ямальдай футболистер шықпайды деген ой туады. Расында, неге? Әлде бабы кем бе, әлде осы салаға бөлініп жатқан қаржы аз ба? Қаржы демекші, жақында Антикордың ресми өкілі : «соңғы 6 жылда еліміздегі 18 футболклубына 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін» айтты. Соның ішінде мол ақшаны қапшып жеп отырған «Астана» клубы 50,1 миллиард алыпты. Ендігі бір деректерге үңілсек, өткен жылы облыстық бюджеттен кәсіби футбол клубтарына 111,2 миллиард теңге бөлінген. Өте үлкен ақша. Оның бәрі қайда кетіп жатыр дегенге келсек, ірі бөлігі сыртан алдырған легионерлердің қалтасына құйылып жатыр. Мәселен, Премьер -лигадағы 371 футболшының 150 легионер көрінеді. Онда да олар аты шыққан дүлділдер болса бір сәрі, әр жерде ілініп-салынып жүрген біреулер. Демек футболға бөлінген мол қаржы сол сырттан келгендерді байытып жатыр деуге болады. Нағыз масқара осы. Сонда қазақ баласы доп тебе алмайды деген бе? Жарайды делік, әлемдік тәжірибеде бар дүние делік, алайда сол легионерлер ойнап жүрген қай команда халықаралық додаларда топ жарып жүр? Айта алмаймыз. Ары беріден соң, байрақты жарыстарда еліміздің туын желбіретіп, Қазақстанның атын шығарып жүрген бокс, күрес, ауыр атлетикаға футболдан үш есе аз қаржы бөлініп жатыр. Қаншалықты әділетті? Демек, осы футбол саласына ерекше көңіл бөліп, күрделі реформалар жасау керек. Елдегі әр футбол командаларында қаракөз қандастарымыздың көбірек ойнағаны керек. Қысқасы, әлем жұртын өз назарына аудартып, таңдай қақтыратын қазақтан шыққан Марадоналарды, Зидандарды, Роналдоларды, Мбаппелерді, Ямальдарды көргіміз келеді.
Азаматхан Әміртай «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы