Қазақстанның бірнеше облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Қазавтожол» мәліметінше, Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстарында жолдар жабылды.
Алматы облысындағы «Үшарал-Достық» республикалық маңызы бар жол учаскесі (83-184 шақырым, Көктұма ауылы-Достық станциясы) 19 ақпаннан бастап жабық болады.
Қарағанды облысында бүгін таңғы сағат 10-нан бастап боран салдарынан автокөліктің барлық түрлері үшін барлық бағыттар бойынша қозғалыс жабылды. Ақмола облысында «Екатеринбург-Алматы» тас жолының (1275-1353 километр Астана-Қарағанды облысының шекарасы) учаскесінде, 12.30-дан бастап «Астана-Ерейментау – Шідерті» (16-200 километр Астана-Павлодар облысының шекарасы учаскесі) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
Сондай-ақ, боран салдарынан «Астана-Қарағанды» және «Астана-Павлодар» тас жолдарында автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектеледі.
Павлодар облысында көктайғақ салдарынан республикалық маңызы бар «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолы (Шідерті ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін 205-259 шақырым), «Қызылорда-Павлодар» Шідерті ауылынан Қарағанды облысының шекарасына дейін көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектеледі.
Сондай-ақ, нашар көрінуіне байланысты ШҚО-да «Воскресеновка-Петропавловка-Шелехово-Белағаш-Дмитриевка» автожолының учаскесінде ( Петропавловка-Зенковка ауылы учаскесінде) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектеледі.
Сонымен қатар, бірнеше облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды.
19 ақпанда Қызылорда облысында қатты жауын-шашын болады деп күтіледі. Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде боран соғып, тұман түседі. Жел секундына 15-20 метр, күндіз екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, Қазгидромет өкілдері Қостанай облысы мен СҚО тұрғындарын ескертті. Онда боран соғып, тұман түсіп, көктайғақ болады.
[ad_2]
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz