Индустрия және құрылыс министрлігі Қазақстанда су тасқынынан кейін қанша тұрғын үй қалпына келтірілетінін айтты.
Редакцияның ресми сұрауына жауап ретінде министрлікте жергілікті атқарушы органдардың жедел ақпараты бойынша су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғын үй көлемі 11 865 үй мен 24 386 саяжай үйі екенін хабарлады. Сатып алынатын тұрғын үй мен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйдің түпкілікті саны барлық зардап шеккен нысандарды техникалық тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда мердігерлер 396 үйдің құрылысын бастаған. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында – 71, Батыс Қазақстан облысында – 219, Солтүстік Қазақстан облысында – 100, Павлодар облысында – 5, Қарағанды облысында – 1 үйді қалпына келтіру жоспарланған.
Қостанай облысының Арқалық қаласында Үкіметтің төтенше резерві есебінен зардап шеккен отбасыларға 31 пәтер сатып алынып, берілді.
Көпшілікті толғандыратын маңызды мәселе – ауқымды қалпына келтіру жұмыстарына байланысты құрылысшылардың қызмет көрсету бағасының өзгеруі. Дегенмен, 2024 жылға арналған есеп бойынша құрылысшылардың қызмет бағасы өспейді.
«Сонымен қатар, су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары құрылыс материалдары мен жанар-жағармай бағасының өсуіне әсер етпейді. Су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстарының басталуына байланысты құрылыс материалдары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында елімізде БҚДА және құрылыс материалдарын өндірушілердің қатысуымен кеңес өткізілді, онда бағаның тұрақтылығы расталды», – деп хабарлады ведомство.