Home Басты жазба Қазақстанда қазақтандыру саясаты жүріп жатыр ма?

Қазақстанда қазақтандыру саясаты жүріп жатыр ма?

318
Қазір елде қазақтандыру процессі қатты жүріп жатқандай сезіледі, бәлкім қателесуім мүмкін, түзетіңіз.
Жалпы кез келген елде қашанда ұлттық саясаттың бағытын алғашқы болып сезінетін сол елдегі азшылық ұлт өкілдері яғни диаспора өкілдері екен.
Мысалы, Қытай 2000 жылдардың басы Шыңжаң өлкесіне келіп аралас мектеп деген сылтауын айтып қазақ – ұйғыр мектептеріне тиісе бастағанда арғы беттегі қазақ зиялысы жаппай бергі бетке көшіп кеткен болатын.
Оның артынан іле шала ол өңірде қатты қытайласу саясаты қарқын алды.
Қазақ зиялысы қателеспеген екен.
Азшылық ұлттар ондай нәрсеге өте сезімтал болады, олар үрдісті алғашқы боп сезеді.
Менің бақылауымша біздің елдегі өзге ұлт пен ұлыстардың біразы қазір қазақша үйреніп алды.
Қазір бір жерде сары славян пішіндес бір қыз немесе кавказ өңді бір жігіт маған таза қазақша сөйлеп тұрса оған мен таңғалмайтын болдым, оған көз үйренді.
Сіз бұнымен келісуіңіз де мүмкін, келіспеуіңіз де мүмкін бірақ мен былай ойлап отырмын.
Біздің елдегі соңғы кездегі бұл қазақтану дүмпуінің бірден бір себебі — қаңтар оқиғасы деп білемін.
Менің ойымша Қазақстанды мекендеген халықтардың барлығы қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттің нағыз иесін — яғни қазақтілді қазақтардың сұлбасын көріп үлгерді.
Бұл елді мекендеген халықтар сол кезде бұл мемлекеттің нағыз тірегін, негізін, иесін көріп сезінгендей болды. Бұны талай рет жаздым, Қазақстанның, Қазақ мемлекетінің негізі, тірегі, мәйегі — қазақтілді қазақтар болады.
(сол қаңтар оқиғасы тұсында «қазақтілді қазақтар өз мемлекетінің тағдырын қолына алды» деп жазған болатынмын)
Бұл елді мекендеген диаспоралар қаңтар оқиғасы кезінде осыны түсінді.
Бұрын олардың санасы қазақтілді қазақтарды біздің мәңгүрттердің жасап берген стереотиптерінің аясында қабылдайтын.
Яғни, «мәмбеттер тіл – тіл дегеннен басқа түк білмейді», «кәсіпте қолдарынан түк келмейді», «көп бала туудан басқа білері жоқ», » той – тойлау мен дарақылық та осыларда»… деген стереотиптер аясында..
Алайда қазір елді мекендеген өзге ұлыстар бұл мемлекеттің иесі қазақтілді халық екенін түсініп, қаңтар оқиғасынан соң жаппай тілді үйренуге бас қойды деп ойлаймын.
Сөздің тоқетерін айтсақ қаңтар оқиғасындағы қазақтар — қазіргі қазақтандыру процессінің триггері болды.
Біздің өзге ұлыстар сол кезде біздегі орыстілді қазақтардың билікте, байлықта уақытша отырғанын да жақсы түсінді. Олардың қолында дәнеңе жоқ екенін де біліп отыр.
Бұл елде бір әділ сайлау өтсе қандай қауымның өкілінің билік басына келетіндігін де түсінді.
Ерте ме кеш пе билікті, жалпы бұл елдің тізгінін қазақтілді қазақтар алатындығын, сол кезде бұл ел нағыз қазақ мемлекетіне айнала бастайтындығын олар мықтап сезінді. Яғни бұл ел ол кезде қазақтілді мемлекетке айналады.
Меніңше бұны түсінгісі келмей отырған тек қана біздің орыстілді қазақтар.
Бұрын біздің орыстілді қазақтар түрлі қымбат форумдар мен жиылыстар өткізіп сырттан ғұлама шетелдіктерін шақырып өз ана тілдерінде (орыс тілінде) беймарал кездесулерін өткізе беретін…
Байқап отырсам қазір қазақшылық бас көтерген сайын олардың бұл кездесулерін өткеру соңғы кезде мұң болған сияқты.
Әйтеуір бір кездесуде бір қазақтілді қазақ шығып шатақ шығарып «бұл форум неге орысша?» деп олардың жағасынан алып оларды қатты састырып жүр.
Бірақ ана қасқаларың да мойымайды. Әділдігін айту керек олар орыс тіліне қос қолдап жабысып алып айырылмай отыр.
Бір мысал айтайын, Агил Рустамзаде деген әзірбайжандық білімді әскери сарапшыны бәріңіз білесіздер.
Бір кезде сол жігіттің ат – шапанын беріп біздің қазақтар Алматыға бас қосуға шақырған екен.
Одан соң ол кездесуге келген біздің орыстілді қазақтар сол жиынның басынан аяғына шейін орысша тақылдапты. Анда санда арасына қазақшасын қоссайшы пәтшағарлар, жоқ, бәрі жарыса орысша сілтепті.
Оны көрген Агил түңіліп қайтыпты.
Осы әңгімені Агил Рустамзаде Гела Васадзенің арнасында айтып отыр.
(Васадзенің былтырғы шығарылымдарын қарасаңыздар табасыздар)
«Мен қазақтардың соншалықты өз ана тілінен ажырап кеткен халық екенін бұрын білмеппін, қазір өз көзіммен көріп көзім жетіп қайттым» деп басын шайқап отыр Агил.
Агил іс жүзінде біздің мәңгүрттердің арасына барып қайтқан.
Елдегі соңғы үрдісті сезбеген.
Ал үрдіс меніңше сондай, өзге ұлт пен ұлыстар бұл елде қатты қазақтанып жатыр.
Олжас Әбілдің  ФБ-дағы  парақшасынан
Алдыңғы жазбаҚазақстан әскері қауқарлы ма?
Келесі жазбаДосқан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Алматыға бір көйлек, бір шалбармен келген адаммын…