Home Сұхбат Досқан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Алматыға бір көйлек, бір...

Досқан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Алматыға бір көйлек, бір шалбармен келген адаммын…

279

– Досқан аға, өтірікке қалай қарайсыз?

– Жақсы қараймын деген адамды көрмеппін. Өтірік айту маған жат. Қандай жағдай болмасын шыншыл болғанға не жетсін!

–  Онда аға, бүкпесіз әңгіме айтайық.

– Келістік.

– Шыңыңызды айтыңызшы, ұлтыңызды қаншалықты сүйесіз?

–  Менің өз ұлтымды қаншалықты сүйетінімді детектрмен ұстау қиындау болар. Қалай айтсақ та ол техника ғой. Адамның жан-дүниесін толық түсініп, бағамдай алмасы хақ. Менің қаншалықты сүйетінімді, менің қасымда жүріп, бүкіл болмысымды танып, істеген әрекетімді, тірлігімді көріп барып баға беруге болады. Әрине, жөпілдемеде «халқымды осыншалықты сүйемін» деп айта салу қиындау. Солай дегеннің өзінде, құрғақ сөз болып қалмай ма? Оны іспен дәлелдеу қажет. Сонау тәй-тәй басқан балдырған күнімнен бастап, бүгінге дейінгі жүріп өткен жолыма үңілер болсам, мен өз ұлтымды бір адамдай сүйе аламын деп айтуға қақым бар. Және өзге жұрт та солай деп айтары анық. Өнердегі тірлігімді тіпті адами қасиетімді байқа, осының бәрінде «қарға тамырлы қазақ болсыншы, өссінші, өркендесінші» деген әз ниет жатыр. Мен ұлтымның мәдениетіне, әніне, өнеріне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне ғашық адаммын. Жалғыз мен емес, менің отбасым, балаларым да сондай. Оларға ұлттық болмысқа сай тәрбие бере алдым деп ойлаймын. Ұл-қыздарым қазақша оқыды, қазақша ойлайды. Ең кіші қызым үшінші сыныпты бітірді. Ана тілінде сегіз өлең жазды. Ешқайсымыз оған «сен үйт, сен бүйт» деген жоқпыз. Жалпы, бізде ондай әңгіме жоқ. Әрине, баланы бетіне жібермей қадағалаймыз. «Көбірек кітап оқы, білім мәңгілік» дегенді қайталап отырамыз. Бұл жерде айтайын дегенім мынау: биыл «Біржан сал» үшін фильмнің сценариін жазған Таласбек Әсемқұлов екеуміз иісі алаштың көсемі болған Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықпен марапатталдық. Кездейсоқты қарасаңшы, осы сыйлықты алмай тұрып, нақтылап айтсам, он күн бұрын кішкене қызым Әлихан Бөкейханов туралы өлең жазды. Мен тіпті алаштың арда ұлының атындағы сыйлықты аламын деп ойлаған да жоқпын. Берер кезде бір күн бұрын телефон шалды. Хабарлады. Ал қызым ол кезде Әлихан жөнінде өлең жазып қойған. Жазғанда да ғажап. Әрине, буын-ырғақ та, ұйқаста кінәрат бар шығар, бірақ айтқысы келген ойын айтсаңшы. Мән-мағынасы қандай! Мұндайды күтпеген едім. Қатты разы болдым. Мұны неге айтып отырмын. Өйткен, үшінші сыныпта оқитын қызымның бойында да қазақы қасиет бар. Иә, ұлтымды қалай сүйетінімді, өзімнен кейінгі ұрпағыма бере алсам, басты мақсатым орындалды деп айта аламын. Үш немерем бар. Оларға да ұлттық болмыстың дәнегін еге алсам, жаман болмас.

Сізден «ұлтыңызды сүйесіз бе?» деп сұрауымның бір себебі, осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы ойлап шығарған «Ел бірлігі» доктринасына байланысты ұлтжанды азаматтар өздерінің наразылықтарын білдірді. Жоғарыға ашық хат жазды. Сол бір топ азаматтың ішінде сіздің де аты-жөніңіз жүрді. Бірақ сіз аяқ асты алатайдай бүліндіңіз. «Бұл ашық хатқа қол қойған жоқпын. Сыртымнан ұйымдастырды» деп туладыңыз. Қазақтың тағдыры, берiсi ұлтымыздың ар-намысы сынға түсiп тұрған мезгiлде, Досқанның өзiн ұлт жанашырларының арасынан көрiп, одан шошып, ат-тонын ала қашуы халыққа түсiнiксiз-ақ болып қалды. Жұрт «Досқан сияқтыларды ұлтымыздың тағдыры толғандырмайтын және ұлтқа шынымен де жаны ашымайтын бол­ғаны ма?!» деп күйінді. Ренішін білдірді. Бұған қарсы қандай дау айта аласыз?

– Айтатын ештеңе жоқ. Кезінде Пушкин: «адамды мақтаудан гөрі даттау жеңіл» депті ғой. Сондықтан аққа қара күйе жағу қашанда оңай. Елдің көз алдында жүргендер жайлы қашанда артынан қаңқу сөз еріп жүреді. Абай данышпан айтпақшы, «қазақтың тірісінің өсектен аманы жоқ, дүниеден өткенінің жаманы жоқ» демекші, қай жерде, қай маңда жүрме, қандай биікті бағындырма, бәрібір күйе жағушылар табылады. Сол «жақтым күйе, жаптым жала» деушілер, Кеңестік империяның шаңырағын шайқалтқан, тәуелсіздіктің қарылғашы болған 86- шы жылғы Желтоқсан көтерілісіне менің қатысқанымды, талай игі жақсылар бұғып қалғанда, ұлтымның жыртысын жыртып, үндемей, құсыққа тұншыққан ез болып өлгенше, шындықты айқайлап айтып өлгенім артық деген оймен алқалы топ жиылған ортада болған оқиғаға байланысты өз пікірімді ашық айтқанымды неге көрмейді, неге айтпайды?! Маған да сол тұста, жел диірменмен жалғыз алысқан Дон Кихоттай болмай, өзгелер секілді бұғып қалуыма болар еді ғой. Жоқ, олай ете алмадым. Жігерімді жаныған намыс, қанымда тулаған бабалар рухы үнсіз қалдыра алмады. Атой салды. Нақтылап айтар болсақ, алаңда болдық. Солдат сойылынан таяқ та жедік, басыма тас та тиді. Қабақ жарылып, қан саулап жүрсе де, алаңды тастап кете алмадым. «Қазақтың өрімдей қыз-жігіттері сойылға жылғылмасыншы, қанға бөкпесінші» деген көкіректе ой тұрды. Әрине, оқиғаның осыншалықты өріс алып, арты жанжалға әкеліп соқтырарын ешкім бағамдамаған еді. Көрген түстей қым-қиғаш көрініс. Ол кезде қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар және балалар театрының актерімін. Содан сол он алтыншы желтоқсан күні менің үстімнен «Бала-шағасын қазақша тәрбиелейді. Ұлтшыл» деген арыз түсіпті. КГБ-дан екі адам театрға келген. Сұрастырған. Дерек жинаған. Он тоғызы күні бәрімізді Жазушылар Одағына жинады. Ол жерде кім жоқ дейсің. Мүйізі қарағайдай талай ағаларымыз сонда отыр. Сол ортада «жастар дұрыс істемеді, бәріне кінәлі солар» деген сықпыттағы әңгіменің тиегі ағытылып берсін. Бізге орын да тимеді. Арт жақта булығып тұрмыз. «Сөз бер» деп қайта-қайта қолымды көтеремін. Бірақ еліп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бір уақытта сөйлеудің реті келді-ау. Халықтың алдына шығуға мүмкіндік болмады. Сол тұрған орнымда сөйледім. Жалпы мен көңілі бос адамдардың қатарына жатпаймын. Бірақ сол сәтте көзіме жас, өңешіме өксік тірелді. Булығып қалдым. Сонда да ышқынып, айқайлап тұрып іштегі запыранды сыртқа шығардым. «Мұндай жағдайды бұрындары теледидардан көріп, радиодан естуші едік. Енді менің елімде, менің жерімде осындай оқиға болып жатыр. Жан айқайын сыртқа шығарған жастарды ұрып-соғып, үстіне суық су құю не масқара? Жастар ұлт мүддесі үшін алаңға шықты емес пе? Неге оларға ара түсудің орнына жарға итеріп, бұзақылар, ішкіштер деп жатырсыздар. Солардың арасында біреуіңіздің ұлыңыз, біреуіңіздің қызыңыз, туыс, жора-жолдастарыңыз болды емес пе? Неге топырақ шашасыңдар. Неге, неге?» Жұрт тым-тырыс болып қалды. Кейбіреулері үрке, кейбіреулері «бала дәм-тұзың таусылды ғой, біттің енді» деген аяушылықпен қарады. Маңайымда тұрған біраз адам қол соқты. Дәл сол кезде алда отырғандардың ішінен біреу тұрды. Иықты ірі адам екен. Түрін көре алмадым. Маңайындағы біреуден менің аты-жөнімді сұрағандай болды-ау деймін. Сосын: «Досқанға дейін сөйлеген сөздерің, одан кейін сөйлейтін сөздерің сөз емес» деп қолындағы таяғын жерге атып ұрды. Жарықтық, бұл Хамаң – Хамит Ерғалиев ағамыз екен. Жиналыс бітті. Алдымен Роза Бағланова апамыз келіп, «дұрыс айтпадың, олай сөйлемеу керек еді» деп сәл ренішін білдірді. Олжас ағамыз келіп, үндемей қолымды қысып кетті. Біраз кісі арқамнан қақты. Кейбір танысым көрсе де көрмеген болып бұрылып кетіп жатты. Бұнысы енді «пәледен машайық қашыптының» керісі ғой. Үркектік, ынжықтық, қорқақтық. Бұдан басқа теңеу жоқ, оларға. Дәл сол жерде өзімді спектакльде басты рөлді сомдап шыққан актердей сезіндім. Жеңілдеп қалдым. Сол жерде тағы да адамдарды бөліп, мекемелерге, оқу орындарына үгіт-насихат жүргізу үшін жібере бастады. Олжас Сүлейменовті, Роза Бағланованы және мені КазГУ-ге жіберді. Студенттермен кездестік. Ол жерде де аянып қалған жоқпын. Олжас «Ақ пен қара» деген поэмасын оқыды, Роза апамыз жастарды тағыда жерден алып, жерге салып, қателіктерін айтты. Қара сөзбен іштегі запыранды тағы сыртқа түйдек-түйдегімен ақтардым. Студенттер мен сөйлеген кезде қол соғып, жер тепкілеп ризалықтарын білдіріп жатты. Тілдей-тілдей қағазға тілектерін жазып, жіберіп жатыр. «Аға сіз Махамбетсіз, сіз Кенесарысыз, сізді қолдаймыз, жақтаймыз» деген жазбалар. Өкінішке орай, солардың бірінде сақтай алмадым. Осындай оқиғалар басымыздан өтті. Мұны ешкім білмейді. «Сіз Желтоқсанда болыпсыз ғой, осындай сөз айтыпсыз ғой» деген бір қазақты әлі көргенім жоқ. Бұл менің өз ұлтымды шексіз, риясыз сүйетінімнің бір көрінісі емес пе? «Ел бірлігі» доктринасына байланысты хаттан кейін мен бір кеште «Қазақтың дұшпаны, халық жауы» болдым да шықтым. 37-ші жыл болса атып та жіберер ме еді? Өтірік қоспай шындықты айт дедің ғой, айтайыншы бүкпесіз. Белгілі ақын Ұлықбектің інісі дүние салды. Соның асына бардық. Мен бірақ үлкен бір шаруамен жол жүріп бара жатқанмын. Кешігіп келдім. Халық отырып қойыпты, дастарханға. Асты жүргізіп отырған Иран-Ғайып көкеміз екен. Төрде Асанәлі көкем, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек отыр қасында тағы бір адам болды. Аты есімде қалмапты. Сол жерде бірден Ұлықбекке көңіл айттым, сосын Иран-Ғайып көкемнен «бір ауыз сөз берші, асығыстау едім» дедім. Сол жерде көңілімді білдірдім. Енді Ұлықбекпен жерлеспіз, оның інісін жақсы танимын, осы жерде оқуын бітірді, өзіміздің облысқа барды, өте бір еңбекқор бала еді. Амал қанша, дәм-тұзы ертерек таусылды. Осы інішекке деген сөзімді айттым да шықтым. Содан жол жүріп кеттім. Бірер күн болып көлікпен кері қайттым. Амангелді Халимуллин деген досым бар. Сол тұста «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалын басқарды. Сол телефон шалады. «Досеке шулатып жатырсың ғой» дейді. «Е, не болып қалды» деймін ғой. «Бүгінгі газетте сен бас болып, Асанәлі ағаң мен Тоқтар қостап аштық жариялағалы жатыр деп жазыпты. Рас па?» дейді әлгі досым. «Қой, қателескен болар» деймін таңқалып. Газетті алып қарасам, дәл солай жазылыпты. Бұл енді үш ұйықтасам түсіме кірмеген дүние. Мен ол кезде қалада жоқ адаммын ғой. Қалай ғана мені қоса қойды екен. Осындай адамға жат тірлікпен айналысқан көкелеріме айтарым, сол 86-шы жылы қыздарымызды бұрымынан сүйреп, ұлдарымыздың үстіне суық су құйып, тепкілеп жатқанда сен қайда едің? Неге солардың ішінде болмадың? Солардың біразы жылымық орнаған соң, былай деп жазды: «Біз Жазушылар Одағының ішінде тұрдық. Есік–терезенің бәрі жабық еді. Сыртқа шығармады. Терезеден қарап, көзімізден сора ағып, жылап тұрдық. Жастарға қосылуға жол бермеді» деп. Далбаса! Бәрі далбаса! Армияда болсаң білерсің, Дзот деген бар. Ішіне пулемет тұрады. Жауға қаратып жасалған дүние ғой. Былайша айтқанда амбразура дейді. Сол жазғыштар сыртта пулеметтің тұрғанын біледі. Оққа ұшам ба деп қорықты. Бір тізімге кіріп қуғын-сүргінге ілініп кетем бе, майлы дастарханнан қағылып қалам ба, ертеңгі күнім не болады, деген үрей, қорқақтық тұрды, олардың ойында. Басқа ештеңе жоқ. Кейінен мамыражай тірлік орнаған соң, амбразурадан пулемет жоғын білген соң, бәрі батыр болып шыға келді. Оңды-солды жазды келіп, жақша ішіндегі батырлықтарын, ерліктерін, өй дегенін-бүй дегендерін айтып, өтірікті шындай соқты. Былайғы жұрт қайдан білсін, олардың дәл сол ұлт басына қара бұл үйірілгенде қоңыз теріп кете жаздағандарын. Содан Желтоқсан оқиғасынан кейін бір аз күнен соң, сырқаттанып ауруханаға түстім. Сол кезде түн ортасында келіп Серік Абасшах деген журналист сұхбат алды. Ол өзі де сол желтоқсанның мықтыларының бірі. Менің көтеріліске қатысқанымды, сөйлеген сөзімді естіп іздеп келіп түн ортасында сұхбат алып кетті. Бірақ оны пайдалана алды ма, жоқ па, білмеймін. Басымда осындай оқиғалар өтті. Сондықтан менің өкінетінім, мына қазақ халық деген ұғымға қашан жетеді? Өйткені жаңағыдай оқыс әрекеттің барлығы тобырдың ісі. Тобыр дейін десем, қазақ өзімдікі. Асқар Сүлейменов ағамыз, бір ортада отырып айтыпты: «Абай ескіре ме?» деп. Сонда отырғандар шу етіп, «Құдай сақтасын, қазақ тірі тұрғанда Абай ескірмейді» дескен ғой. Сонда Асекең, «Мен қазақтың есі кіріп, келесі Абайды туғызып, ол Ибрагим Абайдан да жоғары тұрғанын армандар едім» деген ғой. Мұнда үлкен ой жатыр. Түйсігі кем қазақ «әй не деп тұрсың, Абай неге ескіруі керек» деп шала бүлінер еді. Түсінген жанға, Асекең, Абайды айтқан болып, исі қазақтың есі кіргенін қалап тұр емес пе? Сол арман менде де бар. Кейде қиын түйінді шешер кезде қазағым бұрыс кетіп жатады, не болмаса дарақылық танытып жатады. Біреуге күйе жаға салу, я болмаса қолдан батыр жасау түк болмай қалды. Осындай қитұрқы, ұсақ тірлік, бақай есеп мені де өкінтеді.

Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Абылайхан» пьесасында жауды жеңген халық Абылайханнан сұрайды: «Ендігі жау қайда? Кімге соғыс жариялаймыз?» деп. Сонда Абылайхан: «енді ішкі жаумен шайқасамыз», дейтіні бар. Онысы әрине надандықпен, енжарлықпен, немқұрайлықпен, екіжүзділікпен, арсыздықпен, жауапкерсіздікпен, қорқақтықпен күресу-ау…

–  Қайдам, Солай да болар… Өнерде не үшін жүрміз? Қазақ түзелсе екен деймізде. Мына өсіп келе жатқан көген көздерге қазақтың бір туар ұлдарын танытқымыз келеді. Өйткені олар Біржанды қайтсін, Құнанбайды біле ме екен, өзі? Кертартпалық көп. Кейде біреуге сөзің ұнаса да көзің ұнамай жатады. Туған жерің басқа, руың басқа болып жатады. Осының бәрін шотқа салып, аңдысын аңдып отырған бақай есеп адамдар да бар. Бұл қашан тоқтайды, білмеймін.

– Иманғали Тасмағамбетов жақын досыңыз ғой, қажет жерінде қолдап, керек болса қорғап сөйлейтін болар.

–  Ой-бүй, тәйірі, егер Имекең анадай үлкен басымен иіліп, «Досқан ондай адам емес еді ғой, ол жақсы азамат» деп кәкір-шүкір дүниеге араласып, жатса, не болғаны? Құдай сақтасын! Өзім ол деңгейге түскім жоқ. Мен жайлы не айтылып, не жазылмады. Оның бәріне жауап беріп, назар аудара берсем, Абай атамыз айтпақшы «ауызымның қасиеті» кетпей ме? Оған режімеймін, мен өкінем. Біз қашан бір-бірімізді бағлап, сыйлап, арқа-жарқа өмір кешеміз? Мына орыстарға қарашы? Бір азаматының туған күні болса, теледидарға шақырып, шоу жасайды. Біз де ше? «Тойына шақыра ма екен, неге шақырмады?» деген секілді ұсақ тірлік. Бүгінге дейін қазақтың талай келеңсіз дүниесін көрдік қой. Әй, қазақ түзеле қоймас -ау. Осы кеткені кеткен. Кейде Баукеңді, Асқар Тоқпанов ағамды, Асқар Сүлейменов ағамды жоқтаймын. Мінезді еді. Езуін тіліп тұрып айтатын еді. Қазір елге дуалы сөз айтатын адам қалмады-ау. Қалмады. Зиялы қауым деген кім? Оның рецебі не? Менің ше, зиялылық кемеңгерлік. Кемеңгердің артында халқы. Ол халықтың сөзін сөйлеу керек. Осындай жан бар ма? Қазір алдына барып бата сұрайтын қарияда жоқ. Кімнің алдына барамыз. Бұл үлкен проблема.

 – Әңгіме желісін сәл өзгертсек. Ірілі -уақты театр және кинода екі жүзге тарта рөлде ойнапсыз. Әрине «мынау жақсы еді, мынау нашар» деп ешкім айта алмасы хақ. Өйткені бәрі де «іштен шыққан шұбар жылан» демекші ыстық. Әр рөлде өзіндік қолтаңбаңыз бар. Бұл өз алдына жеке әңгіме. Ал кино саласында сал-серілер өміріне тұңғыш болып түрен салған өзіңізсіз. Көптеген басылымдар «Біржан сал» фильмі соңғы жылдардағы қазақ киносындағы ғана емес, жалпы ұлттық мәдениетіміз бен рухани өміріміздегі шоқтығы биік оқиға» деп бағалады. Сіз бұған не қосасыз? Айтқанға марқайасыз ба, әлде, «әй жеткізе алмадым-ау» деген көңілде өкініш тұра ма?

– Әрине біткен іске сыншы көп. Өзімде көріп отырып, «әттеген-ай, мына жерде былай деуім керек еді, ана жерде оқиға алай өрбуі қажет еді» деген ой келеді, кейде. Бірақ ең бастысы қолға алған тірлігімді ойдағыдай бітіре алдым деп айта аламын…

Сөзіңіз аузыңызда, сол «Біржан салдың» тұсаукесеріне қатысқан бір үлкен этнограф жазушымыз «Біржанның өмірі дәл осындай болса, онда оның обалы жоқ екен» деп есіктен шығып кетіпті деген сыбыс шыққан, кезінде. Бүгінгінің сал-серісі Бекболат Тілеуханда фильмге көңілі толмағанын айтыпты…

– Мұндай әңгімені бірінші рет естіп тұрмын. Жазушы деп кімді айтып тұрғаныңды білемін. Қадірменді Ақселеу Сейдімбеков ағамыз ғой. Жатқан жерің жайлы болсын, ағамның. Ақаң тұсаукесеріне келгені рас. Кино біткен соң жаныма келіп, «айналайын Досқан, маңдайыңнан сүйетін-ақ дүние екен» деп маңдайымнан сүйіп, «Қазақ музыка тарихы» деген үлкен кітабын сыйға тартты. Ал мына Бекболат Тілеухан мен үшін әулие емес. Кешегі Бекболат, сол Бекболат. Менде естідім, «Бекболат солай» депті дегенді. Әрине көрермен болған соң, сан-алуан көзқарас, пікір болады. Оның бәрене мән бере беруге бола ма? Мен Көкше тауда болғанда жергілікті керейлер нақтыласам серінің туысқандары Біржан жайлы жазылған үш кітап берді. «мына жері келмейді, мына жері былай болуы тиіс еді. Өмір тарихы өзгеше еді ғой» деген сықылды ойларын айтты. Мен айттым, «аға, бұл деректі дүние емес. Көркем шығарма. Бірақ ең негізі сізге әсер етті ме, әсер етті. Олай болса артық әңгімеге не жорық» деп. Көркем дүниеде әрине шалықтау, қиялға берілу болады. Өнердің алға қойған мақсаты адамға әсер ете білу. Мен соған жете алдым. Әрине, бұл менің бірінші қойған дүнием. Бәлкім аңғармаған, тәжірибем жетпеген тұстарыда бар шығар. Өйткені актерлік шеберлік басқа, режиссер болу бір басқа. Бас аяғы жұп-жұмыр дүние алда туа жатар.

Атақты дала шонжары Құнанбайды түсіргелі жатыр дегенді естіп қалдық…

– Иа, сондай ниет бар. Қазір бәрін жиып қойып осы тірлікпен айналысудамын. Құнанбайға байланысты дүниенің бәрін ақтарып, оқып, танысып жатырмын. Құнабай қатардағы жай қазақ емес. Күрделі тұлға. Абайдай данышпанды дүниеге әкелген әке. Ұлы анадай, ал әке қандай болмақ? Аты алты алашқа кеткен ірі тарихи тұлғаны түсіру оңай емес. Толқу бар. Бірақ үрку жоқ. Қол көтере алмас шоқпарды белге байладым деп айта алмаймын. Десек те, Құнанбайдың Құнабай екенін бүгінгі жұртқа экраннан көрсете білу маған серт.

–  Сценарийін кім жазып жатыр?

– «Біржан салды» жазған Таласбек Әсемқұлов. Құдай қаласа боп қалды. Бірінші нұсқасын көріп, біраз өзгерістер енгіздік. Құнанбай мемлекетшіл адам болған. «Не істеп қазақтың басын қоссам екен, не істеп қазақты еңбекке тартсам екен, қазақтың бойындағы жат қылықты қалай жойсам екен» деп өткен жан. Соны көрсете білу, маған парыз. Әрине, алла бұйыртса, кинода түсірілер, оғанда талай сын айтылар. Бірақ әділ болсын. Өкінішке орай қазіргі сын айтамыз деушілер, сыншы емес, бүгінгі тілмен айтқанда килер болып кеткен. Қолдан келсе аранға итеріп құлатуға тырысады. Осы жағдай етек алып барады. Абайды сабаған, Махамбеттің басын алған қазақ «сен олардың жанында кім болыпсың» дегенді айтады. Құрбандыққа шалу үшін, Абай не болмаса Махамбет болу шарт па? Бәрінде қойшы, ең негізгісі алға қойған мақсатымды жүзеге асыра алсам, сол менің басты жеңісім болмақ.

– Бір басыңызға жетіп –артылып жатқан өнер біткен жансыз. Әсірелеп айтқанда «сегіз қырлы, бір сырлы» дегендей. Біржанға біткен сал-серілік сізде де бар. Жүйірік ат, сұлу қатын, құмай тазы, берен мылтықты сол серілер ұстаған. Сізде осылардың қайсы бар, қайсы жоқ.

–  Жүйрік ат жоқ. Неге? Тұлпарды баптап ұстау керек. Күтімді қажет етеді. Қолыңнан ол келмесе, аттың киесі ұрады. Сәйгүлікті жабағылардың ортасына қосып қоюға болмайды. Әйтпесе әр-әр жерде арғымақ мінгізгенде адамдар көп болды. Рас, ат құмарлығым бар. Бала кезімнен үзеңгінің үстінде өстік дегендей. Саяткерлікті жаным сүйеді. Аңға шығу, аң ату, құс ату мен үшін табиғатпен оңаша қалу деген сөз. Ол жерде айналаңды жайпап қырып салу шарт емес. Шулы шаһардан жырақ кетіп, құс атып, далада маздай жанған оттың қасында отырып, қазанға бір-екі үйректі салып жіберіп, былқытып пісіріп, сорпасын ішу.Ой-хой ол бір керемет сәт қой.

– Аға сөзіңізді бұзайын, бір сұхбаттыңызда қасқыр етін жеймін депсіз…

– Жедік. Онда да ем болады деген соң. Енді жасымыз біразға келді. Кінәраты бар жерге ем болады дегендер болды. Сосын жеп көрдік, онда тұрған не бар? Біреуге күлкүлі көрінуі мүмкін, сол қасқыр етін жеген жылы, қыста ауырмай шықтық. Мына құран түскен араб елінің бізге екі даты бар екен. Қойды жеуімізге байланысты. Олар қойдың миын және тілін жейсіңдер дейді. «Түрлі арам шөпті жеген қойдың тілінде уыт қалады, соны сендер жеңсік астай жейсіңдер, онымен қоймай қойды сойған кезде көз арқылы барған заһардың бәрі миға жиналады. Оны да жейсіңдер, біз осыны түсінбейміз» дейді екен. Мына Моңғолия, Қытайдан кеген қандастарымыз, «қасқыр атсаңыздар, бір қолын тастап кетіңіздерші» деп соңымыздан қалмағанын талай көрдік. Сонда сұраймыз «қасқыр етінің не қасиеті бар?» деп, олар, «емдік қасиеті мол» деседі. Бұған не айтасыз? Қасқыр етін жемедім деп не жасыратыны бар. Мына оңтүстік-шығыс Азия елдеріне демалып барғандар «бақа-шаян жедік» дегенді де мақтан көріп айтып жүр ғой.

– Сыртан келген ағайын деп қалдыңыз, ойыма сонау тоқсаныншы жылдардың басында яғни тәуелсіздіктің алған алғашқы жылдары елімзге қандас-ағайындар орала бастады. Соны бірі, бірегейі Мұстафа өз Түрік ағамыз еді. Жақсы дос болдыңыз, алайда қапияда айрылып қалдыңыз…

– Мұстафа келген кезде, туған бауырымыздай көріп, қарсы алып, қолымыздан келгенше барлық жақсылықты жасауға тырыстық. Бүкіл елімізге паш еттік. Өкініштісі, қуаныш қысқа болды. Өмірден ерте озды. Оны қазақ, ол қазақты түсініп үлгермеді. Рас, депутат болам деді. Өте алмай қалған кезде ренжіді. Тіпті «мені қазақ түсінбеді» деп, алдымызға келіп жылады да. Қайтеміз енді. Мұстафаның орны бөлек. Бүкіл қазақы қасиетті бойына сіңірген аңқылдаған бауырмыз еді. Бірақ жазмыш солай болды ғой…

– Сол Мұстафаның шешесі кейінен Қазақстанға көшіп келген кезде, үй алып бердіңіздер. Бірақ ол кісінің көңілі оған толмаған секілді…

–  Рас, ол кісі бізге ренжіді. Оны мен де естідім. «Берген үйлері анадай екен, мынадай екен» деген секілді әңгімелер болыпты. Бірақ ол кісі ортаны білмегеннен кейін, мына жүйені білмегеннен кейін солай айтқан ғой. Әйтпесе үйге де шақырдық, қонақ еттік, құрметтедік. Қолымыздан келген жақсылықты жасауға тырыстық. Бәлкім, ол анамыз Мұстафадай асыл ұлынан ерте айрылып қалған соң, күйінгеннен айтқан шығар.

–  Есіңізде ме «Даладағы қуғын» фильмінде Күдіре Хамитті ұстап алып: «Совет өкіметі менің қолымда» деп мұрнынан сүйреп, қорлайтыны бар. Сіз Кеңестік жүйе үшін қан төгіп жүрген қызыл әскер Хамиттің рөлінде болдыңыз. Күдіре бай-құлақ, сайын даланың еркін жүрген азат азаматы. Хамит орнатқан сол коммунистік жүйе 70 жыл билік құрып тарих сахнасынан кетті. Баяғы Күдре көксеген заман қайта оралды, иісі қазақ азат болды, бостан болды. Жалпы осы екі жүйенің қайсы сіздің көңіліңізге жақын?

–  Өткен жүйені де жоққа шығаруға болмас. Ол кездің де кемшілігі мен жақсылығы қатар өріліп отырды. Дегенмен кешегі мен бүгінгі егемендігімді қалай салыстыра аламын. Ата-бабам армандап өткен, алаштың небір арда ұлдары осы жолда қанын төккен тәуелсіздік мен үшін бәрінен жоғары. Рас, кеңестік дәуірде маған жаман болған жоқ. Өстік. Өркендедік. Танылдық. Марапатталдық. Бірақ бәрібір тұсаулы едік. Мәскеудің қас-қабағына қарап өмір сүрдік. Бүгін азатпыз, еркінбіз. Егерде бүгін Хамит пен Күдіре бірге келе жатса, сәлемді Күдіреге берер едім. Өйткені ол далада өсіп өнген, даланың бүкіл болмысын бойына сіңірген, даланың нағыз еркін саңлағы. Бүгінгі күнмен айтсақ, Хамитқа да кінә тағуға болмайды. Ол сол кезеңге сенді. Сол кезеңнің тумасы. Сол үшін күресті. Ақиқат дүние, Хамит орнатқан қызыл империя, қызыл терор қазаққа оңай соққан жоқ. Миллиондаған боздағымызды жалмады. Мәдениетіміз, тарихымыз талқандалды. Салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз мақұрым болды. Әрине мен саясаткер емеспін. Бірақ осы топырақтың азаматы болғандықтан, алаштың ұлы болғандықтан қызыл империяның ұлтыма істеген жауыздығына ашынбай тұра алмаймын.

–  Досқан аға, бір уақыт артыңызға көз салыңызшы. Кімді көресіз, қай кезеңді көбірек еске аласыз. Сонау кіндік шешең Қаншайымның емшегін соңғы рет еміп, емшектен шыққан сәби кезді ме, Хамитті ойнап жүрген, балаң мұртты тұсты ма, әлде «Біржан салда» соңғы рет Ләйліммен оңаша кездесіп, жас аруды құшып тұрған шақты ма?

–  Байроннан сұраған екен, «сіз небір ғажап өлеңдер дүниеге әкелдіңіз. Осының бәрі қайдан шығып жатыр» деп. Сонда ол: «бір жастан бес жасқа дейін көргенімді, түйгенімді жазамын» депті. Менің балалық кезім, ең бір қызықты кез еді. «Жалаң аяқ қар кешіп, қызыл аяқ су кешіп» қырда өскен баламын. Даланың бүкіл болмысын бойыма сіңіре алдым. Егер мен кезінде КГБ мектебіне түсіп кеткенде, көп болса қатардағы бір офицер болып қалар ма едім. Талайыма жазғаны осы өнер жолы болар. Бала кезімде халқыммның бойыма сіңірген бүкіл жақсылығын, қасиетін бүгінде сахнада жүріп кері қайтарудамын. Мұқағалиша айтқанда, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деген сияқты. Мен үшін, сәби кезде, бала жігіт атанған уақытта, бүгінгі күнімде ыстық. Бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені онда менің жүріп өткен саналы ғұмырым жатыр. Арман жоқ. Жамандықты да көрдік, жақсылықты да көрдік. Жоқшылықта болды. Кейде «Досақан басыңмен баяғыда көрген кедейшілігіңді айта бересің» деп әпкелерім ренжиді. Мен намыстанбаймын. Алматыға бір көйлек, бір шалбармен келдім. Сүйтіп жүріп иниститут бітірдім. Отбасында екі ұл, сегіз қызбыз. Елдің шығысында жатқан шалғай жерденбіз. Анам жарықтық, бірер рет он сом салып жіберген екен. Хатпен бірген. Ол маған жеткен жоқ. Хатты білдірмей тесіп біреулер алып алса керек-ті. Содан посылкамен бір-екі қазы салыпты, ол анау қиырдан Алматыға келгенше көгеріп кетіпті. Жеуге келмеді. Менің бір шалбар, бір көйлекті өмірі тастамай киіп жүргенімді байқады ма, Хадиша апам, жарықтық бір күні өзіне шақырып алып, қолында оралған бір нәрсені маған берді. Ашып қарасам нейлон көйлек. Ол кезде нейлон көйлек кию сұмдық қой. Қуанышымда шек болмады. Тек бір жеріне, темекінің шоғы түскен тесігі бар екен. «Елге сыйлы азамат Байғали Досымжанов ағаңның көйлегі еді. Осыны ағаңның жолын берсін деп әдейілеп алып келдім. Намыстан ба» деді. «ойбай апа, қандай намыс» деп тарпа бас салдым. Ол көйлекті мен кидім, одан кейін інім Ерік киді. Міне сүйтіп өстік.

–  Еліміздің қай түкпіріне барамаңыз, сізді танымайтын қазақ жоқ. Атағыңыздан ат үріккендей. Жалпы «болдым, толдым» деп айта аласыз ба?

–  «Болдым» десем менің кім болғаным. Мен еш уақытта атақ-даңқымды таразыға салып, салмақтап, өзгеге бұлдап көрмеген адаммын. Анамның ақ сүтімен сіңген қасиет, қашанда қарапайым болу. Барға қанағат етемін. Ұлықбектің Науайы шайыр туралы жазғаны бар ғой. «Бір ханның ақ боз аты бар екен. Содан хан Науайыны шақырады. Ақынды атқа мінгізіп, өзі жетелеп жүріп әңгімелеседі. Содан Науайыға сый-сияпатын беріп шығарып салғаннан кейін, қасындағы уәзірі айтыпты: «анауыңыз бекер болды-ау, қайдағы бір қарадан шыққан жанды атқа мінгізіп жетелеп жүргеніңізді халық түсінбей қалатын болды» депті. Сонда хан, «Сен не білесің. Бұл Науайы ғой, біз тарихта қаламыз ба, қалмаймыз ба, бір алла біледі. Науайы халықтың жадында мәңгі өмір сүретін адам. Сондай ұлы тұлғаны атқа мінгізіп, тізгінін ұстап жүре алсақ, соның өзі бізге үлкен мәртебе» деген екен. Бізде осыдан өнеге алсақ жаман болмас. Жалпы болдым-толдым деп айту артық. Әлі де халқыма, бергенімнен берерім көп –ау деп ойлаймын. Тек ғұмыр берсін, Алла.

–  Тұщымды әңгімеңізге рахмет, аға

–  Аман болайық.

 

Әңгімелескен Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Айқын газеті. 18.06.2012 жыл

 

Алдыңғы жазбаҚазақстанда қазақтандыру саясаты жүріп жатыр ма?
Келесі жазбаМемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысады