Home Басты жазба Қазақстан әскері қауқарлы ма?

Қазақстан әскері қауқарлы ма?

320
Соңғы 3 жылда Қазақстан Қарулы күштерінде қызмет ететін 17 мыңнан астам сарбаз бен офицер жұмыстан шығып кеткен.
Мұны Бас штаб бастығы Сұлтан Камалетдинов айтқан. Мәжілісте. Оның сөзіне қарағанда 2020-2023 жылдар аралығында 4301 офицер мен 12764 келісімшартпен қызмет ететін сарбаз еңбек жолын аяқтапты. Оның үстіне денсаулық жағдайына, отставкаға шығатын жасқа жетуіне байланысты 5289 офицер мен сарбаз армиядан кеткен. Оған жағымсыз қылықтары үшін армиядан қуылған, келісімшарты біткен азаматтарды қосыңыз. Олардың жалпы саны 11776 адам.
Сонда жалпы үш жылда Қазақстан Қарулы күштерінен, дәлірек айтқанда армиядан 34 мыңнан астам офицер мен сарбаз кеткен. Қосылғандар 14311 екен. Сонда 3 жыл ішінде Қарулы күштердің жеке құрамы шамамен 20 мыңға кеміген сыңайлы.
Әрине нақты есепті ешкім айтпайды. Менің есебім осындай. Бұл жерде Бас штаб бастығы Қорғаныс министрлігіне қарасты құрылымдардағы жағдайды айтып отыр. Әйтпесе Қарулы күштер дегенде өзге әскери құрылымдар да еске түседі.
Ең жаманы үш жыл ішінде армиядан жалпы саны 8602 офицер кетіпті. Рас, теріс қылықтары үшін армиядан қуылғандардан пайда аз шығар. Бірақ келісімшарты біткен, өз еркімен кеткен, отставкаға шыққан офицерлердің орны дереу толтырылуы керек. Әйтпесе армияның сапасы төмендей береді. Әрине қазір де Қазақстан армиясының сапасын бағалау қиын. Дегенмен армиядан тәжірибелі офицерлер мен сарбаздардың кетіп жатуының сырын ашу керек. Әлбетте бұл жерде алдымен әскерилердің әлеуметтік жағдайы, жалақысы, баспанасы сияқты мәселелер алдымен еске түседі. Мәселен біздің армиядағы қатардағы атқыш жауынгер 89 мың теңге алады екен. ҰҚК Шекара қызметінде 189 мың теңге. Ал Түркияда ондай жауынгердің жалақысы біздің ақшамен 255 мың теңге болады. Оларда елдің шығыс аймақтарында қызмет ететін сарбаздарға бұдан да көп төлейді. Оған әлеуметтік пакет сомасын қосыңыз. Бізде де әскерилердің жалақысынан бөлек бірқатар қосымша төленеді. Бірақ әлі бірізділік жоқ. Әскерилердің саланы тастап кетуіне алдымен осы жағдай әсер ететін шығар. Одан басқа қандай мәселе әсер етуі мүмкін? Бірден жауап беру қиын. Дегенмен жемқорлық, сыбайластық, әлімжеттік, әділетсіздік сияқты факторлар да әсер ететін шығар. Моралдық-психологиялық жағдайдың да өз әсері болуы мүмкін. Мотивация да төмен шығар. Нақты білмеймін. Әйтеу армиядағы офицерлер мен сарбаздар саны кем дегенде 20 мыңға азайып қалыпты
Амангелді Құрметұлының ФБ – дағы парақшасынан
Алдыңғы жазба«ҚазМұнайГазға» құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет?
Келесі жазбаҚазақстанда қазақтандыру саясаты жүріп жатыр ма?