Home Басты жазба ШОС-тың 25 жылы: декларациялар клубы ма, әлде жаңа әлемдік тәртіптің өзегі ме?

ШОС-тың 25 жылы: декларациялар клубы ма, әлде жаңа әлемдік тәртіптің өзегі ме?

11

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Бішкекте 30 тамызбен 1 қыркүйек аралығында  өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне әлемнің назары ауып отыр. Себебі бұл жолғы жиын жай ғана кезекті халықаралық кездесу емес. ШОС өзінің 25 жылдық белесіне келді. Ұйымның құрамында бүгінде Қытай, Ресей, Қазақстан, Үндістан, Иран, Пәкістан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бар. Бұл — Еуразияның орасан зор бөлігін қамтитын, әлем халқының шамамен жартысына жуық бөлігін біріктіретін кеңістік. Сондықтан Бішкектегі кездесудің маңызын тек хаттамалық шара деп қарау жеткіліксіз. 

Бірақ бірден бір нәрсені ажыратып алған жөн: ШОС — НАТО емес. Оның әскери одақ ретіндегі міндеттемелері жоқ, бір мүшесіне шабуыл жасалса, қалғандары автоматты түрде соғысқа кіретін қағида қарастырылмаған. Сондықтан ШОС-ты «Шығыстың НАТО-сы» деп атау — шындықты тым қарапайымдату. Ал «ешқандай ықпалы жоқ, тек бас қосып, декларация қабылдап тарайтын ұйым» деу — одан да үлкен қателік.

Шындық осы екі пікірдің арасында жатыр.

ШОС-тың феномені оның біртұтас әскери-саяси блок бола алмауында ғана емес, керісінше, мүдделері бір-біріне сәйкес келе бермейтін мемлекеттерді бір үстел басында ұстай алуында. Мұнда Қытай мен Ресей бар. Бірақ сонымен бірге Үндістан мен Пәкістан да бар. Иран бар. Орталық Азияның бес мемлекеті бар. Демек, ұйымды бір мемлекеттің геосаяси жобасы ретінде түсіндіру қиын.

Оның үстіне ұйымның ең ірі ойыншыларының өз арасында бәсекелестік бар. Қытай мен Үндістан — Азиядағы алып державалар. Ресейдің Қытайға экономикалық тәуелділігі күшейгенімен, Мәскеу өзінің дербес геосаяси рөлін сақтауға тырысады. Үндістан бір жағынан ШОС-қа қатысса, екінші жағынан Батыс елдерімен, АҚШ-пен, Жапониямен және Австралиямен қауіпсіздік саласында тығыз байланыс орнатқан. Сондықтан ШОС-тың ішкі табиғаты «бәрі бір бағытта келе жатқан мемлекеттер одағы» деген түсінікке мүлде сыймайды.

Осы жерде ұйымның ең үлкен ерекшелігі көрінеді: ШОС-ты біріктіріп тұрған нәрсе — ортақ идеологиядан гөрі ортақ мүдделер.

Бұл — өте маңызды айырмашылық.

Қырғи-қабақ соғыс дәуіріндегі әскери блоктар белгілі бір идеологиялық және стратегиялық қарсыластықтың негізінде құрылды. Ал ШОС-тың логикасы басқа. Оның күн тәртібінде қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес, көлік дәліздері, энергетика, сауда, цифрландыру, инвестиция, азық-түлік және экономикалық байланыстар сияқты мәселелер қатар тұр.

Яғни ШОС әлемді «біз» және «олар» деп екіге бөлетін ұйымнан гөрі, өзгеріп жатқан әлемде өзара тиімділік іздейтін мемлекеттердің үлкен келіссөз алаңына көбірек ұқсайды.

Алайда әлемнің өзі өзгеріп барады.

Соғыстар көбейді. Геосаяси сенім азайды. Санкциялар халықаралық экономиканың бұрынғы ережелерін өзгертті. Әлемдік қаржы жүйесіне, логистикаға, энергияға және технологияға байланысты тәуекелдер артты. Бұрын бір-бірінен алыс көрінген саясат пен экономика бүгінде бір-бірінен ажырамайтын болды.

Сондықтан ШОС-тың қазіргі маңызын қауіпсіздікпен ғана өлшеу жеткіліксіз.

Мысалы, биыл ШОС елдерінің қаржы министрлері мен орталық банк басшылары Бішкекте кездесіп, ұлттық валюталармен өзара есеп айырысуды кеңейту, қаржылық тұрақтылық және ортақ қаржы тетіктері мәселелерін талқылады. ШОС Даму банкін құру жөніндегі консультациялар да жалғасып жатыр. Бұл банк әлі жұмыс істеп тұрған дайын институт емес. Бірақ оны құру мәселесінің саяси деңгейде бекітіліп, нақты консультацияларға ұласуының өзі ұйымның экономикалық күн тәртібі біртіндеп институционалдық сипат алып келе жатқанын көрсетеді.

Мұның астарында үлкен мәселе жатыр.

Егер мемлекеттер өзара саудада ұлттық валюталарды көбірек қолдана бастаса, жаңа қаржы институттары құрылса, көлік дәліздері өзара байланыстырылса, энергетикалық және инвестициялық жобалар көбейсе, онда ШОС біртіндеп саяси мәлімдемелер жасайтын ұйымнан экономикалық өзара тәуелділіктің платформасына айналады.

Ал экономикада өзара тәуелділік пайда болған жерде саясат та өзгереді.

Бірақ мұнда да асыра сілтеуге болмайды.

ШОС бір күнде доллардан бас тартатын немесе Батыстың қаржы жүйесін алмастыратын құрылымға айналмайды. Оның мүшелерінің экономикалық мүдделері әртүрлі. Сауда көлемдері тең емес. Қытайдың экономикалық салмағы басқа мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Үндістан мен Қытайдың өзара саудасында саяси қайшылықтар бар. Орталық Азия мемлекеттері де бір ғана экономикалық бағытқа тәуелді болғысы келмейді.

Демек, ШОС-тың алдында өте күрделі сұрақ тұр: экономикалық интеграцияны қалай тереңдетуге болады, бірақ бір мемлекеттің экономикалық басымдығы бүкіл ұйымның саяси бағытын анықтап кетпеуі үшін не істеу керек?

Бұл сұрақтың жауабы ұйымның болашағын анықтайды.

Өйткені ШОС-тың негізгі сынағы — сыртқы жауының кім екенінде емес, ішкі мүдделерінің қаншалықты үйлесетініне байланысты.

Батыста ШОС-ты кейде «антибатыстық ұйым» деп қабылдайды. Ресейлік дискурста оны Батысқа қарсы қалыптасып келе жатқан жаңа әлемдік тәртіптің тірегі ретінде көрсетуге бейім көзқарастар бар. Қытай оны көпполярлы әлемдегі ынтымақтастықтың маңызды платформасы ретінде сипаттайды. Ал Үндістан ШОС-ты өзінің Еуразиядағы мүдделерін ілгерілететін, бірақ Қытайдың ықпалына толық тәуелді болғысы келмейтін алаң ретінде қарастырады.

Осы үш көзқарастың өзі ШОС-тың табиғатын түсіндіруге жеткілікті.

Ұйымның ішінде оны әркім өзінше пайдаланады.

Қытай үшін — Еуразиямен байланысын нығайтатын стратегиялық кеңістік.

Ресей үшін — Батыспен қатынасы күрделенген кезеңде халықаралық оқшаулануға жол бермейтін маңызды дипломатиялық алаң.

Үндістан үшін — Қытаймен және Пәкістанмен сөйлесуге мәжбүрлейтін, сонымен бірге Орталық Азияға шығатын көпжақты арна.

Иран үшін — аймақтық және халықаралық байланыстарын кеңейтетін мүмкіндік.

Орталық Азия мемлекеттері үшін — ең бастысы, бірнеше ірі державаның ортасында өз мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін көпжақты алаң.

Міне, сондықтан ШОС-тың ең қызық ерекшелігі — оның ішінде әр мемлекет бір ұйымға әртүрлі мақсатпен келеді.

Бұл оның әлсіздігі де, күші де.

Бір жағынан, осындай алуан мүдде ортақ шешім қабылдауды қиындатады. Ұйымның батыл саяси қадамдарға баруы сондықтан оңай емес. Сарапшылардың бір бөлігі ШОС-тың ықпалы оның орасан зор географиялық және демографиялық салмағына қарамастан әлі де шектеулі екенін, оған ішкі қайшылықтар мен қаржылық интеграцияның әлсіздігі кедергі келтіретінін атап өтеді.

Екінші жағынан, дәл осы әртүрлілік ШОС-қа өміршеңдік береді.

Өйткені Үндістан ұйымнан шықпайды. Қытай да шықпайды. Ресей де бұл алаңнан бас тартпайды. Орталық Азия мемлекеттері де ШОС-ты өз мүдделерін теңестірудің бір құралы ретінде пайдалана береді.

Демек, ШОС-тың өміршеңдігі оның барлық мүшелерінің бірдей ойлайтынында емес, әртүрлі ойлайтын мемлекеттердің ортақ мүдде бар жерден келісім таба алуында.

Бұл — қазіргі көпполярлы әлемнің өзіне тән белгісі.

Бүгінгі әлемде бұрынғыдай бір ғана орталықтың айналасына бәрі топтасатын жүйе әлсіреп келеді. Бірақ оның орнына бірден жаңа бір орталық келген жоқ. Оның орнына бірнеше күш орталығы пайда болды. АҚШ, Қытай, Еуропа, Ресей, Үндістан және басқа да ықпалды мемлекеттер өз мүдделерін әртүрлі форматтар арқылы жүргізіп жатыр.

ШОС — осы жаңа әлемнің бір көрінісі.

Ол жаңа әлемдік тәртіпті жалғыз өзі жасап жатқан жоқ. Бірақ жаңа тәртіптің қалыптасып жатқанын көрсететін маңызды индикаторлардың бірі.

Бұдан да маңыздысы — ШОС-тың географиясы.

Орталық Азия енді әлемдік саясаттың шеткері аймағы емес.

Қытайдың батысқа шығатын бағыттары, Ресейдің оңтүстік кеңістігі, Үндістанның Еуразияға қызығушылығы, Иранның көлік және энергетикалық әлеуеті, Пәкістанның теңіз порттары — мұның бәрі Орталық Азияны бұрынғыдан да маңызды етеді.

Сондықтан Бішкек саммитінің географиялық мәні де ерекше.

Саммиттің орталығы Қытайда да, Ресейде де емес, Қырғызстанда өтіп жатыр.

Бұл — Орталық Азияның өзіне де берілген белгі.

Қазақстан үшін бұл мәселе тіпті маңыздырақ.

Қазақстан ШОС-қа Қытай мен Ресейдің арасында қалған мемлекет ретінде ғана қарамауы керек. Қазақстанның стратегиялық мүддесі — бір ғана геосаяси орталыққа байлану емес, барлық бағытпен жұмыс істей алатын кеңістікті сақтау.

Қазақстан үшін ШОС-тың мәні — Қытаймен қатынас орнату ғана емес. Ресеймен де, Орталық Азия елдерімен де, Үндістанмен де, Иранмен де, Пәкістанмен де байланыс орнататын көпжақты алаң болуы.

Бұл жерде Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті ерекше маңызды.

Қытайдан Еуропаға, Орталық Азиядан Каспийге, Каспийден Кавказ бен Түркияға шығатын бағыттар қатар дамып жатқан кезде Қазақстан географиялық артықшылығын экономикалық артықшылыққа айналдыра алуы керек.

Өйткені XXI ғасырда географияның өзі жеткіліксіз.

Маңыздысы — сол географияны инфрақұрылымға айналдыра білу.

Теміржол бар ма? Автомобиль жолы бар ма? Порт жұмыс істей ме? Кеден рәсімдері жеңіл ме? Цифрлық құжат айналымы бар ма? Қаржы есеп айырысу жүйесі тиімді ме?

Осы сұрақтарға жауап беретін механизмдер пайда болған кезде ғана ШОС-тың экономикалық салмағы нақты сезіледі.

Әйтпесе әлемнің төрттен біріне жуық экономикасын қамтитын ұйым туралы статистика әдемі көрінгенімен, оның күнделікті экономикалық өмірге әсері шектеулі болып қала береді.

Міне, ШОС-тың алдында тұрған ең үлкен мәселе осы.

Ол өз көлемін нақты ықпалға айналдыра ала ма?

Өйткені үлкен болу — ықпалды болу деген сөз емес.

Көп елдің бір жерде отыруы — интеграция емес.

Көп декларация қабылдау — саясат емес.

Ал үлкен экономикалық көрсеткіштер автоматты түрде ортақ экономикалық жүйе қалыптастырмайды.

Сондықтан Бішкек саммитінің ең маңызды өлшемі қабылданатын құжаттардың саны емес, олардың қаншасы нақты механизмге айналатынында болмақ.

Қауіпсіздік саласында да осындай жағдай.

ШОС-тың бастапқы өзегінде терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы күрес тұрды. Бүгінде қауіпсіздік ұғымы кеңейді. Киберқауіпсіздік, есірткі айналымы, шекара қауіпсіздігі, ақпараттық кеңістік, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі алдыңғы орынға шықты.

Бірақ ШОС-тың қауіпсіздік ұйымы ретінде НАТО-ға айналуы әзірге мүмкін емес.

Неге?

Өйткені оның мүшелерінің қауіпсіздік мүдделері бірдей емес.

Үндістан мен Пәкістанның өзара қатынасы — соның айқын дәлелі. Қытай мен Үндістан арасында да стратегиялық бәсекелестік бар. Орталық Азия мемлекеттері өз қауіпсіздігін бір ғана державаға байлап қоюға мүдделі емес.

Сондықтан ШОС-тың болашақ қауіпсіздік архитектурасы әскери одақтан гөрі келіссөз, ақпарат алмасу, терроризмге қарсы іс-қимыл және аймақтық тұрақтылық механизмдеріне жақынырақ болуы ықтимал.

Бұл оның әлсіздігі емес.

Керісінше, қазіргі жағдайда оның басты артықшылығы болуы мүмкін.

Өйткені әлемге тағы бір әскери блоктан гөрі, қарсыластарының өздері сөйлесе алатын алаң қажет.

Үндістан мен Пәкістан бір үстелге отырса, Қытай мен Үндістан диалог жүргізсе, Орталық Азия мемлекеттері өз мүддесін ірі державалармен бір кеңістікте талқылай алса — мұның өзі халықаралық саясаттағы белгілі бір құндылық.

ШОС-тың мұндай рөлі көзге бірден түспеуі мүмкін. Бірақ дипломатияның ең маңызды нәтижелері кейде камера алдында емес, жабық есіктің ар жағында пайда болады.

Сондықтан ұйымды тек қабылданған декларациялармен өлшеу дұрыс емес.

Бішкек саммитіне әлемдік медианың қызығушылығының артуы да кездейсоқ емес. Саммит қарсаңында Қырғызстанда ШОС елдерінің медиа және сараптамалық орталықтарының форумы өтіп, 26 елден шамамен 250 өкіл жиналды. Бұл ШОС-тың ақпараттық кеңістікке де көбірек мән бере бастағанын көрсетеді.

Әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарасақ та, ұйымның қабылдануы екіұшты. Бір тарап ШОС-ты Батысқа қарсы жаңа күш ретінде көреді. Екінші тарап Қытайдың ықпалы тым күшейіп кетуі мүмкін деп алаңдайды. Үшінші көзқарас бойынша, ШОС — әркім өз есебін жүргізетін үлкен дипломатиялық клуб.

Үшеуінде де шындықтың бір бөлігі бар.

Бірақ ШОС-ты түсінудің ең дұрыс жолы — оны ешқайсысына толық жатқызбау.

ШОС — қазір қалыптасып жатқан көпполярлы әлемнің өзіндік зертханасы.

Оның ішінде бәсекелестік те бар, ынтымақтастық та бар. Сенім де бар, күдік те бар. Ортақ мүдде де бар, ұлттық есеп те бар.

Осы жағынан алғанда ШОС-тың болашағы оның «Батысқа қарсы» болуында емес.

Керісінше, оның Батыссыз қаншалықты дербес жұмыс істей алатынында емес, әлемнің әртүрлі орталықтарымен қатар өмір сүре алатын жүйе құра алуында.

Бұл жерде бір маңызды нәрсені ұмытпау керек: әлемдік саясатта «немесе-немесе» дәуірі біртіндеп «және-және» дәуіріне ауысып барады.

Мемлекет бір мезетте ШОС мүшесі де, басқа ұйымдардың мүшесі де бола алады.

Үндістан соның айқын мысалы.

Қазақстан да дәл осындай көпвекторлы кеңістікте өмір сүріп отыр.

Сондықтан болашақтың халықаралық ұйымдары бұрынғыдай қатаң әскери-саяси блоктар ғана болмауы мүмкін. Олар бір-бірімен қабаттасатын экономикалық, көлік, энергетикалық, қаржылық, технологиялық және қауіпсіздік желілерінен тұратын күрделі жүйеге айналады.

ШОС дәл осындай желінің бір түйіні болуға талпынып отыр.

Бірақ талпыныс пен нәтиже — екі бөлек нәрсе.

Бішкек саммиті осы айырмашылықты айқындайды.

Егер жиын тағы да әдемі сөздермен шектеліп, нақты экономикалық, қаржылық және инфрақұрылымдық механизмдер кейінге қалдырылса, онда ШОС туралы «үлкен әлеуеті бар, бірақ нақты ықпалы шектеулі ұйым» деген пікір сақталады.

Ал егер даму банкі, ұлттық валюталармен есеп айырысу, көлік дәліздері, цифрлық байланыс, инвестициялық жобалар және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық нақты институттарға айнала бастаса, онда ШОС-тың сипаты өзгереді.

Сонда ол жай ғана саммит өткізетін ұйым емес, Еуразиядағы экономикалық және саяси байланыстардың бір бөлігіне айналады.

Бірақ оның алдында тағы бір үлкен қауіп бар.

Ол — тым үлкен болып кету.

Мүшелер көбейген сайын мүдделер де көбейеді. Мүдделер көбейген сайын ортақ шешім қабылдау қиындайды. Ұйымның географиясы ұлғайған сайын оның күн тәртібін бір арнаға түсіру күрделене береді.

Сондықтан ШОС-тың келесі 25 жылы алғашқы 25 жылынан маңыздырақ болуы мүмкін.

Алғашқы ширек ғасырда ол өмір сүру құқығын дәлелдеді.

Енді оған тиімділігін дәлелдеу керек.

Әлемге тағы бір үлкен ұйымның қажеті жоқ.

Әлемге жұмыс істейтін ұйым қажет.

Бішкек саммитінің басты сұрағы да осы.

ШОС әлемді өзгерте ме?

Мүмкін.

Бірақ әзірге одан да маңызды сұрақ бар: өзгеріп жатқан әлем ШОС-ты өзгерте ала ма?

Егер ұйым жаңа экономикалық шындыққа, санкциялық қысымға, технологиялық бәсекеге, көлік дәліздерінің қайта құрылуына, энергетикалық өзгерістерге және жаңа қауіпсіздік қатерлеріне нақты жауап бере алса, оның халықаралық салмағы сөзсіз артады.

Ал егер ШОС ортақ декларация қабылдап, әр мемлекет өз жолымен кететін алаң болып қала берсе, оның алып географиясы мен үлкен демографиялық салмағының өзі жеткіліксіз болады.

Сондықтан Бішкектегі жиынның тарихи маңызын лидерлердің кіммен қол алысып, қандай суретке түскенімен емес, қандай нақты механизмдер іске қосылғанымен өлшеген дұрыс.

ШОС-тың тағдыры біреуге қарсы тұрумен емес, бір-бірімен қаншалықты тиімді жұмыс істей алуымен шешіледі.

Бүгінгі әлемде жаңа шекаралар картада ғана емес, қаржы жүйесінде, логистикада, технологияда, энергияда және ақпаратта салынып жатыр.

ШОС сол жаңа шекаралардың қай жағында тұратынын енді анықтайтын кезеңге келді.

Ал Қазақстан үшін бұл процесті сырттан бақылап отыратын уақыт емес.

Қазақстан үшін басты міндет — ШОС-тың кімге қарсы екеніне емес, оның қандай мүмкіндік беретіндігіне қарау.

Өйткені геосаясатта ең үлкен қателік — біреудің жобасына қосылу немесе оған қарсы шығумен ғана шектелу.

Ең үлкен саясат — өз мүддеңе пайдалы кеңістікті қалыптастыру.

Бішкек саммиті осы тұрғыдан алғанда ШОС-тың ғана емес, Қазақстан сияқты орта державалардың да дипломатиялық шеберлігін сынайтын алаң болмақ.

ШОС-тың келесі 25 жылы оны кім басқаратынымен ғана емес, оның ішінде кім өз мүддесін қаншалықты сауатты қорғай алатынымен анықталады.

Сондықтан Бішкекке жиналған мемлекет басшыларына қарап, «жаңа әлемдік тәртіп құрылып жатыр» деп асығыс айтуға да, «тағы бір саммит өтіп жатыр» деп қол сілтеуге де болмайды.

Шындық әлдеқайда қызық.

Жаңа әлемдік тәртіп дайын күйінде еш жерде құрылып жатқан жоқ. Ол осындай келіссөздерде, сауда жолдарында, қаржы келісімдерінде, энергетикалық жобаларда және мемлекеттердің бір-бірімен қалай сөйлесетіні арқылы біртіндеп қалыптасып жатыр.

Ал ШОС — сол жаңа әлемнің дайын ғимараты емес.

Ол әлі салынып жатқан ғимарат.

Бішкек саммиті сол ғимараттың қабырғасы тағы бір қабат көтерілді ме, әлде кезекті жобалық сызба ғана бекітілді ме — соны көрсетеді.

Алдыңғы жазбаАйбек Дәдебай Қазақстан Құрылтайының төрағасы болып сайланды