Әзербайжандық әріптестер Алматыда Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтетіні жайлы жарыса жазып жатыр. Біз тек диалог алаңын ұсынады екенбіз.
Келіссөздер тек екіжақты сипатта өтеді екен. Кавказдағы екі елдің мәселесіне үшінші жақ қатыспайтын болғанына мәз олар. Брюссель де, Мәскеу де «кеңесшілері» көп орта деп есептейді. Ал қазақтар келіссөзге араласпайды. Демек әзербайжандар мен армяндар түбегейлі бейбіт келісімге келуі мүмкін.
Бүгін осы мәселеге байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев та мәлімдеме жасапты.»Алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді»,-депті Президент.
Негізі «ағаларыңды ертіп алмай, өздерің ғана сөйлессеңдерші» деген идея біздің жақтан шыққан дейді. Ешкімді араластырмай өзара келіссөз жүргізсе нәтиже шығуы мүмкін екенін айтсақ керек. Шынында да Кавказдағы екі елдің дауына өзгелердің араласқанынан нақты нәтиже шыққан жоқ. Отыз жылдан астам уақыт талай ел араласты. Енді Баку мен Ереван өздері шешпек екен.
Өз басым Алматыдағы кездесулерден кейін екі елдің арасындағы жер дауы толық шешілетін шығар деп ойлаймын. Әрі Қазақстанның әдемі дипломатиялық жүрісіне сүйсіндім. Әзербайжанмен байланысымыз тамаша, Арменияны да назардан тыс қалдырмадық. Кавказда тыныштық орнағаны бәрімізге пайдалы болатынына қырғиқабақ екі ел саясаткерлерінің көзін жеткіздік-ау шамасы. Бәрі де батысқа бағытталған транзиттік дәліздің қауіпсіздігі үшін керек. Дипломатияның ерекше қыры да осы болса керек.
Амангелді Құрмет (ФБ парақшасынан)