Home Руханият «Қамауда қалған арман»

«Қамауда қалған арман»

149

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында белгілі актриса, жүздеген концерттің ұйымдастырушысы, сценарист, конферансье Марал Анарбектің «Қамауда қалған арман» атты моноспектаклі сахналанған болатын. Шығарманың режиссері және авторы елімізге белгілі актер –  Нұржан Тұтов.

 

«Қамауда қалған арман» спектаклінің премьерасы кешке қонағын күтіп отырған Жазираның үйінен басталады. Ары қарай жалғызбасты келіншекпен күтпеген жерден пайда болған, өмірден өз орнын таба алмай жүрген арманшыл Қатира есімді жас қыздың арасындағы диалогпен өрбиді. Бас-аяғы төрт актердің сомдауымен сахнаға шыққан шығармада өмірде бәріміз көріп жүрген, бірақ аса мән бере бермейтін тақырыптар сахна тілімен шынайы түрде көрерменге жетті». Кеш бойы төрт актер көрермендерге біздің назарымыздан тыс қалатын өмір тақырыптарын шебер түрде жеткізе білді.

Қойылымға концерт жүргізушісі әрі сценарист ретінде тәжірибесі бар Марал Анарбек өзінің ерекше өнер философиясын көрсетуде актерлік рөлін шебер сомдады.

«Мен мұхитты көргім келеді.Мүмкін менің тағдырым осы шығар» деп ойлайды Қатира. «Мен балық сияқтымын, судың даусын естісем, барамын.» Бала кезімде бір фильм көрдім. Бір жас ханзада ханшайымын кемемен алып кетті, содан бері бұл менің арманыма айналды. Тек мен және мұхит, тек екеуміз. Мен сені өзіммен бірге алып кеткім келеді» – деген Қатира есімді жас қызды құшақ жая қарсы алған Жазира, үйіне кенеттен келген қонақтың өзінің арманына жету жолында біреудің ала жібін аттауға дейін баратын айлакер деп ойламады ғой.

Армандау керек, әрине. Бірақ арманға жетудің жолы сол сияқты барынша қажрлы еңбек пен саналы ой жетегінде жүзеге асуы тиіс.

«Қамауда қалған арман» атты қойылымы – бізді адамшылыққа жатпайтын істерге бармауға, жақындарымызды, ең бастысы өзімізді алдамауға, шынайы болуға үйрететін нағыз ғажайып шығарма. Бұл қойылым біздің өмір жолымызда туындауы мүмкін барлық сынақтар мен қиындықтарға қарамастан, адам болып қалудың маңызын еске салады.

Қойылымдағы негізгі көтерілген тақырыптардың бірі – адалдық. Бұл өзіңізге де, басқа адамдарға да адал болу қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Адалдық – ұзақ әрі бақытты өмір сүрудің кепілі. Шығарма шыншыл болуды үйретеді. Сонда барлық кедергілер мен қиындықтарды жеңуге болатынына үгіттейді. Мейірімділік, істеген іске, сөйлеген сөзге жауапкершілік арқалау – қойылымдағы лейтмотив сияқты көрінетін тағы бір маңызды ұғым. Ендеше, «Қамауда қалған арман» қойылымы көрерменге қызықты көріністі көрсетіп  қана қоймай, шынайы мейірімділіктің, адалдық пен жанқиярлықтың даналығы мен тағылымын береді.

Бағдат  Сұлтанқызы

 

 

 

Алдыңғы жазбаСілтесең – семсер, қорғансаң – қалқан болған…
Келесі жазба«24 жасымда ауыл биі болдым»