«24 жасымда ауыл тұрғындары мені бір ауыздан би етіп сайлады. Содан бері би қызметін атқарып келе жатырмын. Бұған қоса, Бадам ауылындағы Айтбай Шерімқұлов мектебінде 2017 жылдан бері информатика пәнінің мұғалімі болып істеймін», – дейді Түркістан ауылы, Ордабасы ауданы, Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылының биі Руслан Құдияров.
Әр ауылдың азаматы туып-өскен ауылы үшін іс жасап, сол ауылдың көркеюіне, өркендеуіне, жандануына үлесін қосса, өзімшілдікпен емес, өзі өмір сүріп жатқан қоғамы үшін қам жесе қазақ қоғамы өсетінін айтып отыр. Осы орайды пайдаланып жас та болса, ауылдың биі атанып жүрген Руслан Құдияровпен сұқбаттасудың реті келді.
– Абылай хан заманындағы қара қылды қақ жаратын билердің бойында болған қасиеттер сізде бар ма?
– Аса бір дарынды, ерекшелеп тұратын қасиеттерім бар деп айта алмаймын. Адал болуға, әділ болуға, тұрғындардың сенімін ақтауға, туралықты айтуға, мойныма алған жауапкершілікті ақтауға бек тырысамын. Бірақ бұны қасиетке жатқыза алмаймын. Кез келген адамның бойында болуы керек адами міндет дегенім дұрыс болады-ау. Біздегі кей билікте отырған шенеуніктерге осы бір қасиет жетіңкіремейді. Кез келген адам менің жасағанымды жасап, істегенімді істеп, айтқанымды айта алады. Бірақ, бүгінгі қоғам, бүгінгі қазақ өзімізді ғана ойлап, қоршаған ортамызға мән бермей, өзімізбен өзіміз өмір сүріп кеткендейміз.
– Би болып істегеніңізге қанша уақыт болып қалды? Біршама тәжірибе жинаған боларсыз. Нені ұғындыңыз?
– Би болып істеп жатқаныма жеті жылға жуықтап қалды. Өмірлік үлкен тәжірибе жинадым. Би болу арқылы өзімді дамыттым, жетілдірдім. Сырт көзге ір ауылды басқару, би болу оңай сияқты болып көрінеді. Негізінде, олай емес. Жауапкершілікті сезінетін, немқұрайды қарамайтын адам үшін бұл оңай емес дегім келеді. Бір сөзбен айтқанда: Ауылдағы қордаланып қалған кез келген мәселелерге би жауапты. Бірақ бір биге бәрін артып қоюға да болмайды. Биге демеу беру, халық болып әрқашан оны қолдау және қорғау, айтқан ұсыныстарына құлақ салып, ұйымшылдықты көрсету — сол сайлаған тұрғындардың басты борышы.
-Ауылыңыздағы ауыл тұрғындарының бүгінгі жағдайы, әлеуметтік көрсеткіші қандай деңгейде?
– Жақсы деңгейде деп ұялмай айта аламын. Себебі, мемлекет тарапынан халыққа жасалуы керек дүниелерді кезегімен әкімдермен ақылдаса, ұсыныс айта отырып әр жыл сайын түсіртіп жатырмыз. Әр азамат өз ауылы үшін жаны ашып, сол ауыл соның болашақ балаларының жайлы, сапалы өмір сүруі керекін түсініп, өз ауылы үшін әр тұрғын бей-жай қарамаса екен деймін.
– Ауылға қажетті мықты инфраструктуралық жобаны ұсынып көріңізші. Қайткенде ауыл дамымақ?
– Ауылды дамыту, сол жердегі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, Мен ұсынатын және ауыл тұрғындарының жағдайы жақсаратын негізгі екі жол – егіншілік пен мал шаруашылығы. Қазір ауыл шаруашылығын дамытуға көп жобалар іске қосылып жатыр. Мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несиелер орын-орнымен жұмсалса екен. Сөздің шындығын айтқанда, таныс ағай-апайлары барлар қаражатты жымқырудың түрлі жолдарын меңгерген. Міне, қаражат мақсатты түрде өзінің аудиториясына, ауыл жағдайына жаны ашитын, ауылдағы тұрмыстық әлеуетті көтеретін, көгертетін азаматтар алса деймін. Елімізде ашылған зауыттар мен фабрикалар бар, жоқ емес. Десе де, біз алға дами алмадық, әлеуметтік мәселелер мен жұмыссыздықты шеше алмадық. Жұмыс іздеп, ауылдағы қазақ баласынан орта жасқа келіп қалғанына дейін қалаға барып қаңғып кетті. Осыны көріп қалай жүрек сыздамайды? Ата-бабамыз аманат етіп қалдырып кеткен жерімізді әрі қарай игермек түгіл сақтай алмай отырған жайымыз бар ғой. Ендігі ауылды көркейтудегі баст мақсат – ауыл шаруашылығын дамыту. Ауылдағы әр қазақ төрт-түлік мал, құс, үндік шаруашылығын дамыту қажет деп ойлаймын.- –
-«Дипломмен ауылға» бағдарламасы сынды мемлекеттік өзге жобалар туралы шын ойыңыз қандай?
– Бұлар кәдеге асып жатыр ма? Бұл бағдарламаның қаншалықты кәдеге асып жатқанын білмеймін. Бәлкім, құжат бойынша кәдеге асып жатқан шығар. Қаладан ауылға келіп жұмыс істеп жатқан маманды өзім көрмедім. Сол себепті де бұл жайлы нақты ештеңе айта алмаймын.
– Әкіммен тікелей байланыс жасап тұрасыздар ма?
– Әрине, онсыз болмайды. Ауыл, аудан әкімдеріне жеке бастың шаруасымен емес, ауылдың шаруа жайымен кіремін. Мен араға депутат салып, депутатқа шешіп бер, сенің шешуің керек демеймін. Біз жақтан сайланған (тағайындалған) депутатқа рақат, оны ешбір адам мазаламайды. Егер мәселеміз ауыл әкімінің деңгейінде шешіліп жатса, аудан әкіміне барып әуре болмаймын. «Руслан, мен бұл мәселені шеше алмаймын, аудан әкіміне айтып көр, қабылдауына жазыл» дейтін жағдайға тап болсақ, әрине, аудан әкіміне жол түзейміз. Барған кездің өзінде бізді жылы шыраймен күтіп алып, әр айтқан уәждеріміз бен ұсыныстарымызды жақсы қабылдап, мақұлдап шығарып салады. Мәселе осылай біртіндеп шешіле береді.
Әкімдермен сөзге келіп, қатты батырып айтып сынайтын кездерім де аз емес. Тіпті, қайбір жылы ауданның әкіміне өзінің берген уәдесін орындай алмағаны үшін жұмыстан шығуын талап еттім. Халық та осындай талаптарды жеткізетін жеріне жеткізіп, әкімдер мен депутаттардан уәделерінің орындалған-орындалмаған тұстарын сұрауы керек. Сол кезде алға жылимыз. «Сен тимесең, мен тимейін бадырақ көз» деп отырған жарамайды.
– Еліміздің өркендеуінде ауылдың дамуы қандай рөл атқарады?
– Елдегі халықтың 42 пайызы ауылда тұрады. Сол себепті де ауылдың дамуы маңызды рөл атқарады. Бірақ біздің билік бұны кеш түсінді… Дер кезінде түсінбегендіктен бірнеше ауыл жойылды, қаңырап қалды. «Ештен кеш жақсы» деп бекер айтпаған, сол қателіктерден сабақ алғаннан кейін болса керек, үкімет ауылға көңіл бөліп жатқаны. Президент тапсырмасымен 5 жыл «Ауыл жылы» болып бекітілді. «Былтыр президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салады. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы мүмкіндікті пайдаланып ауылда өмір сүріп жатқан халыққа жағдай жасап, ауылды заманға сай өркендетіп алуым үшін жақсы мүмкіндік.
– Би ретінде соңғы уақытта, бұрын – соңды емес, қандай мәселелерді қозғадыңыз?
-Қандай мәселе шешімін тапты дегенге келейік. Фап (медпункт) мәселесі шешілді, осы жылы ауылға түседі. Өткен жолы аудан әкімі Азат Оралбаев мырзаға ұсыныс айтқан едім. «Бірінші кезекте шалғайда орналасқан ауылдарға жағдай жасайық, сол балардың болашағының жарқын болуы үшін, балалық шағы жақсы өтуі үшін балалар ойнайтын алаңша салуды бюджетке енгізіп беріп, осыған себепкер болсаңыз» деген ұсыныс. Содан бірнеше ауылдарға балалар ойнайтын алаңша салуды жоспарлап, биылға қаражатты бюджеттен бөліпті. Міне, содан осы жылы ауылға балалар ойнайтын алаңша салынатын болды. Шүкір, ауылымыз шалғайда болса да, кей ауылдарға қарағанда көш ілгері келеміз.
– «Әкім емессіз», «ауыл биісіз» деп төбеңізден қарайтын және ұсынысыңызға жауап ала алмайтын кездер болды ма? Ауыл тұрғындарының арасында беделіңіз жоғары болар?
– Ұсынысыма жауап бермей қойған кездер болмаған. Бірақ алғаш би болып, ауылдың мәселесімен мемлекеттік мекемелерге барғанда менсінбей қарайтын кездерді байқайтынмын. «Бұл бала әлі жап-жас», «не біледі дейсің?» деген сияқты сыңайда қараған кездер 4-5 жерде кездескен. Менде бір принцип болды: қайтсем де өзімнің қолымнан ауыл адамдарына жасайтын жүгі ауыр істі асқан жауапкершілікпен орындай аламын, бұл істің қолымнан келетінін дәлелдеймін деген. Осындай принциптерімнің һәм қырсық мінезімнің арқасында шығар, әлі күнге дейін алға қарай жылжып, әр күн сайын, жыл сайын өзімді жетілдіріп келе жатырмын. Әлихан Бөкейхан атамыз айтқандай, «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден»- дегені рас екен. Кез келген адамға бірінші мінез керек, егер мінезді болмасаң, әр айтқан адамның пікірімен, ойымен кете барады екенсің. Оның үстіне мінезің болмаса, сенімен санасатын, ақылдасатын адам болмайды екен. Ауыл тұрғындарының арасында орным атқарып жүрген ісіме қарай жоғары шығар, ал би деген құр атты алып алып, құр жүріп, жоғары бола алмайсын. Қандай да бір істі істер алдында ауыл тұрғындарымен ақылдасып, олардың ұсынысын, идеясын тыңдап оң шешім қабылдаймыз. Ауыл тұрғындарын өз ауылымызға жанашыр, қамқор болуды, немқұрайды қарамауға шақырамын. Ауыл – әр қазақ баласының алтын бесігі. Ауылды көркейту, жандандыру һәм заманға сай дамыту – әр қазақ баласының борышы, міндеті. Ауылдан адам кетсе де, адамнан ауыл кетпейді емес пе?!
– Ауыл шаруашылығын дамыту туралы айтсаңыз.
– Мемлекет тарапынан ауылшаруашылық жүйесіне қаншалықты қолдау көрсетсе, соншалықты дамиды. Негізінен, бізде ауыл шаруашылық саласын дамытуға барлық бағдарла бар. Сол бағдарламалар өз деңгейінде іске қосылып, қаншалықты нәтиже шығаруда? Мәселе осында жатыр. Мысалы қолы ұзын, танысы барлар бірнеше гектар егіндік жерді, бірнеше бас қара малды көрсетіп қойып жеңілдетілген несиені (субсидия) миллиондап алып жатқандарын естіп қаламыз. Осындай жағдайлардан кейін Американың ауыл шаруашылықты дамыту бағдарламасын пайдалансақ та дамымайтынымыз түсінікті ғой. Кейде өзімізден де бар, пендешілікке салынып кетеміз. Адал қоғам қалыптастыру әр адамның өзіне байланысты. Ал адамның санасы өзгермесе, онда бәрі де бекер. Қазір ауылда жайылым жерлер де тарылып, тапшы болып кетті. Осы жайылымның болмауы ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылық министрлігі мен әкімдерге бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасы орындалды ма, орындалмады ма осыны оқыған оқырман айта жатар.
– Ауылды дамыту жоспары туралы да айтсаңыз.
– Ауылды дамытатын – инфрақұрылым. Мектеп, жол, су, газ, электрмен қамту желісі, медицина саласы мен байланыс желілері және спорт зал, мәдениет үйі мен балалар ойын алаңшасы – ауылдың дамуының көрінісі. Билік осыған назар аударса, әр ауылға осылай жағдайдың жасалуы өте маңызды іс болмақ. Біздің елдегі ауылдың көбісінің тоз-тозы шығып кеткен. Оның себебі, үкіметтің дер кезінде көңіл бөлмеуінде жатыр. Ол ауылдарды қайта жандандыру, көркейту өте ұзақ процессті алады әрі көп қаржыны қажет етеді.
Би қызметі ақы төленетін қызмет қатарына жатпайды. Бұл бір қоғамдық жұмыс, басқаша айтқанда, қоршаған ортаның жақсы, таза, тәртіпті болуын қадағалау, сондай әдемі ортада өмір сүру үшін жанталасу, жүрегіңнің бір бөлшегін беру. Халықтың алғысын алып, өзіндік бір тұлға болып қалыптасуға жұмыс істеу, өскелең ұрпаққа үлгі болу, із қалдыру.
Енді қоғамдық мәселені көтергендіктен қорқыту да, үркіту де, неше түрлі психологиялық қысымдар болады. Осының бәріне психологиялық тұрғыдан адам дайын болуы керек. Дайын болмасаң, қоғамдық мәселемен айналысамын, халықтың үнін жоғарыға жеткіземін деп ойламай-ақ қоюға болады. Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлап, өз өзіңді бостан-босқа қинайсың.
Әңгімелескен
Бағдат Сұлтанқызы