Уақытында қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергенов:
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбылар тоздырған тау сияқты
Мен өлемін өзімнің биігімде – деп жазып еді және ғұмырдың шолақ екенін дәлелдеп, өзі шыққан биікте мәңгілікке қалып қойды.
Дүние-ай десеңші, қазақтың маңдайына біткен дара талант, арда ұл-қыздарының ғұмыры неге қысқа? Артына өлмес мұра, аңызға бергісіз әңгіме қалдырып, таңсәріде аққан жұлдыз сияқтанып кете барады. Әлде, жалпы адамға тән дозадан көп жұмыс істеп қоя ма екен? Кім білсін?
Сондай азаматтардың бірі – дүниеден ерте кеткен, бірақ иісі қазақтың жадында асқан талантымен сақталып қалған, қазақ театр сахнасының көркі болған Әнуар Молдабеков еді. Дүниеден өткеніне ширек ғасыр өтсе де, қазақ өнерінің аса ірі тұлғасы, көрнекті театр және кино актері, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнуар Молдабековтің жасындай жарқылды өнер жолы, шығармашылығы, адами болмысы туралы сыр шертетіндер көп. Олардың Әнуар аға жайлы айтқандары да, жазған естеліктері де жетерлік. Кезінде қатарлас, үзеңгілес жүргендердің естеліктеріне қарап отырып, Әнуар Молдабековтың қайталанбас шынайы талант иесі екенін бағамдауға болады. Тіпті кейбір достары Әнуардың сахнадан тыс өзге қырлары жайлы да сыр шертеді. Жұрт (актерлер) ел ішін аралап спектакль қойып, қайтарында барған жерлерінен қажетті асай-мүсейлер сатып алып жүрсе, Әнуар дала кезіп талдың әр нәрсеге ұқсап қалған тамырларын жинап, үйге келген соң бояп, сувинер ретінде жинап қояды екен.
Тағы бір қасиеті ақындардың өлеңдерін нәшіне келтіріп шабыттана оқи білген. Қызметтестерінің жасы-кәрісі болсын «сен» деп көрмепті. Бірге жұмыс істейтін қыз-келіншектермен бас иіп, қолдарынан сүйіп амандасатын әдеті бар-ды. Бұл да Әнуардың өзіндік қасиеттерінің бірі болса керек. Көз көргендер «Әнуар үнемі асығып жүретін» дегенді айтады. Кім білген, өмірінің қысқа болатын хақтағалла сездіріп, бәріне үлгеріп кетсем деген ойдың жетегінде жүрді ме екен?
Ірі дарының өміріне сәл шегініс жасайтын болсақ, Әнуарбек Молдабеков Алматы облысының, Іле ауданына қарасты Комсомол совхозында 1938 жылы туылған. Шыр етіп дүниеге келген нәрестеге әке-шешесі неге екені қайдам, Андрей деп ат қойса керек. Бірақ кейінен жұрт Әнуарбек одан кейін Әнуар деп атап кетіпті. Жастайынан өнерге бейім болған ол әнші болуды армандады. Дегенмен кейінен өмірі ағысы оны актерлікке алып келді. 1956 жылы консерваторияның драма бөліміне түскен. Алайда ол жерде бір оқытушының көңілге қонбайтын бір әрекетін бетіне басқаны үшін оқудан шығып қалған. Оған жасымаған Әнуар Әзірбайжан Мәмбетов «Жаңа студия ашып жатыр екен» дегенді естіп, сонда барған. 1958 жылы түсіп, екі жылда бітіріп шығады. Әнуардың сахнадағы алғашқы өмірі Қарағандыда басталды. Сонда жүріп өзімен бірге оқыған дарынды актриса Баян Имашеваға үйленді. Екі қыз, бір ұл сүйді. Сол Қарағандыда жүріп-ақ көптеген рөлдерді сомдады. Өзінің тегін адам емес екенін ол жерде де танытады.
1964 жылы Алматыға оралып, М. Әуезов театрына жары Баян екеуі орналасты. Ірі талант иесінің қалған өмірі осы Алматыда жалғасты. Сахнада Әзірбайжан Мәмбетов, кинода Шәкен Айманов секілді ірі тұлғалар Әнуарды өздеріне жақын тұтты. Табиғи талант екенін тани білді. Оның есімі халық арасында 1965 жылы «Ән қанатында» фильмінен кейін таныла бастады. Жалпы кинодағы ақын Мұсаның (Иса Байзақов) рөлінде ойнауға көптеген актерлер шақырылды. Алайда ол орынға С. Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының әлі кеңінен таныла қоймаған актері Әнуар Молдабеков таңдап алынды. Алғашқы роль – алғашқы жеңіс. Мұсаның бейнесі ерекше сәтті шықты. Осы үшін Әнуар аға Молдабеков Қазақ ҚСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол осы Мұсаны алғаш ойнағанынан-ақ өзінің алысқа баратынын, талай шыңға шығатынын танытты.
1970 жылы Республиканың еңбек сіңірген артисі, артынан халық артисі деген атаққа да қол жеткізді. Бірақ бұл жерде Әнуардың сахна мен кинода жүріп алған атақтарына тіреліп тұрған ештеңе жоқ, халық оны «Ән қанатындағы» Мұса арқылы, «Қан мен Тердегі» – Еламан, «Қыз Жібектегі» – Шеге арқылы кеңінен білді. Тіпті «Қыз Жібек» фильмінен кейін оны біраз уақыт халық Әнуар деудің орнына Шеге деп атап жүргені де белгілі.
Бір қызық жайт, «Қыз Жібек» фильмінде Әнуарға алдымен Төлегеннің, сосын Бекежанның ролін берген. Кейін Шегеге лайық актер табылмаған соң, ақынжанды, жаны нәзік Әнуарды сол рольге бекіткен. Сол Шегенің роліне дайындалып жүріп, домбыра үйренемін деп төрт домбыраны шаққан көрінеді. Әнуар Молдабеков сонау алғашқы «Қарақыпшақ Қобылдандыдан» бастап өмірінің соңына дейін театр сахнасы мен кинода жүріп қаншама тұлғаларды сомдап шықты. Бірінен бірі өткен дара дүниелер. Адам айтса сенгісіз…
Ал солардың ішінде А. Чеховтың «Ваня ағайындағы» бас кейіпкер Иван Войницкий ролін ойнап шығу Әнуар ағаның өнердегі бағындырған биігінің бірегейі деуге болады. Осы спектакль жөнінде Фарида Шәріпова («Ваня ағай» – Елена Андреевнаның ролінде ойнаған) былайша еске алады: «Рәсу болған есіл өмірім-ай. Талантты едім, батыл едім, ақылды едім. Дұрыс өмір сүргенде менен не Шопенгауэр, не Достоевский шығуы да мүмкін еді. Енді бәрі бітті. Ақылымнан алжаса бастадым. Маған бірдеңе берші! О, тәңірім-ай! Қазір қырық жетідемін. Егер алпысқа дейін тірі жүрер болсам, оған әлі он үш жыл бар, тым ұзақ! Сол он үш жылға қайтіп шыдаймын? Не істеймін, сонша ұзақ уақыт бойына нені ермек етем? Сол қалған ғұмырда басқаша өмір сүру мүмкін бе? Бір күні жарқыраған тыныш таңда жайбарақат түрегеліп, өзіңнің өзгеше өмір бастағаныңды, баяғының бәрі көрген түстей, сағымдай өте шыққанын бір-ақ білсең ғой. Жаңа өмір бастасам… Оны қайтіп бастаймын, неден бастаймын, айтсайшы…» деген монологі кімді болса да толқытпай қоймайтын еді. Ең соңғы рет ойнағанда – екеуміздің қоштасар кезімізде «Біз енді ешқашан кездеспейміз» деп жылап қалған сәті күні бүгінге дейін көз алдымда. Бұл – өзіме айтылған «үкім» тәрізді. Содан соң сахнаға шықпады. Қырық жеті жасында дүниеден өтті. Бұл не, тағдыр ма?..» деп жазады (Әйгілі адамдар. Әнуар Молдабеков. 2007 жыл. 18-20 бет) өз естелігінде. Әнуар ойнаған бұл спектакль (Ваня ағай) Мәскеуде де үлкен жетістікке жетті, жылы лебіздер айтылды. Дегенмен үлкен талант иесін аяғынан шалып, шетке тебу, тасадан тас лақтыру сияқты әбес қылықтар, батыраш пен қотыраштар сахна айналасынан да табылды. Қайсы бір жерлерде сахнаға шығуға да тосқауылдар қойылып, жақсы рольдерден шеттетіліп жатты. «… «Ваня ағай» қойылымының айқайға толы қайсыбір кезекті дайындығынан соң, шыдамым таусылған мен ағамның қасына жетіп барып: «намыс бар ма сізде, неге кемсітуді қой деп айтпайсыз. Немене сіз де келесі рольден құр қалам деп қорқақтайсыз ба? Сонда бұл рольді, бұл театрда сізден басқа ойнайтын актер бар деп ойлайсыз ба?..» деп төтесінен қойып қалдым. Басын кенет тік көтеріп алған ағамның баданадай көздеріндегі күйіктен өртенген ащы жасты сонда көрдім» деп еске алады Тұңғышбай Жаманқұлов. Осыдан-ақ Әнуарға кей кездерде әділетсіздік жасалғанын көруге болады. Әйтпегенде дара талант иесі сахна сыртында тұрып жайдан-жай көзіне жас алар ма еді. Қырандарды «бөденелер» аяқтан шалған заман-ай… Арнайы оқу орннан бітірмей-ақ, екі жылдық студияны бітіріп, елдің есінде қалатындай керемет образдарды сомдап шығу – кез-келген актердің маңдайына жазылмас бақ. Кей кездерде жаңға пьесаны сахналау үшін театрда жата-жастана даярлық жүргізген кездері де бар. Сондай шақта жары Баян апай шәй-тамағын театрға көтеріп барып, тамақтандырып жүреді екен. Көз көргендер осылай дейді. Киелі сахнаға шын жаны ашыған жан ғана осындай жанкештілікке барса керек. Амал қанша, тума талант иесі небәрі қырық жеті жасында сусамырдан дүниеден қайтты… Артында орта жолда доғарған көші қалды… Халық оны театр сахнасынан енді қайтіп көрмесе де, «Қыз Жібек», «Ән қанатында», «Өтелмеген парыз», «Қан мен тер» сияқты фильмдер арқылы қауышып, жадында сақтары хақ. Қазақтың жақсы-жайсаңдары мәңгілік тыным тапқан Кеңсайда сахна төрінде алмас қылыштай жарқылдап өткен, мұқалмас дарын иесі Әнуар Молдабековтың моласы бар. Құлпытаста «Сілтесең – семсер, қорғансаң – қалқан орнына жүрген қайран Әнуар» деген қазақтың өзге бір дарынды ұлы Асқар Сүлейменов айтқан сөз қашалып жазылған. Әнуар аға жайлы бізге бұдан асып айту мүмкін бе?
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
«Айқын» газеті. 3.03.2010 жыл