Оның айтуынша, бұл қаражатты қайтарудағы басты мақсат – оны мемлекеттің экономикалық айналымына түсіру, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру.
Айбек Дәдебаев шетелден қайтарылған қаржының ел игілігіне жұмсалып, нақты әлеуметтік нысандар салынып жатқанын хабарлады.
«Қазіргі таңда заңсыз активтерді қайтарудан түскен қаражаттың бір бөлігі, Президенттің тапсырмасы бойынша 62 мектептің құрылысына жұмсалды, бұл – 76 мыңнан аса оқушыны мектеппен қамтамасыз ету деген сөз. Оның жартысынан астамы қолдануға берілді, жыл соңына дейін тағы 25 мектептің құрылысы аяқталады. Келесі жылы қосымша 20 мектеп салынады».Айбек Дәдебаев
Президент Әкімшілігінің басшысы тағы бір мысал ретінде, қайтарылған 180 миллиард теңге тұрғындарға ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға, аймақтардағы автобус парктерін жаңартуға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыруға және жеңілдетілген автонесие беруге бағытталғанын хабарлады. Алматы қаласындағы қайтарылған жер телімдерінің бірінде 240 орындық балабақша салынатын болды.
«Мемлекетке қайтарылған халық қазынасы еліміздің мұқтаждықтарына жұмсалып жатыр, оның барлық механизмі «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңында жазылған. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған практика екенін атап өткен жөн. Қазір бұл тәжірибені беделді халықаралық ұйымдар да, серіктес елдер де құптап отыр».Айбек Дәдебаев