Бүгінгі күні сарапшылар Орта Азия жөнінде сөз еткенде, көбіне өзбек пен қазақты салыстырып сөз етуге тырысады. Қай ұлт басым, несімен озық деген әңгіме. Бәлкім бұл дұрыста шығар. Өйткені кейін қалып бара жатқан елді қамшылау. Көшін оздыру. Жігерін қайрау. Сонымен жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығының соңында кімнің бағы жанып, кімнің аты озып тұр? Қазақ әлде өзбек? Орта Азия көшбасшысы болуға кім лайық? Белгілі экономист Рүстем Жансейітов алдағы бес жылда Өзбекстанның біздің елді шаң қаптырып кетуіне мүмкіндігі бар деген пікірде.
Өзбекстан дамудың даңғыл жолында
— Қазіргі Өзбекстан реформаларды белсенді түрде жүзеге асырып, әлемдегі зайырлы қауымдастыққа кіруге ұмтылуда. Атап айтарлығы, олардағы орындаушылық тәртіп өте жоғарғы деңгейде. Егер олар біздің алдымызға түссе, Орталық Азиядағы жетекші орынға шығады. Ал егер елде қайтадан саяси ауыс-түйістер орын алып, билік басына Түркменбашы сияқты саясаткер келетін болса, онда ел қайтадан мешелденіп қалады.
Алайда қазіргі президент Шавкат Мирзияев өзін жеткілікті деңгейдегі парасатты адам ретінде көрсетуде, — деген пікірде экономист.
Жансейітовтың айтуынша,
қазір Өзбекстан ел ішіндегі өнеркәсіп пен өндірісті дамытуға ден қойса, Қазақстанда ешкімге қажеті жоқ жобалар пайда болуда.
Келте ойлаймыз
— Ал бізде жоба жасау кезінде күнделікті қажеттілік есепке алынбайды, экономикалық негіздеме жасалмайды. Оған бас қатыруға ешкім құлықты емес. Мәселен, Қарағандыда ауыл шаруашылғының қажеттілігін өтеу мақсатында самолет жинақтау өндірісі жасалды. Ақыры, не болды – бәрі тоқтап тұр. Ақтаудағы планшеттер өндірісі де соның күйін кешті.
Өзбекстанда мұндай дарақылық жоқ: егер бір нәрсе жасалса, ол міндетті түрде жұмыс істейтін болады. Мұны өте қарапайым дүниемен түсіндіруге болады – бізде кәсіби мамандар тапшы – адамдарды қызметке тағайындауда бірінші кезекте үміткердің білімі, ақыл-парасаты емес, туыстық байланыстары басшылыққа алынады, — дейді күйінген экономист.
Тарих не дейді?
— Атап айтарлығы, өзбектер тез үйренеді. Олар көрші елдерде не болып жатқанын жіті бақылап отырады. Сөйтіп, олардың жағымды істерін қағып ала қояды. Өзінің емес, өзгенің қатесінен сабақ алады. Нәтижесінде, айналсоқтамай, алға қарай ұмтылуда. Сонымен қатар, өзбек – өте еңбекқор халық. Осы орайда, генетикалық жады да өз әсерін тигізіп отырған болар. Өйткені, өзбек ежелден отырықшыл халық.
Сондықтан олар көшіп-қонып жүрген қазақтан өзгеше ойлайды. Ал осы қабілет гендік деңгейде өз нәтижесін беріп отырған болар. Өйткені отырықшыл халық қолөнерді, өндірісті дамытуға ден қойса, көшпенділердің ойы, басымдылықтары басқада жатыр, — деген сенімде Жансеитов.
Біздің экономика 2007 жылда қалып қалды
Тағы бір атап айтарлығы, Өзбекстанда көптеген мемлекеттік қызметшілер бұрынғы билік жүйесінен қалғандар. Міне, сол адамдар, экономистің айтуынша экономиканың алға басуына тежеуіш болып отыр.
— Тіпті, қасақана істемеген күннің өзінде, олар қоғамның өзгеруіне үнсіз қарсылық білдіріп, тежеу болуда. Дегенмен болашақта өзбек ұкіметі бұл мәселені шешеді, деп ойлаймын, — дейді сарапшы.
Ал Қазақстанға келетін болсақ, Жансейітов барлық мәселе экономика дамуының тоқтап қалуында деген ойда.
— Дегенмен жақсы кезең де болған, ол кезде баға төмен, еңбекақы қомақты болатын. Даму векторы да мүлдем бөлек болатын. Одан кейін, біз сұмдық девальвацияларға ұшырап, осындай құлдыраушылық жайлаған күйге түстік.
Қазіргі таңда ЖІӨ өсімін жалмауыз инфляция жұтып қоюда. Көп қаржы қажетті салаларға жіберілмей, бекер шашылуда.
Сондықтан ел дамуының стратегиясын жасайтындар өткен жолымызға шолу жасап, 2007-2008 жылдардағы алғашқы дағдарыстың алдына атқарылған істерді сараптау қажет. Олай болмаған жағдайда, біз осындай мешел қалпымызда қалып қоямыз, — дейді сөзін қорытындылаған Рүстем Жансейітов.