Home Басты жазба Оспан  батырдың  Колчактан  несі  кем?

Оспан  батырдың  Колчактан  несі  кем?

24

 Ресей мен Қытай шекара (ХІХ ғасырдың соңы) сызығын жүргізгенде тағдырдың жазмышымен жат елдің қармағында қалып, елінің азаттығы, жерінің тұтастығы үшін алысып, сол жолда құрбан болған Оспан батыр да қазақтың нарқасқа аяулы ұлдарының бірі десек, артық айтпағанымыз. Шекараның арғы бетінде қытайлармен де, моңғолдармен де, кеңестік елдің әскерлерімен де соңынан ерген жұртының амандығы үшін 11 жыл соғысып, илікпей кеткен Оспан батыр кім еді?

Батыр Алтай аймағының Көктоғай ауданының Өңдіқара қыстағында дүниеге келген. 1940 жылы Алтай аймағында Шың Шысай үкіметіне қарсы шыққан Көктоғай көтерілісіне белсене қатысқан. 1944-1945 жылдары Оспан батыр бастаған көтерілісшілер Шіңгіл, Көктоғай аудандарын Қытай әскерлерінен босатып, тұтас Алтай аймағын азат еткен. Осы еңбегі үшін Оспан батыр Кеңес Одағының көмегімен құрылған Шығыс Түркістан Халық Республикасының Халық қаһарманы орденімен марапатталған. 1945 жылы Шығыс Түркістан Республикасының армиясы құрылып, Оспан батыр басшылық жасайды. Сол жылы қыркүйекте Алтай аймағының генерал-губернаторы болып тағайындалады. Алайда уақыт  өте келе  қытай коммунистері  өз  тәртібін  орнатып,   өз  саясатын  жүргізе  бастаған. Оспан  батыр амалсыз қытайдың  жаңа  үкіметімен  соғысуға  тура келді.  Өйткені  қан  төгіп  азат  еткен елін өзге жұрттың  боданына  бергісі келмеді.

1945 жылдан кейiн Оспан батырды, жаңадан орнаған Шығыс Түркiстан Республикасының армиясы, Кеңес Одағы тарапынан барған әскерлер, Моңғолияның арнаулы бөлiмдерi үш жағынан тықсырды. 1947 жылға дейiн 3 елдiң әскерiмен алма-кезек соғысқан Оспан алдырмай қойды.  Алайда,  күштің аты күш,  артынан  ерген азғана  жұртпен  Алтай тауына бекеніп  соғысқанымен, жеңіліп,  батыр  тұтқынға  түседі. Бұған  дейін  айналасындағылар  босқан  жұртпен  бірге  Түркияға  өтіп  кетуге,   Америкаға  кетіп  қалуға  бірнеше  мәрте  ұсыныс  жасаған  көрінеді. Сонда  батыр: «Жаттың жерiнде тiрi жүргенше, туған топырақта сүйегiм қалсын!»  деп  өз  елінің  азаттығы  үшін  соңына  дейін  соғысқан.  Азаттық үшін аһ ұрып, 11 жыл бойы ат үстінен түспей қол бастаған Оспанды 1951 жылы 28 сәуірде Үрімжі қаласында коммунистік қытай өкіметінің жендеттері 80 мың адам жиналған алаңда, ел көзінше атып тастайды. Иісі  қазақтың  соңғы  батырының  өмірі  осылай   аяқталған  көрінеді.  Айтқымыз  келгені,  осындай елімен жері  үшін  отпен  оққа  түскен Оспан батырды   өз  елінде (Қазақстанда)  дәріптелмей  жатуы. Бәлкім  ұлттық  идеологияның  кемдігі  болар.  Жасыратыны  жоқ,  кейде  Ресейге  қарап  қызығасың. Ол  ел, Қазан  төңкерісінен  кейін  ақтар  қозғалысының    қолбасшылары  болған Александр Колчак, Антон  Деникин, Петр Врангель, Лавр Корнилов, Александр  Керенский, атаман  Дутовты  да  ақтап алып,  орыс  мүдесі  үшін алысқан   арыстар  ретінде танытуға  күш  салуда. Олар жөнінде  де деректі  фильмдер  түсіріліп,   зерттеулер жасалуда.

Тіпті Омбы  қаласында,  Ертіс  өзенінің  жағасында  Александр Колчактың  еңселі  ескерткіші  бой  көтерген. Бұдан  тыс,   1920  жылы  Колчактың  соңғы  тірегі  болған,   атылған  жері  Үркіт (Иркутск)  қаласында 2002 жылы ескерткіш  қойылған. Отырған  түрмесі  мұражайға айналдырылған…

Не  үшін? Әрине, елдің  бірлігі  үшін,  орыс  халқының  рухын  көтеру  үшін. Бұл  путиндік саясаттың  жемісі. Өйткені жағадан  алған  жаһандану  кезеңінде, орыс  жұрты  Батыстың  жемсауына  түсіп кетпеу  үшін, путиндік  саясат, күнгейі  мен  көлеңкесі  тең Колчак  секілді   өткен  заман  тұлғаларын   қыл-қыбырдан аршып  алып,  көкке  көтеруге  мәжбүр. Себебі иісі  орыстың  болашағы  үшін,  жерінің  тұтастығы  үшін күрескен тұлғаны ұлт  батыры  ретінде дәріптей  отырып, орыс  халқының рухын ояту, ауыз бірлікке  шақыру, өзгенің  айтағына  кетпеуге үндеу,  мемлекетігін  күшейту. Негізгі  мақсат –  осы. Колчак  жайында ондаған кітаптар  жазылды, кинолар  түсірілді,  ән  болып  сахна  төрінде  шырқалды,  ол азапталған  түрме  бөлмесі  мұражайға  айналдырылды, еңселі  ескеркіштер  бой  көтеріп  жатыр… Бұдан  артық  не  керек?

Осылайша, орыс  халқының   өз  тұлғаларын   дәріптеп, ұлттық  идеологияның  негізі етіп  жатқанын  көреміз. Орыс  жұрты  оянуда….  Біз  ше? Өкінішке  орай  елімен  жерінің  тұтастығы  үшін  отаршылдармен  айқасып  өткен  өз  боздақтарымызды  әлі күнге  дәріптей алмай  жатырмыз. Соның  бірі Оспан  батыр. Алматы  бәлки  Астананың  орталығынан  бір көшенің  атын  беріп,  ескерткішін  орнатуға  болар  еді ғой.   Оспан  батырдың  Колчактан  несі  кем?

dodanews.kz

Алдыңғы жазбаТрамп Қазақстанға қалай қарайды?
Келесі жазбаABAI UNIVERSITY: «ҚЫСҚЫ МЕКТЕП-2025» ҚОРТЫНДЫЛАНДЫ