Қоғамда бір көтеріліп, бір басылып бірақ нүкте қойылмай келе жатқан бір даулы дүние бар. Ол – «АЭС салу керек пе, әлде жоқ па?» деген түйткілді мәселе.
Осыған келгенде халықтың пікірі қақ жарылған. Бірі экологиялық тиімді әрі арзан атом электр станциясының қызығын көріп отырған өркениетті мемлекеттерді алға тартса, екіншісі – оның аса қауіптілігін, тілге тиек етіп, наразылық танытуда. Дегенмен, билік алдағы уақытта энергия тапшылығы болуы мүмкін дегенді ескеріп, АЭС-тің керектігін мақұл көріп отыр. Бірақ бірден кірісіп кеткенге халықтың қарсылығынан асып кете алмай жатқандай. Тіпті президент Тоқаевтың өзі «бұл мәселе тек референдум арқылы шешіледі» дегенді айтуға мәжбүр болды. Дегенмен, кейбір деректерге қарағанда болашақ АЭС тұрғызылатын (Алматы облысы, Үлкен ауылы) жер белгіленіп қойғанға ұқсайды. Бірақ атом станциясын кім салады, бұл мәселе әлі таразыға тартылып жатыр? Осы тұста өзге әлемге көз салсақ, жер бетіндегі 32 мемлекетте 440 атом реакторы жұмыс істеп тұр. 54-і салыну үстінде. 201 атом станциясы жабылыпты. Чернобыль, Фукусима секілді атом реакторларында апат болды. Зардабы шексіз, Қасіреті әлі жойылған жоқ. 15 сәуірде Германия соңғы атом электр станциясының жұмысын тоқтатты. Неге? Иә, ендігі әңгіменің ауанын осыған қарай бұрайық. Өркениетке иек артып, технологияның соңғы мүмкіндіктерін пайдаланып отырған Германия неге атом станцияларынан түбегейлі бас тартты? Сүйтсек станцияның жақсылығымен қатар,жамандығыда жетерлік екен. Жыланның аяғын санап, жұмыртқадан жүн қырқуға бейіл немістер атом станциясының энергиясы ешқандайда арзан еместігін, керісінше мемлекетті өмір бойы қаржылық шығынға батыратын құрыдым екенін есептеп шығарса керек-ті. Мәселе былай екен. Кез-келген АЭС 35- 40-50 жыл жұмыс істейді. Одан кейін кем дегенде 10-15 жыл «демалады» екен. Сосын барып оны демонтаждау, утилизациялау басталады. Мәселен, станцияны салуға ондаған миллиарда доллармен 10-15 жыл кететін болса, оны бұзудың өзіне сондай жыл керек екен. Яғни одан шығатын жарты миллион тоннаға жуық радиоактивті қалдықтарды бөлшектеп алып, қауіпсіз жерге көму ұзақ уақытты алмақ. Оның үстіне, радиоактивті қалдықтар арнайы капсулдарға салынып көмілмек. Мұның бәріне миллиардтаған еуро керек. Шығын екі еселене түспек. Бұл бір, екіншіден, ядролық қалдықтардың қауіпсіздігін сақтау мыңдаған жылдарға кетеді. Бұл мемлекетті мәңгілік шығынға батыру деген сөз. Сонда пайда қайда? Осының бәрін таразыға тартқан немістер атом станцияларынан ерікті түрде бас тарса керек- ті. Осы жерде мынаны еске ала кеткен жөн –ау. Мәселен, кеңес заманында Ақтауда салынған АЭС –тің жұмысы 1997 жылдан бері тоқтап тұр. Тура 27 жыл. Енді келіп оның қауіпсіздігін сақтап тұру үшін, жылына облыс бюджетінен 690 миллион теңге бөлінуде. Осының өзі-ақ АЭС-тің мемлекетке салар қаржылық салмағы ауыр екенін көрсетіп тұр емес пе? Онда неге АЭС керек деп даурығып жүрміз.
«АЭС салу ойыншық жасау емес. Үлкен қаржыны қажет етеді. Су көп керек. Балқаштың жағасына салмақ екен. Ертең бұл көлде Арал теңізінің кебін кимеске кім кепілдік береді. Байқоңыр ғарыш айлағының өзі бүкіл Сырдың суын сорып алып, Арал айтақырға айналды емес пе? Мұны ұмытуға болмайды. Сондай-ақ, Атом электр станциялары ХХ ғасырдың «жемісі». Біз ХХI ғасырда өмір сүріп отырмыз. Қазір артық шығынсыз күннен, желден қуат алатын заман келді. Қазақтың даласы кең. Күннен энергия алатын алып станцияларды көптеп салып тастасақ болды. Одан тыс желден қуат алуға болады. Үнемі жел соғып тұратын өңірлерде бар. Бізге осындай қоршаған ортаға зиянсыз, адам баласына қауіпсіз, арзан энергия көздерін меңгеретін уақыт келді. Онсызда даламызда 8 миллион тонна көлемінде радиоактивті һәм 225 млн. тонна төменгі активті қалдықтар төгілген. Соның зардабын халық көріп отыр» дейді экологиялық «Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртай.
Даусыз шындық. Ақиқатын айтар болсақ, қазіргідей қиын кезеңде АЭС салу үшін 15-25 млрд доллар қаржы шығару ақылды адамның тірлігі деуге келмес. Бұл қаржыны қайдан аламыз? Әрине Ұлтық қордан. Олда түпсіз, шыңырау емес. Халықтың әл-ауқаты төмендеп, қымбатшылық бел алған тұста, ел игілігіне жұмсалар қаржы талан-таражға түсіп кетпей ме? Өйткені Қазақстанда бастау алған ірі жобалардың ешқайсысы түбегейлі орындалған жоқ. Екіншіден Қазақстан өте ауқымды энергияны қажет ететін ірі индустриалды мемлекет емес. Барды үнемдей алсақ, соның өзі олжа. Біз негізі өзге жұртты көбірек үлгі тұтатын елміз. Осы орайда Германияның АЭС -ке байланысты ұстанымын неге ескермеске!