Орал қаласында 60 мектепте дабыл қондырғысы орнатылды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің айтуынша, облыс орталығында барлығы 65 мектеп болса, соның 60-ы – мемлекеттік.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 60 мектептегі SOS арнайы қондырғысы БҚО полиция департаментінің жедел басқару орталығы жүйесіне қосылды.
– Егер мектептерде тосын оқиғалар орын алса, батырманы басса болды, полиция қызметкерлері сол бойда жетіп, мәселенің мәнісіне көз жеткізеді. Бір айта кететін жайт, осыған дейін жедел басқару орталығы қызметкерлері жетіспейтін. Облыс әкімінің қолдауымен жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 25 қызметкер алынбақшы. Соның 15-і жедел басқару орталығында, 10-ы табиғат қорғау полициясында қызмет атқаратын болады. Өйткені қалада тазалық үнемі сақтала бермейді. Қоқыс кез келген жерге тасталады. Сондықтан мұның бәрін реттеу үшін көп жұмыс атқарылуы керек, – дейді департамент бастығы.
– Арман Молдиярұлы, Президентіміз жаңа Жолдауында «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», деген болатын. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
– Иә, бұл мәселе біздің ұдайы назарымызда. Өкінішке қарай, жасөспірімдер қолымен және соларға қатысты жасалатын қылмыстар саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 70 пайызға өсіп кетіп отыр. 1 қыркүйектен мектептерде жаңа оқу жылы басталды. Сондықтан барлық білім ордалары біздің бақылауымызда болады.
– Сонда қандай қылмыстар, нақтылы айта аласыз ба?
– Алдымен ұрлық, тонау деректерін айтар едім. Сондай-ақ вандализм де жоқ емес. Оған көп алысқа бармай-ақ, Жеңіс алаңына барған адамдар көз жеткізе алады.
– Кибербуллинг те бар ма?
– Ол да бар. Міне, осының бәрінің алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Қала мектептері кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын инспекторлармен қамтамасыз етілді. Ал аудандарда тәртіп сақшылары жетіспейтіндіктен, бұл міндет учаскелік полиция инспекторларына жүктелді.
– Оқу жылы басталғаннан кейін балалардың өздері білім алатын мектептерге баруы жиілейді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін мектептер тұсында бағдаршам орнатылу жайы қалай ?
– Күні бүгін қалада 26 мектеп маңында бағдаршам орнатылды. Тағы алтауында жасалатын болады. Бұл жерде көбінесе батырмалы бағдаршам болуы маңызды. Әрине, бәрі бюджет қаржысына байланысты. Осы орайда қала әкімімен апта сайын кездесіп, осы мәселені де шешу жайын ойластырудамыз.
Ғайсағали Сейтақ