Осыдан біраз жыл бұрын орыс ғалымдары Ұлы ғұн қолбасшысы Еділ батыр (Аттила) Еділ (Волга) өзенің табынына жерленген деген болжамдар айтты. Ал батыс ғалымдары Еділ батырды Дунайдың табынында жатыр деседі.
Кім білсін? Біздің дәуірімізге дейінгі кезеңде өмір сүрген, тұтас Еуропа тарихына өзгеріс жасаған ұлы қолбасшының мүрдесінің қайда қалғанын ешкім білмейді. «Ана жер, мына жер» дегенің бәрі болжам ғана. Қалай десек те, ұлы тұлғалардың өмірі мен өлімі жөнінде қашанда аңыз еріп жүрері белгілі. Мәселен қазақтың білігілі жазушысы марқұм Қалихан Ысқақ газетке берген бір сұхбатында: «Шыңғысханның жерленген жері жөнінде сан-саққа жүгіртетін әңгіме көп. Әрине оған нүкте қою мүмкін емес. Өйткені Ұлы Қағанның мүрдесін тауып, «мынау Шыңғысханның моласы» деп ешкім айта алған жоқ. Айта алмайды да. Тек «ана жерде, мына жерде» деген болжам, сәуегейлік көп. Ал менің топшылауымша Шыңғысхан Алтайда бәлкім Қара Ертістің табынында жерленуі мүмкін. Қолымнан келгенше Ұлы қаған өмірін біраз зерттеген адаммын. Алтай иісі түркілердің отаны. Біздің жыл санауымыздың 61 жылы бүкіл түркілер Отыкен өлкесіне жиналған. Яғни, Төр Алтайға. 551 жылға дейін сол жерде жатып, Тұран империясын жариялап барып жылжыған. Аты-шулы Аттила да содан аттанған. Көтенханның екі баласы Ашбөріхан мен Ботпай да содан аттанған. Шыңғысхан да сол жерден аттанған. Алтай, бүкіл түркілердің атамекені. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн. Тарихи құжаттар бойынша бір кезде бұл жер Отыкен атанған. Шыңғысхан ең алдымен түркі тайпаларының басын біріктірді. Себебі, кешегі құлап қалған Тұран империясын қайтадан қалпына келтіремін деді. Қауіптің бәрі Қытайдан болғандықтан алдымен соны шапты. Хорезмді шабуының себебі ол жақта парсылар кеулеп ішке кіріп келе жатты. Оны тоқтату керек болды. Арабтық шовинизмді тоқтату керек болды. Көрдіңіз бе, күні бұрын ол төрт жерден тосқауыл қойды. Оның арманы екі мұхиттың арасын түркілерге толтырсам деген ой-тұғын. Бірақ ол қолынан келмесе де, ұрпақтары біраз жерге жетті. Өлерде оның айтқаны бар; «мен тарихта түк бітірімегенің өзінде, түркілердің қауіпсіздігін үш жүз жылға қамтамасыз етіп кеттім» дейді. Әулиелігі сол, тура үш жүз жыл өткенде, Қытай мен Ресейдің қыспағында қалдық. Тұран империясын қайтадан қалпына келтірем деп шыққан Шыңғысхан әуелі ағайыншылық үгітке көнбегеннен кейін, қылыш суырып, біраз ру-тайпалармен қырқысуға барды. Мұндағы мақсат бір шаңырақтың астында болу еді. Наймандар Шыңғысханды жиырма жыл ұстап қалды. Бұл наймандардың үлкен қателігі. Нағыз от боп жанып тұрған кезінде Шыңғысхан сол империяны тұрғызып үлгерер ме еді… Егер де Шыңғысхан наймандардың кесірінен жиырма жыл Алтайда бөгеліп қалмағанда бүгінгі тарих қалай болар еді… Бәлкім, тарих доңғалағы басқаша дөңгелер ме еді? Жалпы мен Қағанның денесі моңғол жерінде емес, ата-бабасы өсіп-өркендеген Алтайда жатыр деп есептеймін» деген үлкен жазушы. Бәлкім Қалихан ағаның айтқанында бір шындық жатуыда мүмкін. Кім қалай айтсада, не деседе, Әлем тарихында Шыңғысханның орны бөлек. Арада 800 жылдан астам уақыт өтсе де Шыңғыс Қағаннан артық туған тұлға дүниеге келген жоқ. «Әлем тарихын өзгертуші құдірет иесі», «700 елді жаулап алушы» һәм «Жапон теңізінен Каспийге дейінгі алып аймақта ірі империя құрған баһадұр» деп өзге жұрт тамсана айтқан әңгіме қалды артында. Оған атақ-даңқ, жаулап алған жер жағынан жаһанға аты мәлім Александр Македонский де, Мысыр перғауындары да, Парсының аты шулы жаһангер патшалары да, Батыстың белгілі қолбасшылары да тең келе алмайды. Азия арыстандары хұн Мөде мен Еділ батыр (Аттила), түркі Естеміс пен Ақсақ Темір де одан төмен тұр. Уақыт өткен сайын Шыңғыс қағанның қанішер басқыншылығынан гөрі, оның көрегендігі, ерлігі, данышпан қолбасшылығы, даналығы жөнінде әлем әдебиетінде көбірек айтылып, жазылуда. Деректі һәм көркем фильмдер түсірілуде. Шыңғысхан мәңгілік тақырып, зерттеушілер үшін мәңгілік азық.
Күлтегін БЕК