Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады. Ол Президентке палатаның биылғы II тоқсандағы жұмысының қорытындылары туралы баяндады.
Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның биылғы II тоқсандағы жұмысының қорытындыларын таныстырды:
- теміржолға баса назар аудара отырып, көлік саласына, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарының бюджеттеріне және қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне аудит жүргізілген;
- жалпы сомасы 2,9 триллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 73 нысан тексерілген. Нәтижесінде 39 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғаны анықталған;
- кемшіліктерді жою үшін көлік саласын дамыту, бюджеттік-инвестициялық жобаларды іске асыру, отандық фармацевтика өнімдерін өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау тетігін қайта қарау жөнінде ұсыныстар әзірленгенін айтты;
- мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстар топтамасын таныстырды;
- биыл екінші жартыжылдықта жүргізілетін аудиторлық іс-шаралар туралы баяндады.
Тексеру жұмыстары Назарбаев Университеті және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметін, сот жүйесін, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы, өңдеу өнеркәсібіндегі және құрылыстағы жекелеген бағыттарды қамтиды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жалпы мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға ерекше мән беру керек екенін айтты.