Home Жаңалықтар Көзіңмен көзім сырласып…

Көзіңмен көзім сырласып…

60

Саусақ пен саусақ сөйлесіп,
Дене мен дене үйлесіп.
Тереңге кеттім шым батып,
Шыға алмай ғажап күй кешіп…

Көзіңмен көзім сырласып,
Түсіндік іштей «ымдасып»…
сұраса біреу айта сал:
«қыз емес маған, жыр ғашық»!

Ерніме ернің еркелеп,
Ебін бір тауып өртемек.
Əуен боп қалқу үшін де,
Адамға аздау шер керек!

Үнсіздігіммен алысып,
Мұңымды жұттың тауысып.
Төзімі түннің сөгілді,
Сезімнің есі ауысып!

Жүрек пен жүрек ұғысып,
Суынып кетпей тұр ысып…
Гүлденіп жатты апыр-ай,
Қызғалдақ-ғұмыр бүрісіп…

Тие алмай жерге табаным,
Желменен жүйткіп барамын.
Тартылып барам теңіздей,
Жарыққа сіңіп жанарым… …

Дидары жердің нұр екен,
Түсім ғой деймін…тірі екем…
Сұлулығым қағып кірпігін,
Ғаламды сүйіп тұр екен!

Динара Мәлік.

Алдыңғы жазбаҚазақстан мұғалімдерден, техника мамандарынан және экономистерден айырылып жатыр – Зерттеу – Ел жаңалықтары
Келесі жазбаЖаңа білім министрі үштілділікке қатысты ойын айтты