Home Басты жазба «Алаш арыстары»  пантеоны қажет!

«Алаш арыстары»  пантеоны қажет!

48

Алдымызда 31 мамыр  – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні келе  жатыр. Исі  қазақтың жартысынан көбін  отап кеткен  қасіретті күндерді еске алудың  өзі  ауыр. «Жүз жылдық шайқас» деген тарихи атауға дөп келетін Жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезінде қазақтың үштен екісі опат болды. Одан бергі ат үстінде атойлап өткен заман, 1916 жылғы топалаң, азамат соғысы, 1921-22 жылғы аштық, 1928-29 жылдардағы тәркілеу, үркіншілік жылдар, 1931-32 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын -сүргін – осының бәрі иісі қазақты баудай түсірді. Мәйегін отап кетті. Бірақ қанша зұлмат болса да тағдырдың қыл көпірінен аман өткен қазақ түп-тұқиянымен қырылып кетпеді. Уақыт өте келе, етек-жеңін жиды, іргелі де бостан ел атанды. Бірақ қилы кезеңдер, тар жол тайғақ кешулер қазақтың жадында ақтаңдақ болып мәңгі қалды.  Айтқым келгені  бұл  емес,  сәл  өзге. Әсіресе, 1937-38 жылдардағы Саяси  қуғын – сүргін кезінде  100   мыңның  үстінде  адам ұсталып,  соның   25  мыңы  атылып кетті. Атылғандардың  бәрі  оқығандар,  алаш  баласы  үшін  қызмет етіп  жүргендер.  Солардың  ішіндегі   Алаш  көсемдерінің  біразының сүйектері сыртта,  шет жерде  қалды.  Мәселен,   Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов,  Міржақып Дулатов,  Мұстафа  Шоқай  тб.  Меніңше,  ел ордасы Астананың  маңынан тағы  бір  мемлекет үшін,   халық  үшін   маңызы  зор пантеон ашып, оған  «Алаш арыстары»  деген ат  беріп, сырт  жерде  қалған,  алаш  азаматтарының  сүйегін  әкеліп  жерлесе  дұрыс болар еді.  Мәселен,  қазақ  шекарасын шегендеп  беруде  үлкен  рөл  атқарған,  алаштың   абадан  ұлдарының  бірі  Әлімхан  Ермековтың сүйегі  Қарағандыдағы орыс зиратына  қойылған. Содан бастаса  жөн бе еді?                    «Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде» (Міржақып)  қазақ  халқына  жол  көрсетіп,  азаттығы  үшін  күресіп,  сол жолда  шейіт  болған  арыстарымыздың сүйектерін  әкеліп,  бір  жерге  қойса,  халық барып  зиярат етіп,  құран  бағыштар еді.  Бұл  шеттен келген  қонақтарға  «Ұлтымыздың  ұлы  ұлдары» деп көрсеткенге, жас  ұрпақтың  жадына  «елсіреген  елімізді,  ел  еткен  осы  азаматтар»  деп  сіңіргенге  де  жақсы.  Жалпы,  жалпақ жұртқа  рух  беретін  қасиетті  орын  болар еді.  Ойланайық,  ағайын.

Азаматхан  Әміртай

Алдыңғы жазба“Астана LRT“ экс-басшысы Талғат Ардан Түркияда ұсталды
Келесі жазбаМемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көлік министріне сөгіс жариялады