Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көп тармақты саясат ұстанып келе жатқаны белгілі. Мұның тиімді жағы көп. Жас мемлекет болған соң, дүниенің төрт бұрышымен барлық сала бойынша тең саясат ұстанып, нығайып алғанша амалдай тұрудың ең тиімді жолы осы болмақ. Бір жағынан инвестиция тартудың да қолайлы құралы.
Айтқымыз келгені, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльдің елімізге келген арнайы сапары туралы бірер ауыз лепес. Нақты деректерге қарасақ, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда айналым 6 миллиард долларға жетіпті. Жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ Қазақстанда кәрістердің бірлескен 700 компаниясы жұмыс істейді екен. Әлбетте, Оңтүстік Корея электроника, машина жасау жағынан әлемнің алдыңғы орнынан табылатын ел. Бұл жөнінде мысал келтірудің қажеті шамалы. Мемлекет басшыларының Астанада өткен кездесуінде екі ел арасын нығайтатын құжаттарға қол қойғаны өз алдына. Сайып келгенде айтқымыз келгені, Қазақстан Оңтүстік Кореямен тек сауда-саттық жағынан ғана араласып қоймай, қорғаныс кешендерін дамыту, әскери-техникалық байланыстарын орнатқанын жөн көрер едік. Оңтүстік Кореяның Hyundai Rotem, Samsung Techwin, Hanwha Defense, Korea Aerospace Industries KF-X тб компаниялары заманауи ұшақтар, танк, ауыр артиллерия жасаудан озып тұр. Мәселен, осы ел шығарған K2 Black Panther танкісі, K9 Thunder артиллериялық қондырғысы. K21 жаяу әскер бронды көлігі, KF-21 ұшағы өте үлкен сұранысқа ие. Еуропаның бірқатар елдері осы аталмыш көлікке тапсырыс беріп жатқаны белгілі. Қазір әлемдік геосаясат «күйіп» тұрған кезде, жер-жерде қанды қақтығыстар бой көрсетіп жатқан тұста, бізгеде заманауи әскери техникалар өте қажет. Бесқаруы сайлаулы армия ел қорғаны, сілтесе сойылы, қорғанса, қалқаны болуы тиіс. Қазақстан қарулы күштерінің әскери техникалары, атыс құралдары ескірген, кешегі Кеңестік заманан қалған, қазіргі Ресейден алған қарулар екені анық. Демек бізге, тек эклектроника, машина жасау жағынан емес, озық атыс және қорғаныс құралдарын жасап жатқан Оңтүстік Кореямен әскери –техникалық байланыстар орнатқанын қалар едік.
Азаматхан Әміртай «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы