…Өлікті қайта тірілтудің қаншалық қажеті болды?
Сәбит МҰҚАНОВ:
– Есенберлиннің кітаптарын тез шығаратыны сонша, тіпті оқып та үлгере алмайсың. Өз басым қолтаңбасын жазып, сыйлаған кітаптардың бәрін оқып жүрмін. Есенберлин маған кітабын сыйлаған емес. «Хан Кенені» орыс тілінде оқып шықтым. Кітап біршама жаман жазылмаған.
Кенесары – бүкілодақтық масштабта әшкереленген адам. Ол туралы қаулы осы уақытқа дейін бар күшін әлі жойған жоқ. Осыдан кейін мұндай кітаптың қалай жарық көргеніне қайран қаламын. Тарихта екі Кенесары болған жоқ, біреу-ақ болған. Ендеше, Қазақстан КОК бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берді? Кенесарының іс-әрекетіне көзқарас, қатынас біреу-ақ болуы керек. Оның іс-әрекеті Россияға жат, қарсы жүргізілді. Ал, біздің Орталық Комитеттің қолдауымен осындай адам туралы кітап шығып отыр. Жұрт жабылып осы кітапты оқып жатыр. Біраз адамдар, студенттер ұлтшылдық ұрандар көтеріп жүр. Біз хандарды мақтауға неге жол беріп отырмыз? Әрине, ескіні жазуға мен қарсы емеспін, бірақ хандық құрылысты мадақтаудың қаншалық қажеті бар еді? Халықтардың арасын ашып, араздастырған, тарих әшкерелеген осы бір өлікті қайта тірілтудің қаншалық қажеті болды? Бұл кітап жастарға керісінше әсер етіп, ұлтшылдық сезімін өршіте түседі. Жазушының жалпы тарихқа көзқарасы түзу емес. Ал, бұл жақсылыққа әкелмейді, зиянын тигізеді. Сіз – инженерсіз. Тарихтан гөрі өзіңіз жақсы білетін өндірісті жазбайсыз ба? Ханның сізге керегі не?
Дерек көз. zhasorken.kz