Home Жаңалықтар ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

39

Президент Қасым – Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесіп, олардың айтқан ұсыныстарымен ой бөлісуді соңғы кезде әдетке айналдырғаны белгілі. Сондай кездесудің кезегі бізгеде жетіпті. Кеше Елорда да Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде президентпен жүздестім.

Мұндағы мақсат, халықтың билікке деген арыз-тілегін жеткізу еді. «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы болғандықтан алдымен еліміздің экологиялық жағдайын сөз еттім. Өйткені мемлекеттің болашағын, халықтың денсаулығын ойлайтын болсақ, алдымен экология мәселесін жөндеп алғанымыз жөн. Қазақстан территориясында отыз миллиард тонна көлемінде түрлі өндірістік қалдықтар, жүз елу миллион тонналық тұрмыстық қалдықтар бар. Оларды не істеу керек? Қалай қайта өңдеуге болады? Өңдей отырып, халықтың күнделікті тұрмысына тұтынатындай кәдеге қалай жарату керек? Ластанған өзен-көлдер, қырылған балық, атылған аң-құс, оталған орман – тоғалайлар, ешқандай экологиялық талаптарға сай келмей, ауаны ластап жатқан зауыт-фабрика, кәсіпорындар бар. Осылардың бәрін реттеу үшін қандай іс-шаралар жасау керектігі тілге тиек етілді. Әсіресе өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу не болмаса жою мәселесі әңгіменің негізгі өзегі болды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің бүгінгі хал-жағдайы жайлы айттым. Әкімдердің жұмысын, рейтнгсін өздері басқарып отырған аудан-облыстардағы шағын және орта бизнестің дамуына байланысты анықтау керектігін ескерттім. Мұны президент қолдады. Жұршылықтың назарын аударып отырған тағы бір жайт, ол – «Самұрық Қазына» Ұлттық әл- ауқат қорын трансформациялау мәселесі. Аталмыш әл-ауқат қорында осыдан біраз жыл бұрын трансформациялау басталған еді, өкінішке орай бүгінгі күні тоқтап тұр. Қазіргі басшылық «Самұрық-Қазынаның» тиімділігіне көбірек мән беріп, оны трансформациялау мәселесі назардан тыс қалды. Осыған байланысты өзімнің жеке ойымды айттым. Кездесу барысында өзгеде мәселелер жөнінде тұщымды әңгіме болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі болып жатқан жағдайлардың бәрімен таныс екендігін, қолдан келгенше түйткілді мәселелерді шешуге күш салып жатқанын, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін әлі де көптеген тірлік жасау керектігін айтып өтті. Әсіресе жұрт арасында экологиялық мәдениет, экологиялық сананы қалыптастыру керек екендігін баса айтты, экологиялық қозғалыстың жұмысына сәттілік тіледі.

Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Алдыңғы жазба• Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерін қабылдады
Келесі жазбаТығылып некесін қиған Тәуекел Мүсілімнің жары кім екені белгілі болды