Home Жаңалықтар Гитлердің соңғы мекені Антарктида ма?

Гитлердің соңғы мекені Антарктида ма?

69

Дүниеде  әр  ғасырдың  белгілі  тұлғалары  жөнінде ертегіге  бергісіз  аңыз  әңгімелер  көп. Соның  бірі – ХХ  ғасырдағы   Екінші  дүниежүзілік  соғыстың  шығуына себепкер,  миллиондаған   адамның  басын  жұтқан   Адольф  Гитлер. Гитлердің  қолын қанға малған қанішерлігі ғана  емес, өзге де  қыры  жөнінде сан  қиылы  алып-қашпа  әңгіме  көп.  Біздің  айтпағымыз, тіпті басқа…Мәселе,   «өлді»  деген  Гитлердің  бертінге  дейін  дүниені  жалпағынан   басып  тірі  жүруі  жөнінде. Сонымен…

1945 жылдың 30 сәуірінде Адольф  Гитлер  мен  оның  нақсүйері  Ева Браун  расында өз-өзін  атып,   әлде  у ішіп өлді  ме,  бұл жағы мүлде белгісіз. Кеңес  заманындағы  деректер «өлді»  дейді.  Мамандар  «өртелген  дене  мен  оқ  тиген  бас  сүйегі зерттеуден  өтті, бұл  Гитлер  мен Еваның  нақты өлгенін дәлелдейді»  деген айғақты  зерттеулерді  алға  тартады.  Бірақ соңғы  ашылған деректер  Гитлердің   Берлин  құрсауынан  аман-есен  сытылып  шығып,  өзге  жерде  – Латын Америкасының  Аргентина,  Перу,  Чили  секілді  елдердің бірінде 1971  жылға  (кей  деректер  1982  жыл)   дейін жасырын өмір  сүріп,   өз ажалынан  өлгенін айғақтайды. Ал кейбір  деректер Гитлердің  Латын Америкасына  қашпағаны,  керісінше   ешкімнің шырақ алып  соңына  түсе  алмайтын   мекенге  қоныс аударғаны жөнінде айтады.  Бұдан  шығатын  қорытынды, Қызыл  империя   «Гитлердің  түбіне  жеттік»  дегені  аңыз  болып шықты деуге  болатындай. Енді Гитлер Берлиндегі  қандықасаптан  қалай  құтылып  кетті, қай  жаққа  жасырынды  дегенге  келейік…

«Шлюз»  операциясы

1944  жылы   тамыз  айында  гестапо  мен  СС   басшылары Старсбургтегі  «Мезонруж»  қонақ  үйіне  құпия   жиын  өткізді. Ондағы  мәселе, Германияның  соғыста   тізе  бүгетіні  белгілі  болғандықтан,  қалай да басшылықты   өзгелер  тұтқынға  алмас  үшін, оларды  Еуропадан  алып  кетіп,  жалған  құжаттар  жасау арқылы   шет  жақтарда  өмір  сүруіне  жағдай  туғызу  мәселесі  қаралды. Құпия  жиында  басшылықты  соғыстан  алыс,  мамыражай  тірлік  кешіп  жатқан Оңтүстік   Америкаға жіберу  мәселесі  шешілді. Бұл  операция «Шлюз»  деп аталды. Бұған  Германияның  әлемнің  түпкір-түкпіріндегі    құпия  агенттері  атсалысты. Осы  операцияның  арқасында Үшінші  Рейхтің   көптеген  басшылары  кеңес  әскерінің  не  болмаса одақтастардың,  яғни  коалициялық  әскердің  қақпанына  түспей  құтылып  кетті. Құрсаудан  сытылған ұлтшыл  фашистер   әлемнің  әр  қиырында  жүріп-ақ  1951  жылы «Қара  интернационал»  одағын  құрды. Дегенмен  бұл  одақтың    жай-күйі  АҚШ-тың  Орталық  барлау  басқармасына (ОББ)  белгілі  еді.  Өйткені  ОББ  1939  жылы немістердің СС  тобына  өз  адамдарын,  яғни  шпиондарын  енгізіп  қойған  болатын. Солар  арқылы  соғыс кезінде Фюрерден  «қандай  жоспары  бар,  не  істемек?»  деген  сияқты  мәліметтері алып  отырған. Шпиондар неміс  басшылары Мюллер,  Гимлер  тағы да   басқалары  шет  елге  қашу  үшін жалған  құжат  жасатып  жатқанынан  дер  кезінде  хабарлап  жатты. Мәселен  рейхсмаршал Гимлер жалған  құжатта   сержант Генрих Гитцингер  деп көрсетілген. Басқалары да   сол  сияқты бөгде есімдер иемденген. Осының  арқасында  Фашистік  Германияның  көптеген  жоғарғы  шенді  әскери  басшылары   шет  елге   өтіп кетуге   мүмкіндік  алды. Сондай-ақ  Кеңес  елінің    барлау  қызметі  де  өз  шпиондары  арқылы Үшінші  Рейхтің  кейбір   әрекеттерінен хабардар  болып  отырды. Соның  бірі   – Мартин Борман  жүргізген «Рейнгольд» (Рейн  алтыны) операция.  Борман  басқарған  бұл  операцияның   негізгі  мақсаты – СС  пен  ұлтшыл  партияның  Еуропадағы  құнды  заттарын  яғни  алтын,  брилант  тағы да  басқа құны    жоғары  тұратын   заттарды    жаудың  қолына  тастамай  шетке  алып  кету  еді. Бұл операцияны  Гитлердің  өзі  тікелей  бақылауға  алған. Осының  арқасында    құны  жүздеген миллон  тұратын  заттар  құпия  түрде  шетке  тасылды. Бұл капитал  әлі  күнге  «Қара  интернационал»  одағына  жұмыс  істеуде. Әрине  тығылған  мүлікті  іздеп  табуға АҚШ  пен КСРО-ның  барлау  агенттіктері қанша  тырысса да, нақты  нәтижеге  қол  жеткізе алмаған.  Дегенмен «Рейнгольд»  операциясының  кейбір  деректері  кейінен   белгілі  болды. Ол  деректер  құнды  дүниелер  сүңгуір  қайықтарға  тиеліп,  құпия  түрде  Аргентина, Бразиля  және  Антарктидаға  жеткізіліп,  сол  жерлерде  жасырылған.  Ал  олардың  қызығын   қырғыннан   аман-есен  құтылып  кеткен  Мартин  Борман,  Отто Скорцени  секілділер   көрген. Тіпті   фашистік  Германияның    бірегей  тұлғасы  болып  саналатын  бұл  екеуі   Аргентина  мен  Бразилияда   1973  жылға  дейін  дүниенің  жалпағынан  басып,  ғұмырларының   соңына  дейін беймарал  тірлік  кешкен. Әрине бұлардың  осы  жерде  жүргендігі АҚШ  пен КСРО-ға  белгілі еді. Бірақ  оларға  тиіспеді, тұтқындамады.  Себебі  осылар арқылы  жүздеген  миллион  тұратын   капиталдың  қайда  жасырылғанын  білуге  тырысты. Тіпті  негізгі  мәселе  ол  да емес  еді. Басты  мақсат,  осылар  арқылы Адольф  Гителердің қайда  тығылғанын  табу  болатын. Демек  Гитерлердің   де  аман-есен  жер  шарының   бір  қиырында  жүргенін   екі  алып  ел  білген  сияқты…

Оқ  тескен  бас  сүйек  немесе  құпиясы  мол Антарктида

1945 жылы 1 мамыр  күні Берлинді  бір  шетінен   қоршап  тұрған 52-ші  гвардиялық   атқыштар   дивизиясын  немістердің  танк  колоннасы    бұзып  өтіп, өте асығыс  түрде солтүстік-батысқа бет алған.  Танктердің  қоршауында  «майбах»  және «хорьх»  секілді  бірнеше  қуатты  жүк  машиналары  болған.  2  мамыр  күні  неміс  танктері  толығымен  талқандалды. Алайда жүк  машиналарының   қайда  кеткені  әлі  күнге  белгісіз… Кейбір  деректер  немістердің  аз  ғана  тобының қоршаудан  шығып  кетуіне  кейбір  кеңес  және  поляк  әскери  басшыларының  келісімі  болған  деген де  болжам  бар… Бар  мәселе  осы  із-түссіз  кеткен  жүк  машиналарына  тіреліп  тұр. Олар  қайда  кетті  және  ішінде  кім  болды? Бұл  әлі  күнге жұмбағы  шешілмеген  тек  болжамдар  айтуға  тұрарлық оқиға. Сонымен…5  мамыр  күні  Рейхканцеляр  маңындағы  шұқырдан  тауып  алынған,  өртенген  екі  денені   кеңес  сарапшы-дәрігерлері Гитлер  мен Ева  Браунның   қаңқасы  деп  тапты және бүкіл  әлемге  солай  тарады. Бірақ  КСРО-ның  жез  мұртты  көсемі  Сталин бұл  дәлелге  нақты  сене  қоймаған. Бәлкім  жүрегі  Гитлердің бұларды  алдап-соққанын  сезді  ме екен? Гитлер  мен  Еваның   мүрдесі толық  тексеруден  өткізілген  соң,  Лейпцик  маңындағы  бір  жерге  құпия түрде   жерленді. Бірақ  1972  жылы Андроповтың бұйрығымен  кері  қазылып  алынып,  өртеліп,   лақтырылып  тасталды.  Неге? Жауап  жоқ? Әлде    сол  кездегі  КГБ  бастығы  «бірдеңені»  сезді  ме  екен?  Бәлкім  сол  кездің  өзінде  ғылым  генге  сараптама  жасауға  мүмкіндігі  бар еді. Егер де  қаңқа қайта  тексеріле  қалса,  Гитлердің    сүйегі  болмай  шығып, «Гитлерді  құртқан  біз»  деп  келген КСРО-ны  адамзат  алында  ұятқа  қалдырмас  үшін  сондай  қадамға  барды  ма? Сұрақ  көп.  Жауап  жоқ. Бұл  бөлек  әңгіме. Қырқыншы  жылдардың  соңында  АҚШ  барлау    қызметі Сталинге  Гитлердің  әлі  тірі екенін, ол Антарктидадағы  Мод  Корольдігі  ауданында  немістер  тұрғызған    құпия  базада  тұрып  жатқаны жөнінде    құпия  ақпарат  берген…

Бір  ерекшелігі, 1938 жылдан  бастап  неміс  әскери  теңіз  флотының кемелері  Антарктидағы  жиі  экспедиция  жасаған. Соның  арқасында мәңгілік  мұз басып  жатқан  аймақта жерастын жолын  тапқан. Ол жердің  кереметтігі  сол,  оны  немістер  «жұмақ»  деп   атапты. Жылы  ауа ағысы  бар,  алып  үңгірлердің  асты  адам  өмір сүруіне  қолайлы  болғандығы  сонша, Гитлер  онда құпия  базалар  тұрғызуға  бұйрық  берген. 1942  жылдан  бастап  сол  базаларға  сол  жердің  болашақ  тұрғындары  болатын  ғалымдар, әр  саланың  мықты  мамандары,  ұлтшыл  партияның   жетекшілері  мен мемлекет  басшылары жеткізіле  бастады. Базада  мыңдаған  соғыс  тұтқындары  жұмыс  істеді. Әрине  базаны соңғы  үлгідегі  қарумен  жабдықталған  сүңгур  қайықтар,  ұшақтар  күзетті. Жұмыс  өте  құпия  түрде    жүргізілді. Ол  жерде  ядролық  заряд алып  ұшуға  мүмкіндігі  бар «Фау-5»  сияқты (АҚШ  пен  КСРО  ядролық  заряд алып  ұшатын баллистикалық  зымырандарды  соның  үлігісінде  жасағаны  анық)  зымырандар, тарелкі  пішіндес  ғажайып  ұшақтар   жасау  қолға алынды. Әрине   мұның  бәрі АҚШ-қа  белгілі еді.  Алғашында   олар   бір  қуыстағы  базаға соқтыққысы  келмеген,  бірақ  ол  жерде  керемет қарулардың жасалып  жатқанын,  ол  қару  бірде  болмаса бірде  ұлтшылдардың  қолына  түсіп,  адамзатқа  қауіп  төндіретінін  ойлап,  базаны  жойып  жіберуге    екі  мәрте ұмтылыс  жасады.

1947 жылы  АҚШ  ондаған  кеме, ұшақ,  тік  ұшақпен қаруланған   үлкен  бір  топты  Антарктидаға  аттандырды. Бірақ Швабеленд  базасы  берілмеді. Көк  мұз  үстіндегі  қақтығыста  америкалықтар шығынға  ұшырады, біраз кемесі  суға  кетті,  ұшақтары қирады.  Ақыры  шегінуге душар  болды. Заманауи  қарумен  жарақтанған  немістер дес  бермеді. Ал 1949 жылы  АҚШ  екінші  мәрте Антарктидаға  басып кіруге  ұмтылды.   Бұл  жолы  немістер   радио  арқылы  ядролық  қару  қолданатынын ескертті. Америкалықтар  амалсыз   кері  қайтты.  Антарктида  да  болған  соғыс  өте  құпия  сақталды және  бүгінге  дейін    жұрттан  жасырылып  келді…

АҚШ  та,  КСРО  да  Гитлердің  осы  жерде   тығылғанынан  хабардар еді. Бірақ  оны  сырт  көзден  құпия  ұстады…Жалғыз  АҚШ  емес, Антарктидаға  КСРОда «мұзды аймақты зерттеу»  үшін  деп  жиі  экспедициялар  жіберіп  тұрды. Олардың  қызметі немістердің  базасы  бар Мод  Корольдігі  жерін  алыстан  бақылау болатын.  Бірақ  жақын  барып   көрген ешкім  жоқ.  Болса да  ол әлі  құпия  түрінде  қалуда. Осы  базада неміс  ғалымдары  көптеген  қарудың   түрін  ойлап  тапты. Соғыстың  соңына  қарай  олар лазерді, сағатына  20  мың  шақырымдық жылдамдықпен  ұшатын,  жанар-жағармайы  55  сағатқа  жететін,  ғажайып   «ұшатын  тарелканы»  жасады. Бірақ  соғыс  бітіп, оларды пайдалануға  мүмкіндіктер  болмай  қалды. Соңғы  бір  деректер  Гитлер  Антарктида  да  1971  жылы  (кейбір  деректер  бойынша 1982  жыл)  қайтыс  болған. Дегенмен  мұзды аймаққа жасырынған  Гитлер бір рет  қана «Үлкен  жерге»  аяқ  басқан.  1953  жылы  Каирде  Гитлер   Мартин Борманмен кездескен. Құпия  деректер осылай  дейді…

Ал 1945  жылы  2  мамыр  күні  неміс  танктерінің  қалқалауымен  кеңес  әскерінің  қоршауынан  сытылып  шыққан   жүк  машиналарында  Гитлер  болып  еді. Ол Балтық  теңізінің  жағасында  орналасқан Гамбург  қаласына  жетіп,  сол  жерде   күтіп  тұрған  сүңгуір  қайықтарға   отырып, Антарктидаға аттанған деген  дерек  бар. Бұл  оқиға аңыз ба, әлде ақиқат па, әзірше оны ешкім нақты айта алмайды. Бірақ әлі талай жорамалдар жасалып, деректер анықтала жатар.

 

Алдыңғы жазбаЕлді дамытудың жол картасы…
Келесі жазбаАрғы атам¬ – ер түрік…