Мұхтар Жәкішев «Parasat» деген клуб құрыпты.
Істегелі отырған жұмысы масқара енді. Өзі былай дейді:
– Бізді кезінде күйіп бара жатқан жерлерге жіберді.
Мені «ҚазАтомПромға», Әблязовты «КИГОК»-қа, Нұрланды «Продкорпарацияға» дегендей.
Біз барғанда ол жерлер жабылайын деп, құриын деп тұрған. Жанталасып бағдарлама жасадық, дағдарыстан шығардық.
Жолымыз болды, әйтеуір. Ал жолымыз болмағанда не болар еді?
Барған жерлерімізді жауып тастасақ қалай болар еді?
Яғни, жаның мұрныңның ұшына келгенде әрекет ету деген жақсы дүние емес.
Біз қазір алдын ала үлкен бағдарлама дайындауды ойлап отырмыз. Ең қызығы, оның бәрін сол шаруаны істеп жатқан адамдармен бірлесіп жасаймыз. Нақты ақпаратты қорыта отырып жүзеге асырамыз. Өйткені қағазда жазылған, өзің сұратқан анықтамада айтылған ақпаратқа сенсең, онда сол жерге біреудің жазып қойған ақпараты аясында жұмыс істеп отырсың деген сөз. Біз әр шаруаның басына барып, мәселені түсінуіміз керек.
Шаруаның басына барсаңыз, ешқандай қағазда жоқ ақпараттарды ала аласыз.
Біз не сатып отырмыз?
Біз пайдалы қазбаларды сатып отырмыз.
Экспорттық позициямызға қарасаңыз, бәрі жердің астынан шығатын дүниелер. Қолдан жасап ештеңе сатпаймыз. Телефон, компьютер, тікұшақ сатып отырған жоқпыз, солай ғой? Жерді қазамыз да, астынан шыққан затты сатып, оның ақысына басқа елдердің валютасын аламыз. Сосын сол волютаға сырттан басқа заттарды ала аламыз.
Енді халқымыздың тұтынушылық кәрзеңкесіне қараңыз. Біздің адамдар тапқан ақшасына не сатып алады? Негізінен азық-түлік алады. (басқаға ақшасы жоқ. Телефон алса не қарызға алады, не несиеге алады).
Енді қарауымыз керек, халықтың алып жатқан азық-түлігінің неше пайызы сырттан келеді?
Егер 30-40%-ын шет елден әкелетін болсақ, біз тапқан валютамызды тамаққа айырбастап жатқан болып шығамыз. Яғни, жерді қазып, қазба байлықты тамаққа айырбастап күн көріп отырмыз деген сөз.
Ең алдымен осы дүниені өзгертуіміз керек. Азық-түлік түгелімен өзіміздікі болсын. Валюта, яғни мемлекет ретінде тапқан ақшамыз тамаққа жұмсалмауы керек. Тамақты өзіміздің теңгеге алуымыз керек. Басқаша айтқанда тамаққа жұмсалған ақша іште қалуы керек. Ол үшін не істемек керек?
Азық-түліктің бір түрін мысалға алайық, соның 30%-ы сырттан келеді дейік. Біз 70%-ын шығаратын отандастарымызға хабарласуымыз керек. Сендер ана 30%-ды шығара аласыңдар ма дейік. Ол үшін не істеу керек деп сұрайық. Олар онсыз да сол шаруаны істеп жүргендіктен, не істеу керек екенін бізге айтып береді.
Осы мәселені шешсек, енді бұл өнімді шет елге неге шығармаймыз деп сұрақ қоямыз.
Не кедергі? Тасымал ма – мемлекет көмектессін.
Алысқа апара алмаймыз ба, жақын шет елдерге апарайық. Шығынын жабатындай қашықтықты анықтайық. Мүмкін кейбір өнім түрі өте алысқа да апаруға болатын шығар. Осылайша, өнімдердің экспорттық потенциалын анықтаймыз.
Мүмкін қаптама жасау қиын шығар бізде? Қаптама жасайтын зауыт ашайық. Қазба байлықты сатып тапқан ақшамызға шет елден зауыт сатып әкелейік. Ол зауытқа адамдар жұмысқа тұрсын. Ол зауыт біздің басқа өнімдерімізді сатуға септігін тигізсін.
Кез келген саланы осылай шетінен реттей бастасаңыз, ол келесі бір салаларға жалғасып кетеді. Ауылшаруашылық техникасын шығару керек болатын шығар. Ол үшін метал өңдеу ісін реттеу керек болуы мүмкін. Солай-солай кете береді.
Қаладағы ескі үйлерді айтайық. Қаланың үйлерін уақыты келгенде жөндемесе болмайды. Алдымен, ол үйлердің тізімі керек. Сосын не істеуге болатынын қарау керек. Онсыз да сомен айналысып жүрген адамдармен бірігіп істеу керек, әрине.
Бізде ішкі нарық жоқ деп көп айтады. Мәселен, осы ескі үйлерді жөндеуге келгенде үлкен нарық бар деп ойлаймын.
Мысалы, ескі үйлердің құбырын ауыстыру керек дейік. Өте көп пластик труба керек болады. Ол трубаны сырттан сатып әкелмейік, өзіміз өндірейік. Тағы да сол, онсыз да соны өндіріп жатқан адамдарды тауып аламыз да, сұраймыз. Көбірек шығару үшін не керек? Мүмкін гранула жоқ шығар. Неге жоқ деп, мұнаймен айналысып жүргендерге барамыз. Шығарсын. Мына жақта сұраныс бар ғой.
Ескі үйдің құбырын жөндеп болған соң, электр жүйесін реттейміз. Қаланың ішін жаңартып болған соң, тоқ өндіретін станцияға барамыз. Екібастұздағыдай жағдай болмау үшін, ол станциялардың қай жерін жөндеу керек, соны қараймыз. Халық өсіп келе жатса, жаңартатын нәрселер бар шығар? Халық өскен соң істемей, өспей тұрып істейік те?
Бұл жұмыстар республика бойынша жүреді. Шаруа барысында әр өңірден, әр саладан өзінің мықтылары шығады. Жол тапқыш, харизмасы мықты тұлғалар бой көрсетеді. Өйкені ол жерде ешкім ешкімді тағайындамайды, кімнің қолынан іс келеді, сол көрінеді. Міне, осы адамдар мемлекеттің жұмысына тартуға болатын адамдар деп айта аламыз. Біздің билік жұмыс істейтін адам жоқ деп жылайды. Басқа адам болмаған соң, аздаған топты айналдырып қоя береміз деп…
Біздің клубқа неғұрлым көп кәсіпкер кіріп, жұмыс жүрген сайын, бағдарламамыз өрмекшінің торы құсап жайылып, өзара байланысып, бара-бара бәрін қамтып кетеді. Ішкі нарықтың көлемін анықтаймыз, пайда болуы мүмкін нарықтарды табамыз (мысалы, ескі үйді жөндеуге бюджетте қалған ақшаны бере салмай, оған қанша ақша керек екенін анықтауға болады дегендей).
Бұлай шаруа істей бастағанда жұмыс орындары да ашылады, әрі бюджетке салық түсе бастайды. Шикізат сатып қана отыратын экономика үлгісінен алыстай бастаймыз. Импорттың орнын алмастыру, экспортқа тауар шығаруға ұмтылу, валютаны сақтау – міне әңгіме осы туралы.
Осы жайында ауыл шаруашылығында жүрген адамдармен сөйлессек, олар сенбейді. Қаншама бағдарлама болды, ешқайсы жүрген жоқ, алдымен осыған дейін бөлінген ақшалардың қайда кеткенін анықтауымыз керек дейді.
Бұрынғы бөлінген ақшалардың соңына түсу деген қайықтың тесігін бітеу сияқты жұмыс. Оны саған бітетпейді де. Үстінде отырған адамдар біреуін бітесең, басқа бір жерін тесіп тастайды. Өйткені ол жерде үлкен ақша жүріп жатыр, ана адам жұмыс істеу үшін емес, сол ақша үшін барған дегендей.
Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Айти саласындағы жігіттерге бір компьютерлік бағдарлама жасау керек дедім. Ол не бағдарлама дейсіз ғой?
Мысалы, мал шаруашылығымен айналысып жүрген адамды алайық. Ол мемлекеттен ақша алу үшін жаңағы бағдарламаға кірсін де, толтыратын жерлерін толтырсын. Сосын бұл фермеріміздің мүмкіндіктерін адам емес, сол бағдарламаның өзі тексерсін. Салығын тексерсін, спутниктен қарап, фермердің көрсеткен жерін тексерсін. Қазір жасанды интеллект оның бәрін істей алады. Алгоритмін салып қойсаңыз болды (Бірақ оны серверге байламай, блокчейннің негізінде жасау керек. Сонда оны ешкім бұза алмайды).
Міне, осылайша, жасанды интеллект бірнеше фермердің өтінімін қабылдап, зерттеп шыққан соң, мына жақтағы банктің ұсыныстарымен сәйкестендіріп, ақшаны кімге беру керегін өзі шешсін. Айти мамандарына осыны істей аласыңдар ма десем, істей аламыз дейді.
Біз осыны істесек, жемқорлық жайлаған елде ақшаны жемқорлықсыз бөлетін жүйе жасап шығамыз деген сөз.
Енді қызықты қараңыз. Біз бұның бәрін істеп болсақ, осыны енгізу үшін парламент заң қабылдауы керек болады. Мысалы, сіз депутатсыз дейік. Біз мына бағдарламаны апарамыз да, сіз жемқорлықты қолдайсыз ба, жоқ па деп сұраймыз. Егер жемқорлыққа қарсы болсаңыз, мына бағдарламаны қолдауыңыз керек. Ал егер қолдамасаңыз, неге қолдамайтыныңызды айтыңыз. Айта алмасаңыз, бұл жерге жұмыс істеуге емес, қалтаңызды қалыңдату үшін келдіңіз деген сөз. Сайлаушыларға барамыз да солай деп жайып саламыз.
Біз осыны істеген соң, мемлекеттік қызметке жемқорлар баруын қояды. Өйткені ол жерде пайда таба алмайсың. Ақшаны жасанды интеллект бөледі. Бұзайын десең, блокчейнде тұр, бұза алмайсың. Одан кейін мемлкетке пайдамды тигізем деген адамдар ғана мемлекеттік қызметке баратын болады.
Енді, әрине, бұл бағдарламаны жасау үшін іс бітірген мықты кәсіпкерлер керек. Олардың белсенділігі керек.
Қазірдің өзінде отыз адам клубқа мүше болды, жүзден астам адам өтініш беріп, мүшелікке кандидат болып тұр.
Арман Әлменбеттен.