Home Жаңалықтар Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай жаңа спектакль қойылады

Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай жаңа спектакль қойылады

53

2019 жылдың 5-6 қыркүйегінде сағат 19:00-де Алматы қаласында, М.Әуезов атындағы  Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Фариза» спектаклінің премьерасы қойылады, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Қазақ халқының көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың 80 жасқа толуына орай «A+A Idea Fabric» продюсерлік орталығы «Фариза» спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынады. Идея авторы және спетакльдің бас продюсері, мұнан өзге де көптеген тың жобаларды (XXVIII Халықаралық қысқы Универсиаданың (Алматы – 2017) ашылу және жабылу салтанатын, «Наурыз» халық мерекесіне арналған «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел!» мюзиклін (2018), Жыл сайын өтетін «Star of Asia» (2017-2019) халықаралық музыка фестивалі т.б) дүниеге әкелген компания жетекшісі Айнұр Көпбасарова. «А+А Idea Fabric» шығармашылық тобының спектакль қоюдағы мақсаты – елімізге танымал тұлғаларды терең таныту, қоғамды әдеби-мәдени тұрғыда байыту, жастардың интелектуалдық белсенділігін дамыту, театр сахнасына көрерменнің қызығушылығын арттыру. Шыншыл да сыршыл өлеңдерімен жұрттың жүрегіне жол тапқан, адалдығы мен ақындығы тең түсетін, қайсар да қайталанбас талант иесі – Фариза Оңғарсынованың өмірі мен өлеңі туралы пьесаны «A+A Idea Fabric» продюсерлік орталығының тапсырысымен драматург Роза Мұқанова жазып шықты.

Креативті  шығармашылық топтың дайындаған спектаклінің ерекшелігі: – көрерменді сахнаға тарту әдістері; заманауи технологиялық құрылғылар көмегімен дайындалған видеоконтент; дыбыс арқылы әсерлеу; образға сай декорация;  сахна көңіл-күйіне сәйкес арнайы жазылған музыка, саундтрек; әртістердің киім үлгісінің талғаммен тігілуі. Пьеса қазақ тілінде қойылады, орыс тіліне ілеспе аударма жасалады. Бас продюсер және идея авторы – Айнұр Көпбасарова. Пьесаның авторы – Роза Мұқанова. Композиторы – Ренат Гайсин. Режиссері – Фархат Молдағали. Басты рөлдерде: «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина, театр және кино актерлері Қуандық Қыстықбаев, Лейла Бекназар-Ханинга және Ерлан Кәрібаев. Спектакль бойынша жұмыс істегендер: Шара Айдарова, Шынар Омарова, Қуаныш Орынбасаров, Айжан Құрманғалиева, Владимир Кошевой, Сандуғаш Әбдиева, Мәдина Баймағамбаева, Ақсұңқар Жарылқасова, Рауан Қайруллаева, Жұлдыз Қайыпова.

A+A Idea Fabric продюсерлік орталығы – «Kazakhstan қонақжай үй» XXII қысқы Олимпиада ойындарының» (Сочи -2014) салтанатты ашылуы мен безендірілуін, Париждегі Алматы қаласының мәдениеті күндерін (2016), 28-ші Халықаралық қысқы Универсиаданың (Алматы – 2017) ашылу және жабылу салтанатын, «Наурыз» халық мерекесіне арналған «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел!» мюзиклін (2018), Жыл сайын өтетін «Star of Asia»  (2017-2019) Халықаралық Музыка Фестивалін және тағы басқа көптеген шараларды ұйымдастырып,  өткізген. Билеттерді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының кассаларынан сатып алуға болады.

Kaz.tengrinews.kz

https://vk.com/video-65061527_456239651

Алдыңғы жазба2024 жылға қарай мемқызметкерлер саны 25 пайызға қысқарады
Келесі жазбаПавлодар облысында 6000-нан астам мәдениет саласы қызметкерінің жалақысы өседі