Home Жаңалықтар ЕО Brexit жөнінде қайтадан келіссөз өткізуден бас тартты

ЕО Brexit жөнінде қайтадан келіссөз өткізуден бас тартты

44

Еуропа Одағы (ЕО) Лондонмен одақ құрамынан шығу туралы қайтадан келіссөз өткізбейді. Бұл туралы Брюссельде өткен ЕО саммитінің қорытынды мәлімдемесінде айтылады. Саммитке Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй де қатысты.

ЕО саммитте 25 қарашада қабылдаған, Brexit келісімін мақұлдаған қаулысын күшінде қалдырды. Дегенмен, Брюссель Ұлыбритания 2019 жылы 29 наурызда ЕО-дан шыққаннан кейін Лондонмен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуға дайын екенін білдірді. ЕО сонымен қатар Ирландиямен арадағы шекара мәселесін ары қарай талқылаудан тартынбайтынын да мәлімдеді. Ирландиямен шекара мәселесі британдық саясаткерлер арасында көп дау тудырған.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй ЕО елдері басшыларына келісім Ұлыбритания парламентінде мақұлданатын кезде туындайтын қиындықтар жайлы айтып берді. Мэй Еуропа Одағынан келісімді мақұлдауды жеңілдететін қосымша кепілдіктер беруді сұрады. Алайда, Еуропа Одағы ол өтінішті орындаудан бас тартты.

Ұлыбритания парламенті Еуропа Одағынан шығуы туралы келісімге 11 желтоқсанда дауыс береді деп жоспарланған еді. Алайда, Мэй парламент оны мақұлдамай қоюы мүмкін деп қауіптеніп, кейінге шегерген. Парламент өкілдерінің көбі келісімді қолдаудан бас тартады. Кейбір депутаттарға келісім шарттары ұнамайды, кейбірі елдің Еуропа Одағынан шығуына қарсылық танытып, Brexit жөнінде жаңа референдум өткізуді ұсынады. Кейін консервативтік партия Мэйге сенім білдірмеу мәселесін дауысқа салғанымен, ол премьерлік қызметін сақтап қалды.

Ұлыбритания парламенті Brexit келісіміне 21 қаңтарда дауыс беруі тиіс.

 

Дереккөз.  Азаттық  радиосы

Алдыңғы жазбаТүркияда «Гүленге қатысы бар» 200-ден астам сарбаз қамалады
Келесі жазбаАлматыда Балуан Шолақ туралы фильмді көрсетті